Мәселен, бүгінде алдыңғы аға буынның көпшілігі жастарды кінәлай сөйлейді. Бәрінің бірден әкім, прокурор сияқты лауазымды орынға барғысы келеді дегенін де жиі естиміз. Бірақ бүгін ғана қолына диплом алған жасты ешкім де жайлы орынға жайғастыра салмасы анық. Алайда мамандық таңдау әр адамның өз еркі. Қоғамда көп ретте жастардың жұмысшы мамандықтарына жиі бара бермейтіні айтылады. Еліміз бүгінгідей кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отырғанда, бір жағынан жұмысшы мамандығында оқыған жастың кейіннен кәсіп ашып, істің көзін табуына да мүмкіндігі бар. Әрі бала күнінен шаруашылыққа бейім жастың өсе келе жұмысшы мамандығын да таңдайтыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру» керектігін айтқан болатын. Мұның бәрі де жұмысшы мамандығына байланысты. Бұл ретте мемлекет тарапынан да аталған мамандық иелерін даярлауға жіті көңіл бөлінуде. Мәселен, Жамбыл облыстық білім басқармасына қарасты №9 Меркі колледжі бүгінде 7 мамандық, 11 біліктілік бойынша жұмысшы мамандар даярлап келеді. Аталған мекеме 1953 жылы №102 Ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі болып ашылған. Содан бері түрлі қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген оқу орнында қазіргі кезде «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Электр газымен дәнекерлеуші», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ферма шаруашылығы», «Токарьлық іс және металл өңдеу» және өзге де мамандықтар бойынша 601 жас білім алуда. «Колледжде жалпы штаттық кесте бойынша 125 қызметкер жұмыс атқарады. Олардың ішіндегі 92 қызметкер оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері. Педагог кадрлардың 49-ы жоғары білімді мамандар», дейді аталған колледж директоры Ғалымжан Мамырбаев.
Әлемдік тәжірибеге сай, бүгінде кәсіптік білім беруді дамыту, білім беруді дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендіру өте маңызды мәселе болып отыр. Сол сияқты, инновациялық экономиканы қалыптастыру да үлкен міндеттің бірі. Аталған мақсатта №9 Меркі колледжіне «Жас маман» жобасы аясында 313 144 200 теңге бөлініп, оған қажетті барлық заттар алынған. Оның ішінде 2 трактор, дәнекерлеу аппараты, комбайн, КамАЗ және өзге де жұмысшы мамандығына керекті техникалар бар. Бұл күнде аталған колледж түлектерінің алды өз кәсібін ашып, аудан экономикасының дамуына үлес қосып келеді.
«Worldskills Zhambyl – 2018» байқауында «Аспаздық ісі» құзыреттілігі бойынша жүлдегер атанған Әділет Аманжол қазіргі кезде ауданда «Донер» жеке кәсіпкерлігін ашып, түрлі тағам түрлерін сатумен айналысады екен. Сол сияқты, «Worldskills Zhambyl – 2018» байқауында «Автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету құзыреттілігі» бойынша жүлде алған Олжас Мәркім де Меркі ауданында автомобиль жөндеу орталығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ әр кезеңде түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанып, жетістікке жетіп жүрген жастар баршылық.
Қазіргі кезде №9 Меркі колледжінде жаңа алынған шетелдік және отандық техникалар ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуы мақсатында пайдаланылуда.
«Ал сапалы құрал-жабдықтар студенттердің техникалық және кәсіптік мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруда. Орта буын жұмысшы мамандарын сапалы бәсекеге қабілетті етіп дайындау мақсатында «Дизельді қозғалтқыштарды жөндеу және қызмет көрсету», «Жеңіл автокөлікті жөндеу және қызмет көрсету», «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреттілік орталықтары ашылды. Сонымен қатар колледжде мамандықты оқытуға арналған 14 оқу кабинеті, 5 шеберхана, 4 зертхана бар. Өндірістік оқу шеберханалары мен оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталды», дейді Ғ.Мамырбаев.
Сонымен қатар Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков колледжге 200 гектар жер беріп, қолдау көрсетіп отыр екен. Мұндағы мақсат – жастарды жұмысшы мамандығына баулу, техникалармен сол жерге егін егіп, өнім алу болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жастарды оқытудан бөлек, бәрін тәжірибе жүзінде көрсету. Ал техникалық және кәсіптік білім беру бойынша маман дайындау сапасын арттыру да негізгі мәселенің бірі. Бұл ретте колледж Түркия мемлекетінде, Чехия Республикасының Прага қаласында және Малайзия елінде орналасқан бірқатар техникалық және кәсіптік оқу орындарымен тәжірибе алмасуда.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы