Саясат • 03 Ақпан, 2021

Интернеттегі алаяқтыққа тыйым бола ма?

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір біздің елімізде, соның ішінде Петропавл қаласында интернет-алаяқтық деген көбейіп барады. Солтүстік Қазақстан облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полковник Петр Климовтың айтуынша, былтыр Қазақстанда 14 мыңға жуық осындай қылмыс тіркелген және оның өсу үрдісі жоғары.

Интернеттегі алаяқтыққа тыйым бола ма?

АҚШ-тың федералдық іздеу бюро­сының былтырғы мәліметіне қарағанда, бір жылда ғана әлемде осындай 467 мың қылмыс жасалып, жәбірленушілердің 3,5 млрд долларын қақшып кеткен. Жалпы, осындай кибер-қылмыс әлемдік экономикаға жалпы сомасы 600 млрд доллар шығын келтірген.

Алаяқтардың ақша сұрап, халық­тың қалтасына түскісі келетін сылтау­ларының бірі – қайырымдылық. Қол­дарына ақ жәшік ұстап, қайсыбір бала­ның отбасына ақша жинап жүрміз деген­дердің бәрі волонтер емес, кейбірі алаяқтар болып шыққан. Бізде анда-санда көрініс беріп қалатын алаяқтықтың бір түрі – халықаралық концерттер мен шоуларға, спорттық шараларға сатылатын «билеттер». Ондайларға көбінесе бай-манаптардың ақшаның жүзіне қарамайтын балалары ілігіп жатады. Сондай алаяқтықпен арнайы айналысатын ұйымдар да болады екен. Мәселен, АҚШ-та тіркелген бір компания Олимпиядалық ойын­дардың билеті деп 50 млн долларға жасанды құжаттар сатқан.

Шағын қала Петропавлда да интер­нет-алаяқтық өрістеп тұр. Биылғы жыл басынан бері оның саны 30-ға жетті. Ал полиция қылмыстың өсуін жұрттың өзінен көреді. Интернет-алаяқтықтың өршу себебі неде дегенімізде полков­ник П. Климов «Індетке байланысты халықтың түр­лі сайттар арқылы сауда жасауы көбейді. Ал ондай сайттардың көбі сенімсіз болып келеді. Оның үстіне халықтың өзі цифрландырудың жедел өсуіне байланыс­ты оны игеру сауаттылығы төмен», дейді. Демек, тағы да адамдардың өзі кінәлі. Ал ішкі істер органдарында жаңа шыққан сауда сайттарын жедел тексеріп, халыққа олардың қауіпті еке­нін жеткізіп отыратын қызмет неге ашпасқа? Тек «абайлаңыз, интернетте алаяқтар жүр!» деп, сақтандырудан пайда шамалы сияқты.

Петр Климовтың айтуына қарағанда, өңірдегі алаяқтықты өрістетіп, «көмек беріп» жатқандар – Қазақстанның басқа аймағынан және солтүстіктегі көрші елден кіретіндер көрінеді. Көбінесе солар тұрғындарды алдап, тұзақ құрады екен. Әрине, оларды ешкім алдын ала әшкерелемейді, тек алданып қалғанда ғана жанашырлық көрсеткен болады.

Алаяқтық интернет-банкинг тарапынан да болып тұрады. Ондайдың көбі «KASPIBANK»-тың атын жамылушылар. Алаяқтар көбінесе осы банктың қауіпсіздік қызметіненбіз деп хабарласып, клиенттердің барлық деректерін саумалап біліп алып, өздерінің арам ойларын іске асырады. Оның ішінде клиенттің ақшасын басқа шоттарға аудартып алу арқылы қақшып кеткендер көп. Сон­дай­лардың телефон нөмірлері кейде банктың Call-орталығымен сәйкесіп жатады екен. Кейде, тіпті клиенттің аты-жөнін айтып, іші-бауырына кіріп кетеді. Осыған қарап алаяқтық­қа кейбір банк қызметкерлерінің өз­дері де қатысты ма деген күдік туа­ды. Алайда полковник П.Климов облыста ашылған бірде-бір интернет-алаяқтыққа банк қызметкерлерінің қатыстылығы анықталмады деді. Бірақ ашылмаған қылмыс көп болғандықтан, оның сөзіне қанағаттануға болмайтын секілді. «Құпия сөз» сияқты дерек­ті өзін банктің қызметкерімін деп таныс­тырған кісіге айту қауіпті. Өйткені банк қызметкерлері мұндай құпия ақпа­ратты телефон арқылы сұрамайды. Ал егер біреу сұраған болса, оның алаяқ екенін бірден білуге болады. Ондайда банктың сенім телефонына хабарласып, жағдайды хабарлау керек», дейді полковник.

Солтүстік Қазақстанда былтыр интернет арқылы жасалған 89 қылмысты іс тергелген, алайда соның тек 36-сы ғана сотқа жеткізіліпті. Осыдан-ақ ин­тернет-алаяқтықпен күрестің тиім­ді­лігі жоғары емес екені көрініп тұр. Оның үстіне полиция өз жұмысын ескі тәсіл­мен жабық түрде жүргізіп, кей­бір деректі жұрттан жасыруға тыры­сатын секілді. Мысалы, менің был­тыр сотталғандар кімдер еді, аты-жөн­дерін айтпайсыз ба деген сұрағыма П.Кли­мов: «Сот процесіне қатыспаған адам­дарға сотталған қылмыскер туралы ақпарат берілмейді», деп бір-ақ қайыр­ды. Меніңше, демократиялық қоғамда бәрі де ашық, мөлдір болғаны жөн. Сонда ғана қылмыскер атаулы аяқтарын аңдап басар еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы