Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеу жас адамдарды әскери есепке тұрғызу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін айқындау, білім деңгейін, алған мамандығы мен дене даярлығын анықтау мақсатында қаңтар айының басынан бастап жүргізілуде. Іс-шара жыл сайын 5 қаңтардан 31 наурызға дейін өтеді.
Биыл Алматы бойынша 7 мыңға жуық жасөспірімді әскери есепке қою жоспарлануда. Әрбір адам тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына жүгініп, толық ақпарат ала алады.
Күн сайын қаланың жергілікті әскери басқару органдарына медициналық тексеруден өту үшін мектеп және арнайы орта оқу орындарының оқушылары келуде. Жасөспірімдер әскери қызметке жарамдылығын дәлелдейтін медициналық тексеруден және қажетті құжаттарды тексеруден өтеді. Егер тіркеу барысында емделуге немесе медициналық бақылауға мұқтаж әскерге шақыру жасына дейінгілер анықталса, онда олар емдеу-профилактикалық ұйымдарына тіркеледі.
Белгілі бір жұмыс алгоритмі жасалды. Аталған жұмыс барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды, санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтілді.
"Қала аудандарының басқармаларында әскерге шақыру жасына дейінгілер мен медициналық комиссия мүшелері медициналық бетперделермен және антисептиктермен қамтамасыз етіледі. Медициналық тексеру кемінде 2 метр қашықтықты сақтау арқылы өтеді. Медициналық комиссия ғимаратында күніне кемінде 2 рет барлық қызметтік және қосалқы бөлмелерге дезинфекция жүргізіледі", - деп атап өтті Фархат Құрманғажинов.
Азаматтарды шақыру учаскелеріне есепке алу жұмыстары жергілікті атқарушы органдары жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп жүргізеді.
Қазақстан Республикасының "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңына сәйкес есепке тұрған жылы жасы 17-ге толған немесе сол жылы толатын Қазақстан Республикасының ер азаматтары жатады.
Барлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін жастарға шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік беріледі. Бұл куәлік әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат болып табылады.
Әскери есепке алғаш тұрған азаматтармен қосымша Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіледі және келісімшарт бойынша әскери қызметтің артықшылықтары түсіндіріледі.
Медициналық (әскери-дәрігерлік) комиссия әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп таныған азаматтар әскери есепке қабылданбайды. Азаматтар жұмыс (оқу) орнын, атқаратын лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, әскерге шақырылуға дейінгілерді әскери есепке қоюға байланысты міндеттерді орындау үшін қажетті уақытқа жұмыстан (оқудан) босатылады.