Руханият • 08 Ақпан, 2021

Әулиеатада Жамбыл мерейтойы ақпан айында басталады

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Әулиеатада Жамбыл мерейтойы ақпан айында басталады

Ұлы жыраудың мерейтойын атап өту ақпан айынан басталатын болды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Әулиеата топырағында ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, Айша Көпжасарова, Мәмбет Қойгелдиев және Нарша Қашағанұлы сияқты белгілі тұлғалардың да мерейтойлары өтеді деп жоспарланған.

Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сара Мәдиеваның айтуынша, маңызы зор мерейлі мерекелерге орай артылар жауапкершілік жүгі де жоғары. Айтулы даталардың қатарында ең бастысы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту болып отыр. Осыған орай іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындық деңгейі пысықталып жатыр.

«Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, ақпанның 22-26 аралығында өтетін апталық аясында «Жамбыл – дүлдүл, Кенен – бұлбұл» атты мерекелік концертін өткізу, «Жамбылтану» орталығында «Жыр дүлдүлі – Жамбыл» көрмесін ашу, Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбыловпен кездесу, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру жоспарланған.

Сонымен қатар, жыл ішінде ақын шығармалары мен өмір жолы желісінде «Ой-хой, дүние серуен, Адам бір көшкен керуен» атты поэтикалық-композициялық қойылымын дайындап көрсету, өзге ұлт өкілдері арасында Жамбылдың өлең, жырларын мәнерлеп жатқа оқудан «Жамбыл жырлары» байқауын өткізу және тағы да басқа шаралар жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жыл ішінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай бірқатар ауқымды жобалар іске асырылады», деді Сара Мәдиева. Сонымен қатар, биыл ұлттық өнерімізді насихаттау, жас таланттарды іздестіру, жаңа есімдердің танылуына ықпал ету мақсатында «Домбыраның қос ішегі» облыстық дәстүрлі өнер байқауы, шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2021» жобасы, «Өнер көзі – халықта» халық шығармашылығы фестивалі өтеді. Аталған шаралар аудандардан бастау алып, облыс көлемінде ұйымдастырылады.

Сондай-ақ Сара Мәдиева ағымдағы жылы «Ұлы Атлаһ шайқасы – өркениеттердің бетбұрысы» ғылыми-практикалық конференциясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ қыздарының арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында «Әулиеата бұрымдылары» атты байқау өтетінін де айтты. Көне Тараз тарихына қатысты жергілікті өлкетанушылардың жинақтауымен жаңадан басуға 50 кітаптың жобасы дайындалған.

Ал, облыстық кино орталығы Наурыз мерекесіне байланысты атаулы күндерге арнап «Құсбегі», «Тоғызқұмалақ», «Ат әбзелдері», «Ер тұрмандар», «Көкпар» сияқты қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын дәріптейтін және «Төрткүл» керуен сарайы туралы тарихи деректі фильмдер түсіруді жоспарлап отыр екен. Облыстық театрлар 16 жаңа қойылым сахналауды және карантин шаралары тоқтатылған жағдайда аудандарға гастрольдік қойылымдар ұйымдастыруды жоспарлаған.