Руханият • 08 Ақпан, 2021

Өкпек жолаушылар

1218 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біздің үй аэропортқа жақын. Төбемізден күн сайын емес, тіпті сағат сайын ұшақтар самғайды. Алғаш көшіп келгенде әлгі ұшақтардың дауысына қайта-қайта елеңдеп отыратынбыз. Бірақ кейін құлақ үйренгендік пе, сол ұшақтар мүлде ұшпай қалғандай болды... Жалпы адам табиғаты өте қызық, тылсым, жұмбақ келеді ғой. Сенгіш, ырымшыл, үмітшіл. Ойлап отырсақ, бұған дейінгі тұрған пәтеріміздің де жанынан ылғи пойыз жөңкілетін. Жаңа үйімізге көшіп келгенде бірден осыны айтып бір күлісіп алдық. Ендігі үйіміз кемелер тоқтайтын алып порттың қасында болмаса игі деп мәз болғанбыз. Рельске сарт-сұрт тиген пойыз доңғалақтары өткен сайын терезеге қарайтын едік. Айтматовша айтсақ, Оралханша ойласақ «батыстан шығысқа, шығыстан батысқа» жөңкілген жүрдек пойыздар, ұшқыр ұшақтар бізді ешқашан бейжай қалдырмайтын.

Өкпек жолаушылар

 

Алайда кейін сол пойыз­дар­дың да, ұшақтардың да дауыс­тарын біз естімей қалдық. Жо-жоқ, пойыз өтпей, ұшақ ұшпай қалған жоқ, тек біз күнделікті, бірқалыпты, кестемен ғана жү­ретін кезекті жолаушылар көлік­терінің дауыстарына үйреніп кеттік...

Жазушы досымыз терезесі­нің түбінен пойыздар өтетін сол пә­те­рімізге келген сайын сар­қы­ра­ма жанында туып, өмір бо­йы сол сарқыраманың дауысымен бір­ге ер жеткен кейіпкер жай­лы шы­ғарманы айтатын. Ке­йін сар­қырамадан алыс кеткен кейіп­кер өмір бойы өзіне не нәрсе жетіс­пейтінін таппай дал болады. Оған сарқыраманың шуы ғана жет­пейтінін кейін ұғады.

Жә, айтпағымыз бұл емес бол­са да, біздің үйдің төбесін тіл­гі­лей ұшқан ұшақтар мен тере­земізді сындырардай сатырлап өтер пойыздардың дауыстарын мүлде естімей қалғанымыз бәрібір қызық.

1

* * *

Зейнеп сол күні үйінің төбесі­нен алып аспанды дүбірге бө­лей ұзақ ұшқан ұшақ дауысына қосыла күрсінгенін өзі де бай­қа­май қалды. Бұл не дыбыс, бұл не күр­сініс? Адам жанының түк­пірінде жатқан жаймашуақ се­зім­дер мезгілсіз бүр жарғандай то­сын құбылыс. Өкпек желдей қа­йырыла соқпаған бұл жолаушы­ны Зейнепке кім деуге болады? Бір ғана сәтке жалт етіп жоқ болған, дауысы құлаққа жағымды, мінезі биязы, адамды бірден баурап алар қасиеті ерекше бұл жолау­шы қайдан келді? Жұбайынан ерте айырылған, бүгінде зейнет жасына келсе де бала-шағаның қамы деп тірліктің қамытын қайта шешілместей киіп алған Зейнепті қобалжытатындай бұл жолаушы қайда кетіп барады? Айтөрені айтамыз. Жаңа ғана ұшаққа отырып, Зейнептің үйінің төбесінен зымырай ұшқан бейтаныс жан Айтөре, Зейнептің үйіне келген бейтаныс қонақ, Зейнеп тұрып жатқан үйдің бұрынғы иесі.

Өкпек жолаушы десе өкпек жолаушы. Бейтаныс бола тұра екі кейіпкер бір-бірін сондай жақын тұтады. Небәрі екі-үш сағаттық таныстық оларды мәңгі айырылмастай жақын сезімдерге жетелеп кетті. Адами болмыс жақын­ды­ғы, өмір мен өлім алдындағы адам шешімдері оларды осылай жалғыз қалдырды. Зейнеп ерте бақилық болған жарының орнын күзетті. Сергелдеңге толы балалар жолына өзінің тұтас ғұ­мы­рын құрбандыққа шалды. Ме­йі­рімділігінен зұлымдық қана тап­­­қан Айтөре трагедиясы да оны мәңгі жалғыздыққа сыңар етті. Өз өмірлерін туғандары мен жақындарына ғана арнап, тағ­дыр теперіштеріне тек өзде­рін тосқауыл еткен екі жан ескі үйде қимай қоштасты. Тіпті бір-бір­леріне ешкім болмаса да, олар айы­рылмастай біртұтас еді. Кез­дейсоқ жолыққан екі қарт адам ара­сында сезім оты ұшқын бер­гендей уақыт зырлап өтуде. Не­бәрі үш сағаттық кездесу бір-бірі­нің жан дүниесін түсінісу­ге жет­кілікті де еді. Дегенмен... Ең бас­тысы, осы сағаттар ішінде олар еш­қашан сезінбеген, еш­қашан кешіп көрмеген керемет жа­қындықты сезінді.

Адам жаны кейде күні-түні азан-қазан болып жататын шулы автовокзалдарға, я болмаса ақ ұшақ армандарға толы алыс аэро­дромдарға ұқсап кетеді. Көңіл түкпірінен қимай да қимай қол бұлғап қалған аялы қолдар жа­ныңды алай-дүлей етіп, есіңе ең бір ұмы­тылмас нәзік сәттерді түсі­реді. Айтөре Зейнеп жүрегіне осы­нау сезімдерді қалдырып, ескі үйдің төбесінен ұшып өтті.

Дулат Исабековтің бұл кейіп­керлерін қадағалап отырып, бәл­кім Зейнептің үйіне ешкім келмеді деп те шешім шығаруға болар еді. Айтөре – уақыт. Зейнеп бар сы­рын уақытқа ақтарды. Уақыт зымырап, әр сағат сайын ескі үйлер­дің үстімен ұшып жатыр. Дендеп барсақ өкпек жолаушы Айтөре емес, Зейнептің өзі ғой.

* * *

Ұшақ ұшуға әлі үш сағаттай уақыт бар. Дональд Плант кенет бала күнінде өлердей ғашық болған, бірақ өзіне ешқашан қа­рамаған Нэнси Холмсқа қоңы­рау шалып, үйіне соққысы кел­ді. Әрине, арада қаншама уақыт өткен, ол тұрмыста болуы мүм­кін, басқа да жағдайлар орын алуы ғажап емес, алайда До­нальд қоңырау соғып, жарты са­ғат­тың мұғдарында Нэнсидің есік қоңырауын басты. Есікті ға­жап сұлу келіншек ашты. Сол бая­ғы өзі ғашық Нэнси күлімдеп: «Дональд!» деп құшақ жая қарсы алды.

Дональд сол сәттерде, айна­ласы жарты сағат қой, оның жан дү­ние­сінде әйелі қайтыс бол­ғаннан бері кешпеген бір се­зім пайда болды және оны еш­қа­шан бастан кешіремін деп үміт­тенбеген тосын сезім. Нэнси де Дональдқа ерекше жайдары, ерек­ше жақын, тіпті аса ын­тық кө­ңілмен аялай сөйлеуде. Тіп­ті олар мектепте бір-бірін ұнат­қан­дарын ашық мойындай айтып, бала ғашық сезімдер отыздан асқан жігіт пен келіншектің ара­сында жып-жылы леп естірді. Нэн­си да бұрын ешқашан кешіп көрмеген ыстық сезімдерге шар­­пылды. Мектептегі небір қы­зық кездерді әңгімеледі, ананы айтты, мынаны айтты, альбом қа­рады. Оқушы кездеріндегі су­реттерді мазмұндап отыр. Бәрі де біз ойлағандай аяқталар ма еді, алайда Нэнси суреттегі бала Дональдты мүлдем танымайтын болып шықпасы бар ма? Таза танымайды емес әрине. Нэнси сөйтсе Дональдты сүйген, қазір де Дональдты зор көңілмен қарсы алып, үйінде альбом қарап отыр, алайда Дональд Плантпен емес, Дональд Бауэрмен отырмын деген қиғаш қателікпен.

Көңіл-күй кенет өзгеріп сала бе­реді. Дональд жарты сағат ішін­де әуеде, ұшақ ішінде ойға шомып бара жатты. Нэнсимен кездескен жарты сағатта Дональд барлығын жоғалтқандай. Өзін, өзімен бірге өмір бойы бірге жасап келе жат­қан тәтті сезімдерін, алғашқы махаббатын, балалығын, бәрін-бәрін. Дональд әуеде он екі-он үштегі бала Дональд пен отыздан асқан жігіт Дональдтың арасында, жер мен көктің арасында кеңістікті шарлап кетті. Ол ұшаққа дейін­гі үш сағат аралығында мүлдем басқа адамға айналды. Адам өз өмірінің екінші жартысында көп дүниені жоғалтатынын түсінді. Тағдыр деген қызық қой, сол Нэнси әлгі альбомды алып шығып, бала Дональдты іздемесе ше? Фицджеральд кейіпкерле­рі де бізге жақын, бізге таныс, біз­бен сапарлас. Нэнси мен Дональд бір-бірін бала күннен танып, бір­ге оқып, бірге есейсе де олар бір-бірін ешқашан танымай кетіп ба­ра жатты. Бірақ біз оларды өте жақ­сы танимыз. Олар кешкен се­зімдермен, олар тап болған тағ­дырлармен, олар өткен, өтер шұ­балаң жолдармен таныспыз.

Өкпек жел Дональд кеудесін аяздай қарып өтті. Ол ұшаққа оты­руға асықты.

* * *

Белгісіз бекет.

Ой алаң...

Вагоннан түскем жаңбырмен.

Бір қысқа аялдамадан:

Өзіңді көріп қалдым мен!

Белгісіз алыс бір елде,

Белгісіз айлақ.

Таң болдым.

Ешкім жоқ-тұғын...

Жүрерде

Өзіңе ұқсас жан көрдім! – деу­ші еді ғой Гамзатов. Иә, біз үнемі өзімізге ең жақын адамдарды, өзімізге ең жақын бейнелерді ең бір қысқа аялдамалардан, ең бір алыс перрондардан көреміз. Қол бұлғасып, қоштасып, қимай, сағынысып...

Араға қаншама жылдар салып сол бекеттерден тағы да өте­міз. Өзгерген, өзгерткен, мүлде екі бөлек тағдырлар тағы да ұшы­расамыз.

Қол бұлғасып, қоштасып, қи­май, сағынысып...

Қаншама уақыт өткен, қан­шама жолаушылар біздің керуен кеудемізді аралап шыққан жыл­дар бедері бізді тағы да кездес­тіреді. Бірақ бізге емес, бізге ұқсас жандарға кездестіреді.

Өкпек жолаушылар – өзіміз еке­німізді өмір бойы түсіну үшін біз үнемі сапарға шығамыз. Қош­тасып, қол бұлғасып, қимай, са­ғы­нысып... Біз ұшақтар мен по­йыз­дардың дауыстарын ешқа­шан естімесек, те сапарларға шық­қы­мыз келіп тұрады.