Руханият • 08 Ақпан, 2021

Талайларды тамсантқан Тақиялы періште еді

446 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Рухани биікке «крансыз» көтерілген адам. Өмірдің бар ізгі­лігімен науаттанған жар басынан мөлдір суға үңілген жасыл емен тәрізді. Қарапайымдылықтан құйылған тау тектес мүсін бе дерсің. Жезайыр жазушы Асқар Сүлейменов «Жалғанның жалғандығын жылқының жанарынан асырып көрсетер айна қане?» дейді емес пе? Сол айна Әлімғазы атаның қарашығында бар еді. Осындай алып денеге тұнық көлдей көгілдір көз қайдан біткен деп қайран қалатынбыз. Мінезі көркем жанның қашанда маңайына жақсылық үйір ғой. Батасы – дәтке қуат, жанға суат-тұғын.

Талайларды тамсантқан Тақиялы періште еді

 

«Тақиялы періштені» білмей­тін қазақ кемде-кем. Әлгі өзіміз­дің тау теңселсе де тербелмейтін Тайлақ. Есте жоқ ескі дәуірдің ес­кірген бейнесі емес, әуелгі әкеле­ріміздің бала махаббатының бас­таухаты. Би кешіне жалғыз барған сұлуды үйіне шығарып салуға асық­қан бір топ жігіттің күдігі мен күмәнін әлдилеген су­рет. Есеюге асықпаған бозбаланың есті ермегі мен естелікке толы өмірбаяны.

Иә, иә, сіз де тамсанғансыз, біз де сүйінгенбіз. Бірақ жылдар сол көркем киноның кейіпкеріндей бәрімізді алысқа алып қашты. Ен­ді бәрі болмағандай, ешкім де көр­мегендей бұлыңғыр». Ел га­зеті «Егеменде» Әлімғазы Сұма­ғұл­­ұлының көзі тірісінде осылай тебірене жазып едік. Құдай аузымызға салғандай, біз қызыға қарайтын аңыз адамды бұл жолы жылдар емес, ажал алысқа алып қашты.

Білесіз бе, ол сіз ойлағандай «Ха­лық әртісі» немесе емен есікті ен­жар қағып, екінің бірі «әке-кө­келеп» алатын көп қызығар сый­лықтың иегері емес. Тіпті, әл­де­бір мерекелерді сылтауратып, сап түзеп, кеудесіне медаль тағу­ға асығатын атаққұмарлардың са­на­тында да жоқ. Әйтсе де сол даңқ­тың бәрі сол кісіге тиесілідей кө­рінетін. Сөйтсек басына бақ болып қонған қазақы тақиясы барлық марапаттардан биік екен-ау. Оны бала көңіл қазір аңғарып отыр.

Мұқым жұрттың қабағына күл­кі үйірген «Тақиялы періштенің» бас киім­сіз жүргенін көрмеппіз. Қай­да бар­са да көзіңе оттай басылатын сол түрлі-түсті таудай та­қия еді. Өзіне сондай жарасатын. Құдды Тәңір құйып қойғандай. Қария қандай болу керек десе ұял­май үлгі ететін ерекше болмыс та бар. «Ақсақалы аз, шапаны көп» заманда баяғы бабалардың бүгінгі образындай асқақ та ақылман. Ойлы да сөзге уәделі. Көненің кө­зіндей көңілге сондай ыстық. Көр­ген сайын естелік суретке түсуге оқталатынбыз. Сонда бетімізден қақпайтын, қайта туған баласындай бауырға басатын. Өзіңді шөл далада алып дарақтың саясында тұрғандай сезінесің.

Совхоз жүргізушісінен кеңес ки­но өнерінің ерекше бейнесіне айналған, қазақ киносы ұйқыға батқанда тақиясы­мен түртіп оят­қан, әйдік режиссер Шә­кен Айма­новтың сүйікті актеріне айнал­ған Әлімғазы Райымбеков еді. «Ән қана­тында» фильмінен бастап, сек­сенді алқымдаған тұста түскен «Тайлақтың тақиясына» дейінгі кинокартиналары көрерменнің жүрегінен мәңгі орын алғаны сөз­сіз. Бар-жоғы 12 кинофильмде ойнап, оның ішінде санаулысының ғана басты рөлін сомдаған ата­мыздың Қажымұқан қалпы дәуір аунағанымен, көңіл төрінен кет­песі анық.

Әрине көпке арман болған сұ­лу ғұ­мыр иесі атанды. Тағдырға кінә тағу­ға келмес. Бірақ өлімге қи­­майды екен­сің. Сексеннің сең­гіріне шықты, таяқ­сыз тоқсанға сапар­лады. Төсек тартып жат­қанға дейін халықтың ішінде жүр­ді. Же­тісудағы қандай да бір іс-шара «Тақиялы періштесіз» өтпейтін. Әкім­­­дердің өзі төрден орын беріп, ізет көрсетті. Әттең, жаһандық ін­дет ардақты ақсақалымыздан да айналып өтпеді. Өзек­ті жанға бір өлім еге.

Өнер дүниесінде тұтас қоғам­ның кө­ңі­лінен шығуы мүмкін емес. Біреу бі­лер, біреу білмес. Ін­­жу-маржанның құн­ды­лығы сол – тереңнен тамыр тартуында. Тұң­­­ғиық түбіне тұншықпай бойлап, құм-қайраңның ішінен тек асыл­ды сүзіп алуға құлшыныс­пен қатар кең тыныс, жүрек күші қа­жет. Онсыз болмайды. Шынайы өнер туын­дысы осылай туады, ­солай қабылданады. Анау айтқандай әртістің оқуын оқымаса да, бой­дағы таланты тасты жарды. Қара күш иесін мұқым қазақ ғажайып актер ретінде қабылдады. Әйгілі актриса Әмина Өмірзақованың ерке де ерек баласындай санамызда қатталып қалды.

Қадым заманда Ескендір Зұл­хар­найын сұм ажалдың жанына таяғанын алыс­тан аңдап, абзал анасына қоштасу хатын жазыпты деседі. Атақты жиһангер ғазиз шешесінен маңайындағы барлық жетім-жесірді, кедей-кепшікті ша­қырып, садақа ретінде асқа той­дыруды өтінеді. Тек бұл аста-төк дас­тарқанға туған-туыс­тары дү­ниеден озбаған адамдарды ша­қыр­маңыз депті. Онысы – өлім­сіз жан жоқ екеніне көзі жетсе, ме­нің қайтыс болғанымды анам аз да болса жеңілірек қабылдар деген үміт екен.

Шынында да, өлімге кім қарсы тұра алады? Одан Қорқыт та қашып құтыла алмаған. Қайда барсаң да қорқыт-ғұмыр қонышыңнан басады. Қазақтың «тумақ бар болса, өлмек бар» дейтіні сол-ау. Сали­қалы Сократ: «Жас баланың өмірге алғашқы аттаған адымы – өлімге алғашқы аттаған қадамы» демей ме? Ажалдан еш­кімді де арашалап алмасың ақиқат. Бірақ өлімнің қашан да ерте көрінетіні несі екен!?

Атамыз үйіне хал сұрай бар­ғанда, алдымыздан атып шығардай болады да тұрады. Гүлжауар апа­мызға шәй қой­дырып, ұзақ әңгі­менің ырғағына түсіп, бір кө­сілер ме едік. Енді бәрі көрген түс­тей. Тақиялы періште тақиялы төм­пешікке айналды. Қош бол, аңыз адам!