Қоғам • 05 Ақпан, 2021

«Соғыс балаларының» көрген қиындығы аз ба еді?

569 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 75 жылдан астам уақыт өтсе де, сол кезде тылда өмір сүрген біздің көрген азап, бастан кешкен қайғылы оқиға әлі күнге дейін көз алдымызда.

«Соғыс балаларының» көрген қиындығы аз ба еді?

Табиғаттың заңдылығы ғой, «со­­­ғыс балаларының» қатары да әр күн сайын сиреп, азайып келе­міз. Бүгінде 92 жасқа келген маған қос­танайлық тыл ардагері Қасым­қайыр Дүйсенбаевтың «Еgemen Qazaqstan» газетінің өткен жылғы 13 қара­ша күн­гі нөмірінде жарияланған «Арда­гер­лерді алаламайық» ма­қа­­­ла­сы­ның әсері қолыма қалам ал­дыр­­тып отыр.

Әкелеріміз бен ағаларымыз Отан үшін отқа түсіп, қанды қырғын шай­қас­тарға қатысып, жанын пида етсе, олардың ұрпақтары – біз соғыстың қасіретін бірге көтеріп, ана, апа, жең­ге­лерімізбен бірге «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деп 1418 күні-түні еңбек етіп, аянбай тер төктік.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиу­мы­ның 1945 жылғы 6 маусым­дағы Жарлығымен ауылдастарыммен бірге мен де «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945» меда­лімен марапатталдым.

Соғыс кезінде ерте есейіп, еңбек еткен балалар еліміздің соғыстан күй­зел­­ген халық шаруашылығын қал­пы­на келтіру үшін де барлық күш-қуатын жұмсады. Мен ауылда жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін әкем тәрізді ұстаз болуды армандап, Қызылорда қаласындағы пед­учи­лищеге оқуға түстім. Ішер асқа, киер киімге жарымай жүрсек те, оқу­дан қол үзбей білім алдық. Педагог маман­ды­ғын алғаннан соң бүкіл саналы өмірімді жеткіншек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне арнадым.

Бастан өткендерді жазып отырған себе­бім, ат төбеліндей аз қалған тыл ардагерлерінің (мәселен, Қызы­лор­да облысы бойынша небәрі жиыр­­ма шақты адам) басынан өткен қиын­шы­лық­тары, соғыстан күйзелген ха­лық шаруашылығын қалпына кел­тіріп, ел экономикасын нығайтып, онан кейін тәуелсіз елімізді дамыту жо­­лында еткен еселі еңбектері ұмыт бол­май, өз дәрежесінде бағалануы тиіс қой деген ойымды білдіру еді.

КСРО кезінде Ұлы Отан соғысы (ҰОС) ардагерлерімен қатар, тыл арда­герлеріне де жеңілдіктер мен ар­тық­шылықтар иелену құқығы берілген болатын. Осыны айғақтайтын куәлігі бар өзім сияқты тыл ардагерлеріне ТМД елдері үкіметтері басшыларының 1999 жыл 8 қазандағы шешімімен «1941-1945ж.ж. Соғыс ардагері» төсбелгісі тапсырылып, зор құрмет көрсе­тілді. Ұлы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне біз – тыл ардагерлері елі­міз­дің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы қойылған қолсағатпен марапатталып, мерейіміз үстем болды.

Соғыс және тыл ардагерлерінің қатары толық жылдарда 9 мамырда әрқайсымыз Елбасының арнайы құттықтау хатын алып, моральдық жағынан қолдау тауып, дәріптелетін едік. Тыл ардагерлеріне жасалып келген осындай жеңілдіктер мен мораль­дық қолдаулар қазір ұмытылды деуге болады.

Біз ұзақ жылдар бойы «Ардагерлер туралы» заң қабылдануын, онда тірі жүрген аз ғана тыл ардагерлері де ҰОС ардагерлеріне теңестіріліп құр­мет­телуін және моральдық-ма­териалдық көмектер беру ісі заң­дас­­тырылуын күт­кен едік. Көптен күт­кен «Арда­гер­лер туралы» заңға биылғы мамыр айының бас кезінде Мемлекет басшысы қол қойды. Алайда бұл заңда тыл ардагерлері ҰОС ардагерлеріне теңес­тірілуі былай тұрсын, олар кә­дуіл­гі жасына қарай жәрдемақы та­ғайын­далған еңбек ардагерлері қа­та­рына жатқызылып, әлеуметтік же­ңіл­діктер де солармен бірдей беріліп отыр. Сондай-ақ тыл ардагерлерінің бұрын пайдаланған жеңілдіктер мен артықшылықтар жө­нін­дегі құқық­та­ры­нан ада бол­ған­дығы да мазалайды.

Қатары сиреп келе жатқан тыл ар­да­герлеріне әр жыл сайын оңалту-сауық­тыру орындарына жолдама бері­ліп, денсаулықтарын нығайтып отырса және әуе, темір жолдарымен сапарға шығуға жеңілдіктер қарастырылса, бізге жасалған зор қамқорлық, үлкен құрмет болар еді. Осы айтылған тілектер алдағы уа­қыт­та «Ардагерлер туралы» заңға ен­гізілсе, игі болар еді. Жетінші ша­қы­­ры­лымдағы Парламент депутат­та­рынан тыл ардагерлері осыны асыға күтеді.

Менің осы айтқандарым бүгінде «келместің кемесін» күтіп отырған бар­лық қарттарымыздың ойымен ұш­та­­сатыны анық. Сол жеңілдіктерді бәріміздің толық пайдалануымыз да неғайбыл. Өйткені көбіміздің жасымыз ұлғайғандықтан, отбасымыздан алысқа ұзап шыға да алмаймыз.

 

Рақымжан БӘЙМЕНОВ,

Сырдария ауданының құрметті азаматы

 

Қызылорда облысы