Оқиға • 04 Ақпан, 2021

Шошақ бөрікті сақ ханшайымы

1440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қайта қалпына келтірілген сақ патшайымының әшекейлі киіміне қарап, сонау ғасырда-ақ мәдениетіміздің дамығандығын тағы бір аңғаруға болады. 2017 жылы Берел қорғанынан табылған сақ патшайымының киімі реконструкцияланып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды.

Шошақ бөрікті сақ ханшайымы

Берелдегі қазба жұмыстары кезінде қима тағанның ішіне қойылған астау табыттан әйелдің мүрдесімен бірге әбзелденген екі жылқы шыққан-ды. Оба бірнеше рет тоналғанымен, бас киімнің әшекейлері сақталған. Бұйымдардың ішінде ағаштан ойылып, алтын жалатылған тау ешкілердің мүсіндері, жыртқыш құс стиліндегі ою-өрнектер мен фантастикалық полиморфты қанатты тіршілік иелері, түрлі өрнекті пластиналар мен жапсырмалар бар. Бұғылардың барыспен айқасқа түскен көріністері бейнеленген үлкен тікбұрышты пластиналар да ерекше көзге түседі.

Сондай-ақ белгілі археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен жүргізілген бұл қазба жұмыстарында алтынмен қапталған пышақ, қыш құмыраның сынықтары кездескен.

Археолог ғалымдар айтқандай, табылған жәдігерлер б.з. д. IV ғ. соңы мен III ғ. басында өмір сүрген ақсүйек сақ әйелінің бейнесін қайта жасауға мүмкіндік берді.

– Қорғанның тоналып кеткеніне қарамастан, патшайым киімінің үлгісін суретші Қалиолла Ахметжан жасап шықты. Конус тәрізді тәждің шірінділеріне қарап, сақтың шошақ бөрігін жасаған. Бөрік болғанымен, бұл кәдімгі қазақтың сәукелесі сияқ­ты. Ал табылған әшекейлер архео­лог­тердің болжамы бойынша бас киімге жабыстырылған екен. Байқасаңыздар, ортаңғы бір таутекенің басы екі денеге бекітілген. Қазба жұмыстары кезінде белгілі болғандай, таутеке ағаштан ойылып, бетіне алтын жалатылған, – дейді музейдің тарихшы маманы Альфия Бақбаева.

Ауыз толтырып айта кетерлік құн­ды дүние музейдің сөресінде сақ пат­шайымының бір қарыс өрілген шашы мен аң терісінен тігілген тон­ның қиқымы сақтаулы тұр. Тонның қандай аңның терісінен тігілгендігін ғалымдар әлі зерттеп жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы