Медицина • 08 Ақпан, 2021

Вакцина салдырғандар не дейді?

704 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында коронавирусқа қарсы екпе салу жалғасып жатыр. Өңірге ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы легі келіп, еріктілер мен міндетті екпе алушылар әлі де егілуде. Жалпы екпені салудың алғашқы кезеңінде 1 450 адам қамтылмақ.

Вакцина салдырғандар не дейді?

– Облыста коронавирус індетіне қарсы вакцина салу басталды. «Спутник V» вакцинасының 1 450 дозасы аймақтағы төрт емдеу мекемесіне таратылды. Алғашқы күні вакцина 40 адамға салынды. Олардың жағдайы дәрігердің қадағалауында. Жалпы, екпе салдырғаннан кейін дене қызуы көтерілуі мүмкін. Егер температура 37 градусқа жетсе, Парацетамол немесе Ибупрофен дәрісін ішу керек. Ал дене қызуы 39 градустан асса, дәрігерге жүгінген жөн. Біз екпе салардан бұрын адамдардың денсаулығын толық тексеруден өткіземіз және екпеден кейін де біршама уақыт жіті бақылаймыз. Әзірге облыста екпе салғаннан кейін қандай бір теріс әсер немесе дәрігердің көмегіне жүгіну тіркелген жоқ. Тағы бір байқағанымыз, адамдарда екпе алуға дейін қорқыныш үдеп, қан қысымының ауытқуы болып жатты. Әрине, бұған да түсіністікпен қарауымыз керек. Өйткені коронавирусқа қарсы екпе әлем бойынша тұңғыш рет қолданысқа енді, тұрғындардың көңілінде күдік те, алаң да болуы заңды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Қазір облыстың 4 ауданында егу жұмысы жүріп жатыр. Бүгінге дейін аймақтағы жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел медициналық жәрдем қызметі, реанимация бөлімшелері, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің дәрігерлері мен санитарлық қызмет мамандары егілген. Міндетті екпе алатындар санатында 11 192 медицина қызметері бар. Сондай-ақ облыстың шалғай өңіріндегі тұрғындарға екпе салу мақсатында 12 жылжымалы бригада іске кіріскен екен. Вакцина салынған құтыларды тасымалдау үшін сыйымдылығы 253 литр болатын 11 термоконтейнер арнайы сатып алыныпты. Мұнан бөлек, тұрғындар арасында коронавирусқа қарсы екпе салу жұмысының тиімділігі мен қауіпсіздігі жайында түсіндірме жұмысы жүріп жатыр.

– Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары аудандардағы медицина қызметкерлеріне коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау алгоритмі, вакциналарды сақтау, жүргізілген егулерді есепке алу бойынша семинар өткізген болатын. Қазірге дейін 491 медицина қызметкері дәріс тыңдап, 474 дәрігер аттестатталды, – дейді облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев.

Айтпақшы, алғашқы күні ерікті түрде екпе салдырғандар арасында облыс әкімінің екі орынбасары мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары және облыстық санитарлық эпидемиялық басқармасы басшысының орынбасары болған еді. Бүгінде олардың жағдайы қалыпты, дәрігер қызметіне жүгінбеген. Лауазымды тұлғалар өз қызметтерін жалғастырып жатыр. Сондай-ақ ерікті түрде екпе алғандар тізімінде әріптестеріміз де жүр. Алғашқы болып облыстық «Огни Алатау» газетінің қызметкері Жанар Мықтыбаева «Спутник V» вакцинасын салдырды. Біз журналиске хабарласып, жағдайын сұраған едік.

– Вакцина алдым. Үш күн бойы дәрігерлердің бақылауында болдым. Ешқандай кері әсері байқалмады Жұмысымды істеп жүрмін. Әрине, көңілімде індеттен туған үрей бар-ды. Мен оны жеңдім. Осы күдік адамдардың екпе алуына да кері әсер етіп тұрғандай. Жерлестерімді екпе салу арқылы індетті толық жеңіп, қалыпты тіршілікке оралатын күннің жақын қалғанына сендіргім келеді, – деді әріптесіміз.

 

Алматы облысы