Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, вакциналар арнайы дайындалған екпе салу орталықтарына таратылады. Бірінші кезекте вакцинаны инфекциялық стационарлар мен реанимациялық бөлімшелердің, жедел жәрдем стансасының медицина қызметкерлеріне салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментіне қарасты басқармалардың қызметкерлері алады. Вакцина салу үшін 144 қызметкер арнайы курстан өтті.
Атырау қаласындағы №3 емханада «Спутник V» вакцинасын алғаш салдырғандардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов, облыстық онкологиялық диспансердің директоры Эльмира Сапарова және облыстық аурухана директоры Ербол Иманғалиев бар.
– Дәрігерлер вакцина салмас бұрын дене қызуымды өлшеді. Вакцина салуға арналған кабинеттен шыққаннан кейін дәрігердің бақылауында болдым. Қазір жағдайым қалыпты, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Енді 21 күннен кейін вакцинаның екінші бөлігін аламын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Атырау облысы