Қоғам • 05 Ақпан, 2021

Жалақыны көтермесе, жұмысқа шықпайды

213 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалақыларының күнкөріске жетпейтінін алға тартқан «Шымкент BUS» компаниясының жүзден астам автобус жүргізушісі мен кондукторы жұмысқа шығудан бас тартты. Өздеріне 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап еткен олар аталған компания ғимаратының алдына жиналып, басшылыққа өз талаптарын айтты.

Жалақыны көтермесе, жұмысқа шықпайды

 

Таңғы уақытта қоғамдық көлік қатынамағандықтан мегаполис тұрғын­да­ры аялдамаларда сағаттап сарылып, амалсыздан такси қызметіне жү­гін­ді. Қоғамдық көлік жүргізушілерін жұмысқа шығуға үгіттеген қала әкімі Мұрат Әйтенов мәселені тез арада ше­шуге уәде берді. Алайда ашынған жүр­гізушілердың топтасқан шоғыры тарқай қоймады. Бұл шымкенттік автобус жүргізушілерінің айлық жалақы туралы алғашқы ащы үні емес. Еңбекақысы уақтылы төленбеген жүргізушілер 2019 жылы да осындай қадамға барған.

Компания басшысы Азат Сахат­ұлы­ның айтуынша, жүргізушілер айлығы алғашқы кезде 130 мың теңге болса, кейіннен 155 мың теңгеге дейін өскен. Қазіргі таңда компания басшылығы мен жүргізушілер арасында екіжақты келіссөздер жүргізілуде. Бір қызығы, Шымкенттегі қоғамдық көліктерге былтыр күз айынан бастап «Төлем» электронды билет жүйесі енгізілген болатын. Өз кезегінде әкімдік өкілдері смарт қондырғылар шаһардың қоғамдық көлік қозғалысы жүйесіндегі қаржы айналымын ашық, жария түрде жүргізіп, қазынаға құйылар салық түсімдерін еселейтінін жеткізген еді. Кейіннен шаһар тұрғындары тарапынан «Төлем» карточкалары жетіспейді, автобустарға қойылған валидаторлар істемейді», деген ескертпелер көптеп айтыла бастады. Шымкенттіктердің талап-тілегін ескерген қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жеке компания директорларына «Егер, қоғамдық көліктердегі «Төлем» жүйесі істен шықса, техникалық ақау­лар­ға байланысты жұмыс істемесе
1 ақпаннан бастап халық қоғамдық көлік­терге ақысыз мінеді», деп талап қойған еді.

Ал ереуілге шыққан наразы топ мардымсыз жалақы алатынын, жұмыс берушінің орынсыз талаптарына қарсы екенін айтуда. Олар компанияда төлем картасы енгізілсе де, жұмыс берушінің қоғамдық көлік қызметін қолма-қол ақша төлеп пайдаланатын жолаушылардан түсетін ақшаға жоспар жүктеп қойғанына күйінеді. Айтуларынша, жүргізушілердің жалақысы – 150 мың теңге. Қолға алатыны – 120 мың теңге. Ал кондуктордың алатыны – 70 мың теңге.

«Таңғы сағат 06.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін осы мардымсыз айлықты қанағат тұтып келдік. Тіпті, түскі асты да қалтамыздан төлеп ішеміз. Автобусты да өзіміз тазалаймыз (Жұмыс берушіге автобусты жуу, компания қызметкерлерін түскі тамақпен қамтамасыз етуі мін­дет­телген). Біз «Төлем» картасына қарсы емеспіз. Кондуктор болмаса ха­лық төлем картасын валидаторға ұр­майды. Оны қадағалау үшін кондук­тор қызметі қажет-ақ. Басты талабымыз – еңбекақыны көбейтіп, басы артық «жоспарды» алып тастаса», дейді Айымгүл есімді кондуктор.

Екіжақты ымыраға келген наразы топтың үлкен шоғыры жұмысты қайта жалғастыра бастады. Алайда онда­ған адам компания басшылығына қой­ған талабы орындалғанша жұмысқа кіріс­пей­тін­дігін жеткізді.

«Шымкент қаласында 18 бағыт бо­йынша жолаушы тасымалдаумен айналысатын «Shymkent bus» компаниясында 450-ге жуық жүргізуші еңбек етеді. Соңғы бір жылда «СПК «Shymkent» АҚ қаржылай қолдауымен мекеме иелігіндегі автобустар толық жаңартылған.

«Шаһардағы жаңа автобустарға «Төлем» жүйесі енгізілген соң, көлік жүр­гізушілері, кондукторлар қолма-қол ақша ала алмай, көлденең табыстан қа­ғылды», деп есптейді қала тұрғыны Бибігүл Төрехан.

Жүзден астам жүргізуші мен кондук­тордың жалақыны өсіру туралы мәселесі жұмыс беруші компаниямен ортақ келісімге келу арқылы шешілері анық. Дейтұрғанмен осы екі ортада мегаполис тұрғындары зардап шегіп жатқаны өкінішті.

 

ШЫМКЕНТ