Руханият • 03 Ақпан, 2021

«Сары бала» Ұлттық ұланда

944 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бәрінен әскери киім киген жауынгердің Рамазан Стамғазиев орындайтын «Дариға дәурен» әнін әуелетіп айтып жатқан бейнеролигі қызу талқыға түседі, деп хабарлайды Egemen.kz

«Сары бала» Ұлттық ұланда

Жұрттың барлығы бұл роликті өздеріне жүктеп, бір-бірімен бөлісіп жатты. Ең қызығы, жауынгер Ұлттық ұланның қатарына қызмет атқаруға келіпті. Мүмкіндікті пайдаланып, біз роликтің кейіпкерімен әңгімелестік. Сонымен ел арасында «Сары бала» болып танылған сарбаз кім?

Қатардағы Александр Аверкиев Ұлттық ұланның елордалық жедел бригадасы – 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Оқу пунктінде алғашқы әскери дайындықтан өтіп жатыр. Әскерге дейін  Щучинск қаласының Жоғары педагогикалық колледжінде сабақ берген, содан кейін Астраханка ауылында клуб меңгерушісі болды. Оқу ордасында білім іздеушілерді вокалдық өнерге үйретті. Бүгінгі қоғамдағы ақпараттық технологиялардың музыкалық индустриядағы орны мен рөлі туралы дәрістер оқыды. Жастарды ән орындауға үйретті. Өзі де көп ізденді. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы жоғары оқу орындарының бірінде білімін жалғастырып жатыр.

«Жастарды өнердің жоғары деңгейіне деген сүйіспеншілігін ашу керек. Өйткені жоғары өнер ғана мәңгілік. Қазіргі кезде жеңіл-желпі музыка жеткілікті. Олар басында жақсы естілуі мүмкін, кейінде өз тыңдармандарын ұстап тұра алмайды. Ал классика ешқашан өзінің маңыздылығын жоғалтпайды. Сондықтан қатарластарыма халықтың сүзгісінен өткен дүниелерді тыңдауды, дамытуды және айтуды ұсынар едім. Өзім де  вокалдық тұрғыдан сапалы әрі халықтың жүрегінен өткен дүниелерді орындаймын», дейді жас өрен.

Біз Александрдың жас та болса, талғамы жоғары болғанына таңдана қарадық. Өзі жас әрі білімді азамат жақсы тәрбие көрген. Біз одан туып-өскен ортасы, жалпы музыкаға, соның ішінде қазақ әндеріне деген қызығушылық қалай пайда болғаны туралы айтып беруді сұрағанда ол былай деп жауап берді.

1

«Өзім осы Ақмола облысы Астраханка елді мекенін тумасымын. Жастайымнан өнерге жақын болып өстім. Жақындарым мені әр түрлі өнер үйірмелеріне берген. Соның ішінде вокал үйірмесі жаныма жақын келді. Өзімді осы музыкадан таптым. Бірде вокал бойынша ұстазым Зәуре Мұхамеджанова менің қазақ тілінде акцентсіз ән айтатынымды көріп, маған  жоғары тоналды әндерді орындауға кеңес берді. Сол өзіме ұнаған әннің бірі - Рамазан Стамғазиев орындайтын «Дариға дәурен» әні болды», деп ағынан жарылды Александр.

Роликті көрген көрермендердің көбісінің көкейінде тұрған сауалдардың бірі «Сары бала қазақ тілін түсінбесе, қалай осы өлеңді нақышына келтіріп орындайды?».  Осы туралы ұландық жауынгер былай сыр шертеді.

«Мен өзім Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік тілді еркін меңгеруім керек. Достарым маған қазақ тілін үйренуге көмектесті. Достар арасында ауызекі тілде жақсы сөйлесеміз. Тілді терең білмесем де, әңгімелесуге сөз қорым жеткілікті. Өлеңді толық түсінбей, оны өз жүрегінен шығарып орындай алмайсың. Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетеді. Кейін әлеуметтік желілерге, «You Tube» видеохостингіне қазақша орындаған әндерімді салдым. Маған көптеген адамдар жылы пікірлер жазды. Қазақ тілді тыңдармандарым маған «Сары бала» деген ат берді. Кейін  «You Tube»-тағы арнамды «Сары бала» деп ауыстырдым. Бір байқағаным, қазақша өлеңдердің құдіреті мықты. Маған шетелде тұратын қазақтар мен бұрынғы Қазақстан тұрғындары хабарласты. Лос-Анджелесте, Германияда, Ресейде тұратын қазақстандықтар хабарласып, «Сенің әндеріңнен қазақ даласын көргендей болдық», «Отанымызды есімізге түсірдің» дейтін пікірлер айтты. Мен, әрине, осы пікірлерге қуаныштымын. Бұл маған қосымша күш береді. Мені тілді жақсы үйренуге, жаңа өлеңдер орындауға ынталандырады. Әскер қатарында жүріп те өнерімді жетілдіруге тырысамын», дейді Александр Аверкиев.

Әскер демекші, жақын уақытта Александр Әскери ант қабылдап, толыққанды  Отан қорғаушылардың  қатарын толықтырады. Алайда, қазірдің өзінде Ұлттық ұлан қатарында жүріп, көптеген жаңа дүниелерді үйренгенін айтады. Соның ішінде тәртіп пен елжандылық  тәрбиенің орны ерекше.

«Әскери ұжым – жауынгерлік отбасы секілді. Сен жалғыз емес, қаруластарыңмен біргесің. Қарулас жолдастарыңмен Отан қорғауға дайын болуын керексің. Алғашқы әскери дайындықтан баршамыз бірге өтеміз. Білмегенімізді бір-бірімізге үйретеміз. Өйткені, онсыз ұжым болмайды. Әскерге өз еркіммен сұранып бардым. Барар алдында интернет арқылы әскер түрлері туралы ақпарат жинадым. Көз алдыма Ұлттық ұлан жауынгері Денис Яковлевтің бейнеролигі келді. Ол қазақтың қасиетті домбырасымен халық әндерін орындады. Оның үстіне адам өмірін сақтап қалған ержүрек азамат екен. Мен де Денис секілді Ұлттық ұлан әскерінде қызмет атқарғым келді. Адам неге ұмтылады сол орындалады деген рас секілді. Мен елорданың қасындағы 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы борышымды орындауға келдім. Осы әскери бөлімде Ұлттық ұланның ән-би ансамблі орналасыпты. Дәл осы ансамбльде Денис Яковлев қызмет атқарады екен. Болашақта мүмкіндік болса, Дениспен бір сахнада қазақтың халық әндерін орындасам деймін. Мен ең бірінші кезекте жауынгермін. Десе де, мүмкіндік тауып әскери өнерпаздардың қатарын да толықтырғым келеді. Тек Ұлттық ұланда осындай азаматтар қызмет атқарады екен», дейді жауынгер.

Қатардағы Александр Аверкиев әскери қызметін жаңа бастаған жауынгер. Азаматтық өмірдегі танымалдығы оның қызметіне оң әсерін тигізбесе, зиянын тигізбесі рас. «Халық пен әскер бір» демекші, әскери ортадағы Александрдай өнерпаздар халық пен әскер арасында орнаған алтын көпір болатынына кәміл сенеміз. Өнерлі жастарымыз көп болғай!