Тұяғынан от ұшқан тұлпар уақыт жетегіне алған тағы бір жыл мәреге жетті. Қазақ мәдениеті, соның ішінде қазақ кинематографиясы үшін бұл жемісті де, жеңісті жыл. Олай деуге себеп бар, себебі, бірер күндер бұрын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ең табысты жобаларының бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы
Тұяғынан от ұшқан тұлпар уақыт жетегіне алған тағы бір жыл мәреге жетті. Қазақ мәдениеті, соның ішінде қазақ кинематографиясы үшін бұл жемісті де, жеңісті жыл. Олай деуге себеп бар, себебі, бірер күндер бұрын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының ең табысты жобаларының бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шығармаларының желісі бойынша түсірілген «Елбасы жолы» атты киноэпопеяның жалғасы – екінші және үшінші фильмі көрерменге жол тартты. «Отты өзен» («Огненная река») және «Темір тау» («Железная гора») деп аталатын фильмдерде Елбасының студенттік өмірі, достары мен жастық шағы жайлы әңгімеленіп, Теміртау қаласында бастаған еңбек жолы баяндалады. Естеріңізге сала кетсек, алғашқы фильм – «Балалық шағымның аспаны» туындысы 2011 жылы жарыққа шыққан болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының шынайы өміріне негізделіп түсірілген фильм көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені соншалық, көрсетілімнен кейін де көрермен қауым он бес минут уақыт бойы қошеметін аямай, фильмді 2011 жылдың ең үздік туындысы деп бағалған еді.

Бүгінгі қазақ киносы – Елбасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында қарыштап дамып келеді. Біз бүгінгі күнге дейін барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп келеміз. Тәуелсіз еліміз – Қазақстанның мықты ipгeтасын қалаған және саяси-экономикалық әлеуеті жоғары елге айналдырып, бүкіл әлем мойындайтын дәрежеге жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасы жүргізіп келе жатқан парасатты саясаттың арқасында еліміз есейді, тәуелсіздігіміз, ұлт тұтастығы одан әpi нығайды.
Сценарий бойынша екінші және үшінші фильмдерде 1950-жылдар аяғы мен 1960-жылдар кезеңіндегі оқиғалар қамтылады. Бұл кезде Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласындағы металлургиялық зауытта жұмыс істейді, сол жақтан Украинаға оқуға жіберіледі, Днепродзержинскідегі оқуды тәмамдаған соң, Теміртау қаласына қайтып келіп жұмысын жалғастырады. «Темір тау» фильмінің сюжеті осылай өрбиді. Оқиға Нұрсұлтан Әбішұлының шынайы өмір жолын баяндайтын «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты шығармаларының желісі негізінде түсірілген.
Президенттің бала кезі туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмінің де, сондай-ақ, кейінгі «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдерінің сценарийін Шахимарден Құсайынов пен «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» фильмдерінің қоюшы режиссері Рүстем Әбдірашев жазды. Жобаның қоюшы режиссері – Рүстем Әбдірашев. 2008 жылы режиссердің «Сталинге сыйлық» атты жұртшылық назарына ұсынған фильмі көрермендердің жүрегіне жол тауып, ыстық ықыластарына бөленген болатын. Алғашқы көрсетілімнен бастап, фильм кеңінен танылып, баспасөз беттері төл туынды жайлы жарыса жазғаны да есімізде. Бұл ретте де Рүстем Әбдірашев өз кезегінде тағы бір алып туындыны дүниеге әкелді. Жалпы, фильм болашағын, негізінен, драматургия және режиссура айқындайды. Себебі, оқиғаны жай ғана баяндап беру басқа да, оны шым-шытырық тартысқа, қозғалысқа құру бір басқа. Бұл ретте сценарий авторларының еңбегі ерен. Себебі, «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдері сценарийлерінің сюжеттер желісі шешімді түйінге бастайтын шымыр композициялық бітімге бағынған. Бұл, әрине, режиссердің жүгін жеңілдетері хақ. Сценарий авторларының оқиға өрістеп жататын кезеңге, яғни 1960-жылдары комсомолдық жолдамамен Теміртауға жіберілген жастардың металлург болу арманы жолындағы қиындықтарын шынайы да көркем суреттеген. Фильмде Сұлтан мен оның үзеңгілес достары арасындағы қилы қарым-қатынастар суреттеледі. Қазақ жеріндегі ұлттар достастығы кеңінен дәріптеліп, күллі қазақ халқының дарқандылығы көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанның өзінде бұл фильмдердің берері мол. Фильм режиссері Рүстем Әбдірашевтің айтуы бойынша: «Болып жатқан оқиғалардың көбі Нұрсұлтан Әбішұлының кітаптарынан алынған. Тарихи негізделген, бәрі шындық...». Кеңес өкіметі кезеңінің атмосферасын толыққанды берудегі декораторлардың да тынымсыз еңбегін ескеру керек сияқты. Өйткені, мәселен, Балалар мен жасөспірімдер театрының алдына орнатылған арнайы декорациялар: газет сататын дүңгіршек, кинокартиналарды жарнамалап әр жерлерге ілінген афишалар, көше қиылысындағы ескі бағдаршам, бәрі-бәрі сол кезеңнің тыныс-тіршілігінен көрініс беріп тұрғандай. Кейіпкерлердің киім кию, шаш қою үлгілері, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы тиянақты зерделеніп, өте дәл берілген.
Басты кейіпкер Сұлтан рөлін Нұрлан Әлімжанов, әкесі Әбішті – Нұржұман Ықтымбаев, анасы Әлжанды – Наталья Орынбасарова, Сараны – Мәдина Есманова сомдайды. Отандық актерлермен қатар, фильмдегі эпизодтық рөлдерге Валентин Гафт, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуров және Мария Голубкина секілді ресейлік кино майталмандары да тартылған.
Көп фильмдерде кездесетіндей, бұл туындыда артық деталь, артық кейіпкер, артық көрініс жоқ. Бәрі бірін-бірі толықтырып, бәрі де ортақ бір идеяға – «Қайтсек те азамат боламыз» деген идеяға бағындырылған. Осы идея жалаң емес, нанымды оқиғалар құрамы арқылы жоғары көркемдік деңгейде беріліп, фильмнің органикалық тұтастығын қалыптастырған.
Фильмнің қоюшы операторлары – Александр Плотников пен Сапар Койчуманов. Бұл жерде Сапар Койчумановтың шеберлігі баршамызды сөзсіз мойындатады. Табиғат көріністерінің, тіпті, кейіпкерлердің сан алуан ракурста берілуі әрбір эпизодты тартымды етері анық. Еске салар бір жайт, Сапар Койчуманов – көптеген фильмдерде, соның ішінде режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» және менің «Қызжылаған» фильмдерінде өз шеберлігін мойындата білген оператор.
Қорыта айтқанда, «Елбасы жолы» атты фильмдер циклы – қазақ киносының елеулі табысы. Мені қуантқаны, қазақ киносында экран арқылы адам жанына үңілу үрдісі, психологиялық төңкеріс, қоғам мен адам, еңбек адамы рөлін көтерудің сипат алуы болды. Фильмнің мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен лидер ретінде қалыптасуына байланысты тарихи деректерді түгендеу ғана емес, сонымен қатар, Мемлекет басшысы өмір бойы мақсат тұтқан, қол созған мұраттарды, құндылық-қасиеттерді насихаттайтын әлемдік кинофильм тудыруға деген талпыныста екені рас. Шығармашылық топ бұл ретте діттеген мақсатқа жетті.
Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ,
кинорежиссер.