Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Елбасының балалық, жастық шағынан сыр шертетін «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін бүкіл қазақстандықтар болып, оның ішінде Қарағанды облысының қалың жұртшылығы ерекше сезіммен тамашалаған болатын.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Елбасының балалық, жастық шағынан сыр шертетін «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін бүкіл қазақстандықтар болып, оның ішінде Қарағанды облысының қалың жұртшылығы ерекше сезіммен тамашалаған болатын.

Енді, міне, киностудиямыздың өз көрермендеріне жол тартқан «Елбасы жолы» деп аталатын жаңа туындысын көрген сәттен-ақ одан алған әсерім айрықша болғандығын айтар едім.
Нұрсұлтан Әбішұлын Теміртаудағы өндірістегі, лауазымдық қызметтегі кезінен білем десем де нақты деректермен дәйектеліп түсірілген «Отты өзен» және «Темір тау» тарауларынан өрелі қасиеттеріне одан сайын қаныға түстім. Міне, туындының танымдық әрі тәрбиелік бір құндылығы да осында деп ойлаймын. Сол шақта жұмыс бабында бірнеше мәрте кездесулерде байқағанымдай айналасындағы адамдарға деген ізгілік пен ізеттілік, соның ішінде еңбектің ыстық-суығын бірге көруші металлург әріптестеріне ықылас пен құрмет фильмде шынайы көрініс табуы көңіл толқытты.
Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен Қазақстан Магниткасының құрылысын салысуға келген комсомол-жастардың, сан ұлт өкілдерінің ортасында қазақ жастарының да молынан болғандығын, олардың да құлшына белсенділікпен еңбек еткенін біздер жақсы білеміз.
Фильмдегі ерекше тартымды сәттердің бірі – бір топ қазақ жастарының Украинаға барып, сол жақтағы ұстаздарынан металлургия мамандығының қыр-сырын меңгеруі. Сонымен қоса, сондағы ұстаздарын бүгінгі күнге дейін ұмытпай әрдайым сыйлап жүруі, қамқорлық жасауы, осы жастардың ерекше азаматтық қасиеттерінің бірі. Міне, сол уақыт нағыз достықтың шыңдалған кезеңі болғандығын Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі ыстық сезіммен айтып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен өмірдің қайнаған ортасына келіп, кездескен қаншама қиындықтарға мойымай қайсарлықпен қарсы тұрып, жеңе білгендігінің өзі оның қанында бар қайтпас қайсарлығын, өр мінезділігін, тектілігін танытса керек. Аталған фильмде осы жайлар өте сәтті көрініс тапқан. Сонымен бірге, туған халқына, Отан-анаға деген шексіз сүйіспеншілігінің, қажырлылығының арқасында тамаша жетістіктерге жеткен кезеңдері де өте сәтті көрсетілген. Мәселен, қиындыққа шыдамай ауылға қайтқысы келген жастар намысын қайрап, үгіттеп, осы құрылыстың иесі ертеңгі күні өздері екендігін түсіндіретін шақтары да өте әсерлі. Бұл бүгінгі ұрпаққа айтарлықтай өнеге, мол тағылым.
Сол кездегі қайратты жастардың арасында өзінің комсомолдық жалынды жігерімен, ұлттық рухани бай тәрбиесінің арқасында басқа ұлт өкілдерінің ортасында үйренуге, білуге құштарлығымен, еңбектің асау өткелдерінде жасымай, өмір баспалдақтарының биік сатысына өрлеп келе жатқан, жігерлі жастық шағы әдемі көрсетілген. Шындығында да, сол кездегі жастардың ерлікке толы «құрыштай берік» кезеңін әрдайым мақтанышпен мойындауға тура келеді.
Фильм еліміздің ертеңі – жас ұрпақ көкейіне сәуле құяр өнегелік маңыздылығымен құнды. Халқымыз бақытына жаратылған, сенімін ақтауда сіңірудегі еңбегі ерекше Елбасының өсу, шыңдалу жолындағы өмір белестері тағы бір қаныққанымыздай барша жұртымызға зор мақтаныш.
Рымбала ОМАРБЕКОВА,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қызметкері.
ҚАРАҒАНДЫ.