Аймақтар • 05 Ақпан, 2021

Қазалыдағы еңбек қарқынды

528 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр елдің іргесінен індеттің белгісі байқалып, іле-шала карантин жарияланғанда ең алдымен қиналған көктемгі егіске енді кіріскелі отырған шаруалар болды. Әрине, ілкі сәтте ірі қалаларда тұратындарға да оңай тимегені анық.

Қазалыдағы еңбек қарқынды

 

Бірақ егін егіп, мал баққан дала жұр­ты пандемия басталғанда ертеңгі күні көмескіленгендей дағдарып қал­ған. Дегенмен көп ұзамай-ақ бұл тығы­рықтан да шығатын жол табылды. Ел азамат­тары қиын сәтте ауыл халқы үшін мем­лекеттік бағдарламалардың бер­гені көп болғанын айтады. Мысалы, Қызыл­орда облысындағы Қазалы ауда­нында тек «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 11 млн теңге болатын 42 жо­ба іске асырылды. Бағдарлама шеңбе­рінде 150 орындық ауылдық клуб салы­нып, Шығыс жастарының жалынды жетек­шісі Ғани Мұратбаев есімін иеленген ауылға табиғи газ тартылды. Көптеген әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.

– Елбасы бастамасымен қолға алын­ған «Ауыл – ел бесігі» жобасына орай былтыр Бекарыстан би ауылына 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Іргелі ауыл­дағы түйінді мәселенің бірі ауыз су жайы еді. Үйлер толық сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жасалды. Тұрғындар бізге базына ретінде жиі айтатын проблеманың бірі көшелер мәселесі болатын. Ауылдағы 10 көшеге ас­фальт төселіп, жарық тартылды, – дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.

1

Аудан орталығы Әйтеке би кенті «Бей­неу – Бозой – Шымкент» газ құбы­ры магистральді желісіне облыс аума­ғында алғашқы болып қосылған ірі елді­мекендердің бірі. Аудан әкімдігі енді Қазалы қаласына «көгілдір отын» жеткі­зудің қамына кірісіп кетті. Қаладан кейін аудан орталығына жақын Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандыру үшін аудан бюд­жетінен 22,6 млн теңге бөлініп, жоба әзір­ленген. Бастама қолдау тауып, қар­жы бөлінсе, жазда құрылысы бас­талады.

Аудандағы ауыларалық жолдар да бір­шама жөнге келіп қалғаны байқа­лады. Былтыр осы жұмысқа 2,8 млрд теңге қаралып, аудандық маңызы бар 60 шақырым, елді мекендер ішіндегі 70 көше жөнделді. Өткен жылдың жел­тоқсан айында қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыс­тары басталып кетті. Биыл Кәукей ауы­лына апаратын автомобиль жолы аяқ­талады. Осы жылы қолданысқа бері­летін игіліктер қатарында «Қарлаң» көпірі мен Қожабақы ауылы, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпірі аралығындағы жолдар тұр. Ал Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым жолды жөндеуді жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 млн теңге бөлінді. Осы жылы Әйтеке би кентінде 5, Қазалы қаласындағы 10 көше асфальтталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 20 көшені асфальт­тау үшін тиісті басқармаларға ұсыныс берілді. Осындай жұмыстар арқылы ауданда жол сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. 2017 жылы аудандағы автомобиль жолдарының 66,4 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланса, былтыр бұл көрсеткіш 75,6 пайызға жетті.

Пандемия кезінде жұмысынан айырылып, кәсібі тоқтаған жұрттың қиналып қалмауына баса мән берілді. Осы бағытта ауданда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы арқылы бірқатар жобалар дайындалып, мыңдаған тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілді. «Еңбек» бағдарламасы арқылы 928 қазалылық 555 мың теңгеден қайтарымсыз грант алды. Бұл көп адамның кәсіппен айналысып, іс бастауына себепкер болды.

Соңғы жылдары Қазалыда құрылыс қарқынды жүруде. Өткен жылдың өзінде құны 2,9 млрд теңге болатын 15 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның оны қолданысқа берілді.

Қазір 600 орындық мәдениет үйі, ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Қазалы қаласын газдандыру, Жан­қожа батыр мен Майдакөл елді мекен­деріндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желілерін тарту жүріп жатыр. Олар­дың барлығы жыл ішінде аяқталады деп жоспарлануда.

Сырдарияның екі жағалауын қатар жайлаған аудан халқы үшін ең басты мәселенің бірі көпір екендігі белгілі. Осыдан 2 жыл бұрын Әлсейіт тұсында стационарлы көпір салынып, Қазалы мен Арал тұрғындарының қуанышына куә бол­ғанбыз. Енді аудан жұрты қыс пен көктемде арнадан алынып, елдің қа­тынауына қиындық туғызып жүрген «Қарлаңдағы» қалқымалы көпір мә­селесін шешіп беруді жиі көтеріп жүр. Тұрғындар талабына байланыс­ты биылғы жыл бюджетінен көпір құры­лы­сының жобасын әзірлеп, сараптамадан өткізуге 80,3 млн теңге бөлінді. Аудан әкімдігі құжат дайын болған уақытта тиісті орындарға құрылысты қаржы­ландыруға ұсыныс береді.

Былтырғы пандемия елдің бірлігі сынға түскен сәт болды. Жұмылған жұрт­тың арқасында талай жақсы бас­та­малар жүзеге асты. Аудандағы ерік­ті жастардың ұйымдастыруымен кәсіпкерлерден 2 млн теңгеден астам қаржы жиналып, оған жүздеген отбасыға азық-түлік жеткізілді. Жастар ресурстық орталығы жанынан «Рақмет» дүкені іске қосылып, 100-ге жуық отбасы қа­жетті тұрмыстық заттармен тегін қамтамасыз етілді. Қазалы қаласы мен Құм­жиек, Ғ.Мұратбаев ауылдық округ­терінің еріктілері 3 отбасыға үй салып берді, «Қарекет» қоры тұрғын үйге мұқтаж бес шаңыраққа баспана кілтін табыс етті. Жергілікті ірі компаниялар да қолұшын созып, ортақ іске үлкен үлес қосты. Былтыр жыл соңында Қаза­лы ауданаралық аруханасынан «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ де­меушілігімен оттегі стансасы ашылды. Заманауи қондырғылармен жабдық­талған станса Қазалымен көршілес Арал, Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қа­ласын оттегімен қамтамасыз ете алады.

Бірде толып, бірде солып ағатын Сырдария өзенінің арнасы былтыр күрт түсіп, егістің судан қалу қаупі туғанын диқандар әлі ұмыта қойған жоқ. Тиісті орындардың су тапшылығы болуы мүм­кін деген болжамына орай аудан көле­мінде 17 675 гектарға түрлі дақыл егуде әртараптандыру бағытына баса мән берілді. Тапшы судың өзін тиімді пайдаланған диқандар күзде қамбаны толтырып, Қазалы облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуден «Үздік аудан» атанды.

ТМД елдері мен Польшаға ақталған күріш пен күріш ұнтағы экспортталды. Бұдан бөлек 1 мың тоннадан астам балық өнімдері Ресей, Дания, Германия, Грузия, Қытай мемлекетіне жөнелтілді. Былтырдан бастап «Орда Қызылорда» ЖШС ауданнан Германияға қамыс экспорттай бастады.

Ауданда төрт түліктің барлық түрі­нің көбеюіне тұрғындардың жеке қаражаттарынан бөлек мемлекеттік бағдарламалардың да көп көмегі тиюде. Карантиндік шектеулерге қарамастан, былтыр аудандағы кәсіпорындарда 15,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда тепловоз бен вагон жөндеу қызмет ежел­ден жолға қойылған. Керегін сырттан тасу­дың тиімсіздігін түсінген жұрт соң­ғы жылдары азық-түлік өнімдерімен қатар асфальт, бетон, тігін өндірісін өріс­тетіп отыр. Бұл саладағы кәсіп иелері мемлекеттік қолдау шараларын айқын сезінуде.

Жыл ішінде түрлі мемлекеттік бағдар­ламалар аясында 1 250 адам 3 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алды. Былтыр аудандар арасында алғаш рет Қазалыда сыйымдылығы 500 тонна болатын көкөніс пен жеміс-жидек қоймасы ашылды. Бұл ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға септігін тигізіп отыр.

 

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы