Экономика • 08 Ақпан, 2021

Фермерлер мемлекеттік қолдаудан тыс қалды

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Qoldau.kz платформасы­ның бірнеше қызметі шаруаларға қолжетімсіз болып тұр. Себебі бұл плат­форма мал шаруашы­лығының тізімі қамтылған мемлекеттік базамен бі­рік­тірілмеген.

Фермерлер мемлекеттік қолдаудан тыс қалды

Мұның салдарынан фермерлер субсидия төлеудің мер­зімін өткізіп алуы мүмкін. Бұл туралы Ақпараттық-есептеу орталығының баспасөз қызметі хабарлады. «Ақпараттық-есеп­теу орталығы» АҚ Qoldau.kz платформасының әзірлеушісі және иесі болғандықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидия алуға өтінімдер қа­был­дау мерзімін кейінге қал­дыру туралы ұсыныспен хат жолдаған. Оған себеп, ауыл шаруашылығы жануарларын біріздендіру (АЖБ) жүйесі мемлекеттік деректер базасымен бірікпеген соң, тиесілі қаражат өсімдік шар­уашылығымен айналысатындар арасында бөлінуіне алып келуі мүмкін. Сәйкесінше, мал өсірушілердің мемлекеттік қол­даусыз қалу қаупі бар», де­лінген таратылған ақпаратта.

Біріктірілген жүйенің қарас­тырылмауы бірқатар қызметтің тоқтап қалуына әкелді. Атап айтқанда, мал сатып алуға байланысты несиелік пайыздық мөлшерлемені және мал ша­руа­шылығы саласындағы ин­­вес­тициялық жобаларды суб­­сидиялау, сондай-ақ бұ­рын субсидияланған нысан­дар­­ға, яғни малға мониторинг жүр­­гізу қызметі қолжетімсіз. Интеграциялық жүйенің болмауы жайылымды жерлерді пайдалануға байланысты ба­қы­лауды тоқтатып, бұл ай­тарлықтай қиындықтар тудырды. Өйткені нақты мәлімет­сіз төрт түлікті онлайн-қызметі ар­қылы сақтандыру мүмкін емес.

«Интернет желісінде жаңа АЖБ мәліметтер базасы ашылып, интеграцияға өтінім беру керек деген ақпарат берілді. Өтініштер жіберілді. Бірақ мәселе біріктіруге арналған «қыс­қартылған нұсқалардың» орналастырылуында жатыр. Қарапайым сөзбен айтқанда, бізге жануарларға арналған 26 өлшем қажет, ал бізге тек 14-ін ғана ұсынды. Бұл өз кезегінде қызметтердің жұмыс істеуіне жеткіліксіз», деді «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы Азамат Құрманов.

Орталық өкілдері дерек­тер базасының толық нұсқа­сы қашан шығатыны және бірік­тіру үдерісінің нақты уақыты белгісіз екенін жеткіз­ді. Ауыл шаруашылығы министр­лігі тек жуырда портал­дың қажет­тіліктерін қана­ғат­тан­дыратын жаңа қызмет шығарылатынын хабарласа керек.

Заңға сәйкес, субсидия алуға қатысты өтінімдерді қабылдау 1 ақпаннан басталуы керек еді. Бұл ретте аталған орталық Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті базасымен біріккенге дейін мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында субсидиялау үдерісін тоқтата тұруды ұсынып отыр. Тиісті ұсыныс облыстық әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне жолданды.