Аймақтар • 03 Ақпан, 2021

Жамбылда ретсіз орналасқан қалдықтар ғарыштық бақылаумен анықталуда

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық экология департаменті соңғы жылдары ретсіз орналасқан қалдықтарды анықтауды ғарыштық бақылаумен жүзеге асырып келеді.

Жамбылда ретсіз орналасқан қалдықтар ғарыштық бақылаумен анықталуда

Жұмыс барысындағы нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға оларды жою жөнінде нұсқамалар беріп отырады. Аталған департамент басшысы Марат Құрманбаевтың айтуынша, департамент зертханасымен өткен жылы ластаушы көздерден 722 сынама алынып, 2455 химиялық талдаулар жасалған. Оның ішінде ауа атмосферасынан 648, су ресурстарының ластануын бақылау бағытында 68, ал жердің ластануы бойынша 6 сынама алынып, талдаулар жасалған.

Сонымен қатар, былтыр табиғат пайдаланушылармен қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 808,7 миллион теңге жоспарланып, оның 559,5 миллион теңгесі игерілген. Сондай-ақ, өңірде өткен жылы ауа атмосферасына қалдық шығаруға 125 мың тонна лимит беріліпті. Мұнда қалдықтардың тек 74 мың тоннасы ғана ауаға көтерілген. Ал, өткен жылы жерге төгінділер төгу лимиті 24 мың тонна болғанымен, төгілгені 16 мың тонна ғана екен. Сондай-ақ, былтыр қалдықтарды орналастыру, яғни жер астына көму лимиті 45 миллион тонна болса, жалпы көмілген қалдықтар 13 миллион тоннаны құраған. Яғни, бұл көрсеткіштер қоршаған ортаны ластауға берілетін рұқсаттағы көлемнен төмен болып отыр.

 

Жамбыл облысы