Әлем • 08 Ақпан, 2021

Алып елдерді алаңдатқан Азия: Мьянма мәселесі қалай болмақ?

471 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Азиядағы ең жақын одақтасы болып табылатын Жапония үкіметі америкалық жаңа әкімшілікпен сыртқы саясат саласындағы басты бағыттарды үйлестіріп алуға бар күш-жігерін салуда.

Алып елдерді алаңдатқан Азия: Мьянма мәселесі қалай болмақ?

28 ақпанда телефон арқылы сөйлескен президент Джо Байден мен премьер-министр Ёшихидэ Суганың келіссөздері барысында бүгінгі таңдағы Жапонияның сыртқы саясатындағы басты бағыттардың бірі болып табылатын «Еркін және ашық Үнді-Тынық мұхиты» стратегия­сы ең маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылған еді. Ты­нық мұхит аймағындағы басты елдердің келіссөздерінен бір­неше ғана күн өткенде Мьянма мем­лекетінде әскери көтеріліс болып, дүниені дүр сілкіндірді. Мьян­мадағы саяси-әлеуметтік жағ­дай бір мезетте әлем үшін ең ма­ңыз­ды мәселеге айналып шыға келді.

3 ақпанда Жапонияның би­лік басындағы Либералды-де­мо­­кратиялық партиясы шет мемлекеттердегі адам құқығы­на қа­тысты мәселелерді қарас­тыратын арнайы жұмыс тобын құрды. Аталған жұмыс тобы маусым айының аяғына дейін Мьянмадағы әскери көтеріліс сияқты немесе Қытайдағы адам құқығына қатысты мәселелерге байланысты үкіметтің нақты ұстанымын анықтау үшін ұсыныс беруге міндеттелді.

Жалпы, қай аймақ, қай ел болмасын, бұған дейін жапон үкіметі мұндай мәселелерге қатысты негізінен «диалог пен әріптестік» форматын басты дипломатиялық тәсіл ретінде пайдаланып келген болса, бұдан былай өзгеруге тура келетін сияқты. Мысалы, Мьянмадағы болған саяси оқиғаға қатысты жапон үкі­меті басты демократиялық мемлекеттермен салыстырғанда бір­неше сағатқа кешігіп (әскери төңкеріс болғаны жайлы ақпарат тарағаннан кейін сегіз сағаттан соң) мәлімдеме жасағаны үшін халық­аралық қауымдастық тара­пы­нан әжептеуір сынға ұшы­рады. Сондықтан үкімет дереу билік басындағы басты саяси партия мүшелері арасынан ар­найы жұмыс тобын құрды және алдағы уақытта сыртқы саясат саласында бұған дейінгі дипломатиялық форматтарды өзгертуге мәжбүр болатын сияқты. Батыстық демократиялық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынаста болудың және олардан оқшауланып қалмаудың амалы осы. Партияның халық­аралық қатынастар және дип­ломатиялық мәселелерге жауап­ты саясаткерлері АҚШ-та Бай­ден­нің әкімшілігі әлем ел­деріндегі адам құқықтарына қа­тыс­ты мәселелерге қатаң ұста­нымда болуды жоспарлап отыр­ған кезде жапон үкіметі де соған қарай өзгермесе болмас дегенді алға тартып отыр.

Әрине, Жапония бұған дейін де батыстық жүйеге жататын мем­лекеттермен адам құқық­тары, сөз еркіндігі сияқты әмбе­бап құндылықтарды бөлісіп келе жат­қан Азиядағы бірден-бір демократиялық мемлекет екеніне ешбір күмән жоқ. Жапонияның сыртқы істер министрі Тошимицу Мотеги «Үлкен жетілік» (G7) мемлекеттері сыртқы істер ми­нистр­лері Мьянмадағы әскери көтері­лісті сынға алған ортақ мә­лім­демеге қол қойып, өз та­рапы­нан да мьянмалық әскери билік­тен тұтқындалып, қамауға алынған саясаткерлер мен аза­маттық қоғам қайраткерлерін бо­сатуды талап етті. Қытайдың Гон­конгы мен Шыңжаңдағы адам құқықтарына қатысты да жапон үкіметі қатаң ұстанымын жеткізіп келе жатқанын білеміз.

Дегенмен саяси мәлімдеме­лермен қатар, сауда-экономи­ка­лық санкциялар жариялайтын батыстық мемлекеттермен са­лыстырғанда жапон үкіметінің адам құқықтарына қатысты ұстанымы әдетте әлсіз деп сынап жатқандардың да сөзінің жаны бар екені рас. Бірақ ондай «әлсіз» ұстанымда да үлкен стра­тегиялық мән жатқанын та­ғы жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, тағы сол Мьянманы алар болсақ, кезінде елде әскерилер билік жүргізіп тұрған тұста ба­тыстық елдер ол билікке түрлі санкциялар жариялап, әріптестік орнатудан үзілді-кесілді бас тартқанда жапон үкіметі олай істе­мей, да­мыған елдер арасын­да жалғыз ел боп әскери билікпен диалог орната біл­ген еді. Ал енді сол кездегі жа­пон дипломатиясының тәжі­ри­бесі елдегі билікті тағы да әске­ри­лер басып алған бүгінгі таңда қай­та қажет болатын сияқты. Сон­дықтан Мьянмадағы қазіргі шиеленісті шешу мәсе­лесінде жапон үкіметінің дипло­матиялық рөлі өте маңызды деп білеміз.

Егер батыс елдеріне қосылып жапон үкіметі де адам құқықтары бұзылып отырған Мьянмаға саяси-дипломатиялық және сауда-экономикалық санкция­лар жа­риялайтын болса, онда Жа­­пония мемлекетінің аймақ­тағы өзіндік рөлі төмендеп қалар еді. Оның үстіне, егер Жапо­ния Мьян­маға диалог емес, санк­ция жариялау саясатын таң­дай­тын болса, онда бұл елдегі әск­е­ри билік амалсыз Қытайдың құ­ша­ғына асығары сөзсіз. Қытай­ға керегі де дәл сол боп тұрғанын жа­­пон­дық саясаткерлер жақсы сезеді.

Қытай үшін Мьянма – страте­гиялық тұрғыдан өте маңызды мемлекет. Сондықтан Бейжіңнің бұл елдегі әскери төңкеріске бай­ланысты қандай да бір қатаң және сыни мәлімдемелер жасауы екіталай. Қытай үкіметі қандай жағдай болса да, билік кімнің қолында болса да, бұл елді өз мүддесіне қарай пайдалануды көздеп отыр. Сондықтан ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь Мьянмаға қатысты қанша рет мәлімдеме жасаса да, тек: «Тараптар ауыз­бір­шілікке келіп, елде саяси-әлеу­меттік тұрақтылық орнайды деп үміттенеміз» деумен шектеліп отыр. Қытай кезінде мьянмалық әскери билікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, кейіннен батыстың басты әріптесі Аун Сан Су Чжи басқарған «Демократиялық ұлттық лига» партиясы жеңіске жеткен кезде жаңа билікпен де ынтымақтастық орнатқан еді. Ал енді осы жолғы оқиғадан кейін 2 ақпанда шыққан қытайлық коммунистік пар­тия­ға қарасты беделді бір газет­тің: «Батыстық сайлау жүйесін енгізуге тырысқан кішкентай елдің сәтсіздігі – демократия үшін төленген құн» деп әжуалап жазғаны біраз нәрсені аңғартады. Ал ҚХР сыртқы істер министрі Ван И қаңтарда ғана Мьянмаға жасаған сапары барысында осы елдің әскери қолбасшысы Мин Аун Хлайнмен арнайы кездесіп: «Мемлекетті дамыту жолында сіз басшылық ететін әскердің тиісті рөл атқаруы үшін өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз» дегенінің саяси астарында не гәп жатқаны айтпай-ақ сезіліп тұр.

Қытай үшін Мьянма геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан маңызы зор мемлекет екеніне нақты дәлел келтіре кетейік. Үнді мұхитына жол ашып жат­қан Мьян­маның батысындағы Кяукпю қаласынан Қытайдың Юнь­­нань провинциясындағы Кунь­мин қаласына дейін мұнай және газ құбыры созылып жатыр. Бұл АҚШ-тың саяси ық­палы зор малайзиялық Малакка бұғазы арқылы өтпей-ақ, Таяу Шығыс аймағы мен Африка ел­дерінен мұнай мен газ, басқа да ши­кізатты Қытайға тасы­мал­дауға мүмкіндік беретін маңызды жол. Сондықтан Кяукпю өңірі ар­қылы Үнді мұхитымен жалға­сып жатқан Мьянма мемлекеті Қытайдың ғаламдық деңгейде жүр­гізіп отырған «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағ­дар­лама­сындағы басты бағыттардың бірі болып табылады.

Міне, осылайша, сауда-эко­но­микалық мүддесін ойла­ған коммунистік Қытай мен адам құ­қықтары мен сөз еркін­ді­гін қор­ғауды ойлаған демокра­тия­лық АҚШ пен оның Азиядағы сенімді одақтасы Жапонияның Мьянмадағы саяси-әлеуметтік жағдайға қатысты көзқарасы мен ұстанымының өзгеше болуы да сондықтан. Жоғарыда ай­тылғандай, АҚШ пен оның одақ­тастары Мьянманың әске­ри билігіне қатты қысым көрсете берсе, ол арқылы мәселе ше­шіл­мей, керісінше бұл елде әскери­лердің билігі ұзаққа созылып кету қаупі бар. Ал дамыған мемлекеттерден оқшауланып қалған ел қасындағы Қытайдың ықпалында қалып қоюы, тіпті Қытаймен әскери одақ құруға тырысуы да мүмкін. Бүгінгі таңда Қытаймен әскери одақтастық қатынас орнатып отырған әлемдегі жалғыз ел – Солтүстік Корея десек, ондай әс­кери әріптестікке тағы бір ел қосылған жағдайда Азия елдері ғана емес, бүкіл әлемдік саясатқа әсері зор болатыны сөзсіз.

Сөз соңында Жапониядағы адам құқықтарына қатысты жұ­мыс тобы жайлы әңгімеге қай­та оралсақ, жоғарыда баяндал­ғанды, әсіресе Қытай факторын ескере отырып, жапон үкіметі бір жағынан АҚШ бастаған ба­тыс­тық одақтас, әріптес елдер­мен демократиялық әлемдегі әмбе­бап құндылықтарды бөлі­су­ге бағытталған саясат пен екін­ші жағынан Азиядағы эконо­ми­калық алып ел ретінде мем­ле­кеттік мүдделерді қорғап қалу­ға бағытталған саясат арасын­дағы тепе-теңдікті ұстап тұруға тырысудан басқа амал жоқ сияқты. Қайткен күнде де, елде бір жыл­ға төтенше жағдай жария­­ланып отырған Мьянма мем­лек­етіндегі саяси мәселе Батыс пен Шығыстағы алып мемле­кет­тердің сыртқы саясаты мен дипломатиясы үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Бұл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі халықаралық кеңес­тің төрағасы міндетін атқарып отырған біздің елге де қатысты жағдай.

 

Батырхан Құрмансейіт,

шығыстанушы, Халықаралық қатынастар саласы бойынша PhD докторы