Қазақстан • 08 Ақпан, 2021

Қос азаматтық – қауіпті құбылыс

1926 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы еліміздегі 585 тұрғынның қос азаматтығы анықталды.

Қос азаматтық – қауіпті құбылыс

Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айрықша назарға алып, «Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады», деген болатын.

Қазақстанда екі мемлекеттің азаматтығын қатар алып жүргендер туралы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Әлі де айтылып келеді. Неге? Себебі Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабы, 3-тармағына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол жоқ. Яғни заңмен тыйым салынған. Осы 3-тармақта «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды», деп анық жазылып тұр. Шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды.

Шетел азаматы атанар кезде осы айтылғандарды елеп-ескермедік дейтіндердің сөзіне сене қою қиын.

Айласын асырып, кінәсін жасырғысы келгендердің басым көпшілігі мұндай қадамға қандай да бір материалдық мүддені көздей отырып баратын секілді. Қалтамыз қалыңдап қалса деген оймен екі мемлекеттен бөлінетін зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді пайдасына жаратады.

Оңай олжаға кенелгісі келгендердің саны жүздеп, мыңдап кездесетінін қайтерсіз. Мәселен, 2016 жылы қаңтар-қараша айларының аралығында елімізде қос азаматтығы бар 581 адам осы заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Соның ішінде, Қазақстан азаматының төлқұжатын, жеке куәлігін заңсыз пайдаланып келген 281 тұлғаға айыппұл салынса, өзге мемлекеттің азаматтығын иеленгенін хабарламаған 294 адамға тиісті шара қолданылды. Яғни осы 294 адамның 166-сы айыппұл арқалап, қалған 128-і елден қуылыпты.

Мұнымен жағдай жақсара қойған жоқ. 2019 жылы Қазақстанда қос азаматтығы бар 500 адам анықталғаны белгілі болса, 2020 жылы қаңтар-қазан айларының аралығында 284 тұлға қос азаматтығы үшін жауапқа тартылды. Олар азаматтығынан айырылған адамдар бола тұра, Қазақстанға келу және осында тұру мақсатында өздерінің бұрынғы (қазақстандық) құжаттарын пайдаланыпты. Осы заң бұзушылықтар үшін 266 адамға (277 800 теңгеден 555 мың теңгеге дейін) айыппұл салынып, 18 адам елден шығарылды. Осылайша, жыл соңында 284 заң бұзушының саны 585-ке жетті.

Өткен жылдың соңына қарай еліміздің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы екі мемлекеттік қызметшінің қос азаматтығы бары анықталды. Бұл туралы Сенат отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, 2020 жылдың 11 айында құқық қорғау органдары қос азаматтықтың 431 фактісін анықтапты. Соның екеуі – Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы мемлекеттік қызметшілер болып шықты.

Мемлекеттік қызметшілердің қос азаматтығы болуы жаға ұстатарлық жағдай деуге болатын сияқты. Неге? Себебі жалпақ жұрт біле бермейтін, жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың басым бөлігі нақ осы мемлекеттік қызметшілердің қолында болмаушы ма еді? Әрине, вице-министр алға тартқан екі мемлекеттік қызметшіні отанына опасыздық жасап, құпия құжаттарды «сыртқа шығарды» деуден аулақпыз. Мәселенің мән жайын тиісті органдар анықтай жатар. Айтпағымыз, мемлекеттің құпиясын Қазақстаннык азаматтығы да жоқ адамға қалай сеніп тапсыруға болады және бұған қалай жол берілді болып отыр?

Қос азаматтық – еріккеннің ермегі емес. Ол ең алдымен қоғамның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына әсер ететін қоғаушы күш!

 

Соңғы жаңалықтар