Оқиға • 05 Ақпан, 2021

Көктөбедегі телемұнараның мүмкіндігі көбейді

1142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлан-байтақ даланың әр шал­ғайында «Көктөбе» дейтін елді мекендер аз кездеспейді, таулар да бар. Көктөбе атты ауылдар, қыстақ түбек те табылады. Бірақ Алматы қаласының оңтүстік-шығысында, Іле Ала­тауының бөктерінде орналасқан Көктөбеден аспанға шаншылған телемұнара – жалғыз.

Көктөбедегі телемұнараның мүмкіндігі көбейді

1975-1983 жылдары аралығында салынған, Алматының символы іс­петтес телемұнара биіктігі жағынан әлемде 32-орын алып келді. 2011 жыл­­дың қаңтарында оған екі лифт қойылды.

Осыдан 5 жыл бұрын Алматыда архитектуралық жарықтандыру тұжы­рымдамасы қолға алынып, телемұнара жарқырап шыға келді.

Мұнараның теңіз деңгейінен биік­тігі 1 452 метрді құрайды. Қазіргі уа­қытта «Көктөбе» телемұнарасы – Қа­зақ­станның телевизиялық хабар та­р­та­тын цифрлы форматқа көшіру үр­дісіндегі ең маңызды нысандардың бірі. Мұнараның дәл жүрегінде бүкіл Қазақстан бойынша цифрлы ха­бар тарату желісін бақылайтын «Қазтелерадио» желі сапасын басқару және мониторингтеу орталығы орна­ласқан.

Ендігі жерде Алматыда балама хабар тарату тәжірибесі толығымен тарих қойнауына енді десе де болады. 3 ақпан күні шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев «Көктөбе» телемұнарасында балама телехабар тарату желісін өшіру рәсіміне қатысты. Осылайша, Алматының әкімі мегаполистің цифрлы телевизияға толық көшкенін мәлімдеді.

«Жобаны кезең-кезеңмен іске асыру кезінде Алматы мен облыстағы 90 цифрлы радиотелевизиялық станса пайдалануға берілді. Бұл – 3,8 миллионнан астам тұрғыны бар 736 елді мекенді цифрлы эфирлік телехабар тарату жүйесімен қамтуға мүмкіндік ашты», – деді Алматының әкімі.

Цифрлы стандарт отандық теле­арналардың хабар тарату үлесін ұлғайтып, елдің ақпараттық ресурсына тең құқықты қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұған дейінгі 4-5 телеарнаның орнына енді қазақстандық 30-ға жуық телеарнаны таңдауға мүмкіндік бар. Бұл ретте қымбат спутниктік табақты орнатудың да, кабельдік операторға ақы төлеудің де қажеті жоқ. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар сигнал қабылдағыштар арқылы тегін қамтамасыз етіледі.

Сонымен цифрлы режім­ге кө­шудің ресми рәсімі де «Көктөбе» те­лемұнарасында өтті. Ол респуб­ли­кадағы ең биік және тек Алматы аума­ғын ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы 200 елді мекенді цифрлы сигналмен қамтиды. Бұл Алматы об­лысы тұрғындарының 40 пайызын құрайды.

 

АЛМАТЫ