Экономика • 05 Ақпан, 2021

Қордай ауданы қайта түледі

381 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған оқиғаға бір жыл болады. Жыл ішінде аталған аудан қайта түлеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордайға тиісті көңіл бөлініп, мәселелер оң шешімін табуда. Президент пәрменімен қазіргі кезде аудан қайта абаттанып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Ауданның бірқатар ауылдарында қоныстанған көпұлтты халық бүгінде бейбіт, тату тірлік кешіп отыр.

Қордай ауданы қайта түледі

 

Өткен жылғы қақтығыстан аудан­дағы Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан зардап шеккен болатын. Бұл ретте былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауда­нына арнайы келіп, облыс басшылығына мұндағы жағдайды реттеуді тап­сыр­ған еді. Арада жыл өтпей Мем­лекет басшысының қолдауы­мен қалпына келтіру жұмыстары жо­ғары деңгейде жүргізілді. Жалпы, өткен жылы Қордай ауданына мем­лекет қазынасынан 35,1 млрд тең­ге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылған. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асы­ру мақсатында құрылыс-жөн­деу жұмыстарына 21,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа аудан бойынша 3 мектептің құры­лы­сы, 5 көп қабатты тұрғын үй, 6 ауыз­ су жүйесі, 7 инженерлік инфра­құрылым, 4 спорт кешені, 4 қазандық, 6 елді мекенді газдандыру, 4 мектепті күрделі жөндеу, 6 денсау­лық сақтау, түрлі деңгейдегі 274 жолды қалпына келтіру, 43 абат­тандыру, 2 әлеуметтік қыз­­мет, 2 су қоймасы және 23 ағым­­да­ғы жөндеу жұмыстары қол­ға алынған. Сонымен қатар атал­­ған жобалар аясында 4 630 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ «Жұ­мыс­пен қамтудың жол кар­тасы» бағ­дарламасы аясында бө­л­ін­­ген қаржыға 13 құрылыс жобасы іске асса, одан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 198 жоба қолға алынды. Бұл жұ­мыс­­тардың өзі талай уақыттан бері өзек­ті болып келе жатқан мәселе­лер­ге нүкте қойды.

Ал Қордай ауданына Үкімет резерві есебінен 101 жобаға 2 млрд теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттың 1,9 млрд теңгесіне 6 елді мекендегі 96 көшеге орташа жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Сонымен қа­тар облыстық денсаулық сақтау бас­қар­­­масы арқылы 73 млн теңгеге 3 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеу­ден өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 млн 834 мың теңгеге 24 жоба іске асқан. Бүгінде аудан орталығы Қордай ауылында 884,5 млн теңгеге 52,8 шақырым болатын 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалып, толықтай аяқталса, Қордай, Отар және Бетқайнар ауылдарында типтік спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Ал ауданда «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында 7 594,1 млрд теңгеге 25 ірі құрылыс жобасы қолға алынғанын айта кету керек. Оның ішінде 13 жаңа құрылыс, 8 күрделі және 4 орташа жөндеу жұмыстары бар.

Мемлекеттің қолдауымен Қор­дай ауданында тұрғындардың бас­па­на мәселесі де шешіліп ке­ле­ді. Мәселен, аудандағы баспа­наға мұқтаж аз қамтылған және көп балалы отбасыларға «Асар­ла­тып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынған. Бұл бастама облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың идеясы негізінде қолға алынған болатын. Ал Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алабында бес қабатты үш тұрғын үй бой көтерген. Дәл осындай бес қабатты үй Қордай ауылының «Шығыс» алабынан бой көтеріп, мұқтаж жандарға берілген. Ал Тәуелсіздік күні қарсаңында Қа­раке­мер ауылындағы 20 ком­му­нал­дық пәтер кезекте тұр­ған көп ба­лалы отбасыларға және жас мамандарға табысталды. Сон­дай-ақ Қордай ауданында бүгінге дейін 7,4 шақырым жол жаңа­дан салынып, 343,6 шақы­рым ­жол орташа жөндеуден өткен. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 90 пайызға, ал елді мекендер ішіндегі көшелер 75 пайызға жетіп отыр. Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай және Еңбек ауылдарына 100 пайыз асфальт жол төселген.

Осы уақытқа дейін Қордай тұрғындары үшін газдандыру мәселесі де өзекті болып келді. Биыл да бұл мәселенің түйіні тарқап, 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 248 шақырымды құрайтын үлкен жобаға 11 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газбен қамтамасыз етіліп отыр. Сол сияқты, аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2,7 млрд теңгеге 6 Арал, Қаракемер, Өтеген, Кенен ауылдарымен қатар, Қордай ауылының «Батыс» алабы мен Отар ауылының жаңа алаптарында ауыз су құбырларының құрылыстары аяқталып, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 78 пайызға жетіп отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

Сондай-ақ ауданда білім саласына назар аударылып отыр. Алдағы уақытта үш бірдей мектеп­тің құрылысы есебінен апатты мектептер мен орын тапшылығы мәсе­лесі толықтай шешілетін болады. Сонымен қатар 1,1 млрд тең­геге 4 мектепке, 3 денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 әлеуметтік нысанға жаңа қазандықтар салынып, 6 әлеуметтік нысанның қазандықтары газға ауыстырылған. Тағы бір айта кетерлігі, құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 4 спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. 7 спорт нысаны, 8 ойын алаңы іске қосылып, нәтижесінде бұқара халықтың спорттық инфрақұрылымға қолже­тім­ділігі 27 пайыздан 46 пайызға жетіп отыр. Ал құны 5,3 млрд теңге болатын «Қордай» өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қордай ауылындағы ең үлкен көшелердің бірі – Жібек жолы көшесіне заман талабына сай көше жарығы жүргізіліп, жергілікті халықтың мәселесі шешілді. Отар ауылында құны 307 млн теңге болатын 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы музейге де демеушілер есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Гвардейский қалашығында биологиялық-иммунды препараттар, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайды. Аталған зауытты іске қосу 2021 жылдың наурыз айына жоспарланған. Мұндағы құрылыс жұмыстары облыс әкімі тарапынан да жіті бақылауда. Сондай-ақ өткен жылғы Қордай оқиғасынан зардап шеккен 103 нысан демеушілер есебінен қалпына келтірілді. Ал өртенген 41 үй, 13 кәсіпкерлік нысанға Қазақстан Республикасының «Аза­мат­тық қорғау туралы» заңына сәйкес, 213 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында қақтығыс кезінде 65 нысан зардап шеккен. Оның ішінде 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысандары және 62 автокөлік болған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінге дейін «Нұр-Ниет» қайырымдылық қорынан 600 мың теңге қарастырылып, 42 үй және жергілікті кәсіпкерлер есебінен 1,4 млн теңгеге 29 үй қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, мердігер компаниямен 1,2 млн теңгеге пластикалық терезеге демеушілік кө­мек көрсетілді. Сондай-ақ Масанчи ауылында демеушілер есе­­бі­нен шағын футбол, стритворкаут, балалар ойын алаңшасы салы­нып, пайдалануға берілді. Одан бөлек ауыл тұрғындарына арналған дема­лыс аллеясының құрылысы аяқ­талып отыр.

Жалпы, өткен жылы мемлекет тарапынан Қордай ауданына тиісті көмек көрсетілді. Бұл рет­те демеушілердің де үлесі зор. Мемлекет басшысының қолдауы­мен бұл күнде Қордай ауданы қай­та түлеп, қарқынды даму жолына түсті.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы