Парламент • 03 Ақпан, 2021

Президент жүктеген міндеттер қалай жүзеге асады?

170 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

Президент жүктеген міндеттер қалай жүзеге асады?

 

Апаттық және үш ауысымды мектептер толығымен жойылады

Бұл жөнінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Президент тапсырмаларын іске асыру үшін жаңа іс-шаралар топтамасы әзірленіп жатқанын айтты. Осы бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды іске асыра отырып, мемлекеттік басқарудың қазіргі заманғы моделін құру жөніндегі нақты шаралар жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай Қазақстан «Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік» рейтингінде топ-30-ға кіреді; мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік сектор саны 25%-ға қысқарады; барлық мемлекеттік қызметті электронды форматта алуға болады. Әлеуметтік блок шеңберінде денсаулық сақтауды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 5%-ына дейін ұлғайтылады; 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылады, апаттық және үш ауы­сымды мектептер 100%-ға жойылады; артықшылығы бар академиялық 20 орталық құрылады; жыл сайын 700 мың азамат жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтамасыз етіледі.

«Экономикалық блок шеңберінде Сыртқы нарықтарға бағдарланған өзін-өзі қамтамасыз ететін экономиканы дамыту жөніндегі шараларды іске асыру 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өнімінің көлемін 1,5 есе, АӨК экспортындағы қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайтып, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі 7 ірі экожүйені құруға мүмкіндік береді», деді министр Ә.Ерғалиев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақ­станда құрылыс жобаларының жаңа мем­ле­кеттік банкі іске қосылатынын айтты.

Сондай-ақ Президенттің «Бекітілген әдістемелерге сәйкес жергілікті қамту үлесі бойынша мәлімделген сандарды қайта тексеру» тапсырмасын орындау үшін өңірлерге көшпелі тексерулер ұйымдастырылмақ. Жұмыс тобы және көшпелі тексерулер кестесі құрылды. Топ құрамына Бас прокуратура, Қаржы, Ұлт­тық экономика және Энергетика минис­тр­ліктерінің өкілдері кірді. «Отандық тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қолданылуын растайтын барлық кон­курстық құжаттарды тексеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жергілікті қамту үлесінің көрсеткіштері Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында төмен болып отыр», деді ол.

 

Жер ғарыштық мониторинг арқылы тексеріледі

Б.Атамқұловтың айтуынша, жұмыс­пен қамту жол картасы шеңберінде өңір­лерде жалпы сомасы 882,2 млрд теңгеге 6 491 жоба іске асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндамасында Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойын­ша министрліктің АӨК-ін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның алдағы бес жылға ар­налған тұжырымдамасын әзір­леп жат­қанын атап өтті. Министрдің айтуын­ша, пайдаланылмай жатқан жайы­лымдық алқаптарды қайтару жөнінде 2019 жылдың соңында ғарыштық мониторингті қолданудың заңнамалық базасы қалыптастырылды, 2020 жылдың басында қанатқақты жоба 4 облыста (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары) іске қосылды. Нәтижесінде, пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар алаңдағы ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 7,6 млн гектар жайылым, шамамен 700 мың гектар басқа санаттағы жерлер анықталды. «Көрсетілген облыстардың әкімдіктері пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қоюды тездетуі және олардың ауыл шаруашылығы айналымына тартылуын қамтамасыз етуі қажет», деді С.Омаров.

Биылғы қаңтардан бастап респуб­ликаның барлық аумағында ғарыштық мониторинг қолданылады. Сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ғарыштық мониторинг деректері негізінде оларды сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жеткізгіштен SMS-хабарлама арқылы электронды жеткізгішпен тапсыруға көшіру жөніндегі заң жобасы әзірленді, оны қазіргі уақытта Үкімет пысықтауда. «Осылайша, қолда жерлерді алып қою тетіктері бар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлерде оларды барынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдауы қажет», деді С.Омаров.

Биыл ауыл шаруашылығы жер­лерін шетелдіктерге жалға және қазақ­стан­дық­тарға жеке меншікке беруге 2016 жылы енгізілген мораторий мерзімі аяқта­лады. Мемлекет басшысы Жер комис­сиясын құрып, қарашаға дейін Жер ко­дексіне түзетулер қабылдауды тапсырды. «Жер мәселелері жөніндегі арнайы ко­миссияны құру жұмысы баста­лып кетті, оған барлық мүдделі тараптар, оның ішінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары, агробизнестің, одақтар мен қауымдастықтардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыстар әкімдіктерінің өкілдері және басқалар кіреді», деді С.Омаров. 

Жер комиссиясының жұмысы және ұсынылған пікірлерді талқылау қорытындысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бойынша бірыңғай тұжырымдамалық тәсілдемелер әзірленіп, олар жаңа заң жобасының негізін құрайтын болады. Аталған заң жобасын әзірлеу Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарында көзделді.

 

Биыл мобильдік операторлар 752 базалық станса салады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин атап өткендей, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген барлық тапсырмалары ерекше бақылауға алынып, белсенді жұмыс басталды. Өткен жылы 1 250 ауыл үшін оптикалық байланыс желісінің инфрақұрылымдық жобасы аяқталды. 928 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. Осылайша, 5 330 ауыл мобильді интернетпен қамтылды. Ревизия жүргізілді, 510 ауылда интернет жылдамдығына қатысты мәселе қалып отыр. 2021 жылы министрлік байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүргізеді. Екі жылдың ішінде 286 ауыл 3G/4G стандарттарына ауыстырылады. 224 ауыл жерсеріктік трансмиссиядан жерүсті инфрақұрылымына көшіріледі. 250 адамнан кем 242 ауыл­ға кең жолақты мобильді интернет жет­кі­зіледі. 2021 жылы операторлар 752 базалық станса салады, оған қоса, тағы 562 стансаны жаңартады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы сауданы дамыту бо­йынша тапсырмаларын іске асыру туралы баяндаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өткен жылғы 11%-дық баға өсімі импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған негізгі 5 тауарға байланысты болды, олардың үлесі  8,9% құрады. Бағаны түбегейлі тұрақтандыру үшін министрлік бірқатар кешенді шараларды ұсынады: біріншіден, әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларының өндірісін ұлғайту қажет. Үшіншіден, сауданы цифр­ландырумен қатар Ұлттық тауар өткі­зу жүйесін іске асыру керек.  Жалпы, 24 кө­терме-тарату орталығы салынады. Оның ішінде 2022 жылы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында және Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында 7 көтерме-тарату орталығы іске қосылады.

 

2025 жылға дейін 8 жаңа су қоймасы салынады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, су ресурстарын цифрландыру, есепке алу және мониторингілеу нәтижесінде 119 су арнасында цифр­ландыру жұмыстары жүргізіледі. Со­нымен қатар өзен ағынының ресурстарын айқындаудың ақпараттық жүйесі құрылады, заманауи су үнемдегіш технологиялар қолданылатын суармалы жердің көлемі 221 мың гектардан 420 гектарға дейін ұлғаяды. Ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды қалпына келтіру, жаңа су қоймаларын салу нәтижесінде шамамен 2 мың шақырым магистралдық арна қайта құрылады. Одан бөлек, жалпы көлемі 885 млн текше метр болатын Жамбыл (3), Батыс Қазақстан (2), Түркістан (1), Алматы (1) және Қызылорда облыстарында 8 жаңа су қоймасы салынады. Ал 2025-2030 жылдар ішінде тағы 31 су қоймасы салынады.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2025 жылдың соңына дейін 13 ГЭС нысанын іске қосуды жоспарланғанын айтты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің  айтуынша, осы жылға 27 мың жұмыс орнын құра отырып, 331 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның
40%-ы немесе 10 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орыны.

 

Экономикалық өсім үш пайыздан кем болмауы тиіс

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында экономикалық белсенділікті қолдау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, салық және бюджет саясатын жетілдіру, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін дамыту және т.б. жөніндегі шаралар әзірленді. Үкімет АӨК, мұнай-газ химиясын, электр энергетикасын, су ресурстарын басқару, «Жасыл Қазақстан» экологиясын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі ұлттық жобаларды әзірлейді. «Құрылымдық және ынталандыру шаралары халық пен бизнесті жан-жақты қолдауды, олардың жаңа жағдайларға бейімделуін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті жандандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа шынайылық жағдайында шикізаттық емес экспортты проактивті ілгерілетуге және инвестицияларды нысаналы тартуға бағдарланған өзін-өзі қамтамасыз ете алатын және әртараптандырылған экономиканы дамытуға назар аударуымыз қажет. Шағын және орта бизнес экономиканы дамытуға қарқын беруі тиіс», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды. Премьер-Министр Үкіметтің 2021 жылғы негізгі мақсаты – экономикалық өсімді 3%-ға қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвес­тицияларды ІЖӨ-нің 20%-на дейін және шағын және орта бизнес үлесін 30%-ға дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыру, өңдеу өнеркәсібін 10%-ға өсіру, жұмыссыздықты 4,9%-ға дейін қысқарту екенін атап өтті.

А.Мамин Ұлттық экономика министр­лігіне екі күн мерзімде Премьер-Министр Кеңсесіне Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі жол картасының жобасын енгізуді тапсырды. «Басты міндет – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және табысын арттыру. Үлкен жұмыс істеу керек, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел әрі нәтижелі түрде орындау қажет», деді Премьер-Министр.

 

Реформалардың жаңа топтамасы қаралды

Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 29 қаңтардағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында берген тапсырмаларын орындау жө­нін­дегі шаралар қаралды. Бұл мәселе туралы Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов пен Ұлттық экономика ми­нистрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа құрылымы үш деңгейден тұратын болады. Бірінші деңгейдегі құжаттар елдің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдегі даму пайымын айқындайтын болады. Бұлар –  «Қазақстан-2050» стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар, Ұлттық даму жоспары, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Аумақтық даму жоспары.

Екінші деңгейдегі құжаттар өңіраралық және салааралық мәселелер бойынша жүргізілетін саясатты айқындайды: бұлар – салаларды дамыту тұжырымдамалары мен ұлттық жобалар.

Үшінші деңгейдегі құжаттар мемле­кеттік органдардың, өңірлердің және ква­зимемлекеттік ұйымдардың даму жос­парларын қамтиды. Жаппай цифрландыру, оның ішінде Data Driven Government платформасын енгізу арқылы жүзеге асыру мемлекеттік басқару жүйесін жақсартудың негізгі элементі болады.

Ұлттық халық санағы 2021 жылғы қазанда заманауи цифрлы технологияларды енгізіп, процесті автоматтандыру арқылы жүргізіледі. Үкімет басшысы биылғы 8 ақпанға қарай Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мем­лекеттік комиссия отырысында қарау үшін эконо­миканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар пакетін енгізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, бір апта мерзімде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жобасын пысықтау, 10 ақпанға дейін Жалпыұлттық басымдықтар мен елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жос­парын қабылдау туралы жар­лық­тардың жобаларын енгізуді қамтамасыз ету, бір ай мерзімде Ұлттық жобалардың тізімін қалыптастыру тапсырылды.

Премьер-Министр Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және Бәсекелестікті қорғау агенттігіне екі апта мерзімде жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жөніндегі келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігіне өзектендірілген аумақтық даму жоспарының жобасын Премьер-Министрдің Кеңсесіне биылғы 1 сәуірге дейін енгізу міндеттелді. «Реформалардың жаңа пакеті қысқа мерзімді перспективада экономиканы қалпына келтіруге негізгі сая­сатты жедел қайта реттеуді қамтамасыз етіп, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсу траекториясына шығуға жағдай жасауы тиіс», деді А.Мамин.