Аймақтар • 08 Ақпан, 2021

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді

1623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңір экономикасында биылғы жылы басымдық берілетін бағыттар – инвестиция көлемін ұлғайту, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары санын арттыру және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту. Бұл жөнінде Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин облыстық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп беру кезінде баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Өткен жылы пандемияның салдарынан мұнай өндіру көлемінің 10 пайызға төмендеуі өңірдегі мұнай кәсіпорындары жанында шоғырланған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына зардабын тигізіп, үлкен компаниялардан алатын тапсырыстар көлемі тым азайып кетті не мүлде болмай қалды. Дегенмен, пандемия кезінде адамдар мен техника қозғалысының айтарлықтай шектеулі болғандығына қарамастан, экономиканың бірнеше салаларында төмендеу болған жоқ.

«Соған қарамастан қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, экономиканың күрт төмендеуіне жол бермейтін және әрі қарай қалпына келтіретін шаралар қабылдау нәтижесінде жағдай тұрақтанды. Нәтижесінде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Атап айтқанда,​ өнеркәсіптік кәсіпорын 1,8 трлн теңгенің өнімін өндіріп, 646,8 млрд теңге инвестиция тартылды», деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Өткен жыл бойынша Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы орынға шықты.

Жұмыстың тиімді ұйымдастырылуының арқасында, көктемнен бастап он екі аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтарына 20,4 млрд теңге көлемінде субсидия, 47,8 млрд теңге жеңілдетілген несиелер берілді. Оған шаруалар негізінен тұқым, тыңайтқыш сатып алды, не алдыңғы жылдардан бері жиналған қарыздарын жапты.

Көктемдегі қатаң карантинге қарамастан егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік болғандықтан, шаруалар күзгі өнім жинау кезінде айтарлықтай қиындық көрген жоқ. Жергілікті тауар өндірушілер өнімдерін қыс бойы жергілікті рынокта сатуға мүмкіндік алды. Осылайша жергілікті шаруашылықтар өз өнімдерін ішкі рынокта сатудан қиындық көрген жоқ. Оған тауар өткізудегі бюрократиялық кедергілердің жойылуы мен пандемияға байланысты сырттан келетін тауарларға қойылған шектеулердің арқасында қол жеткізді. Көпшілік шаруа қожалықтары күзде сатылған өнімнен түскен табысына лизингпен техника алды.

Мемлекеттік қолдау жем-шөпті субсидиялау көлемінің артуы арқасында мүмкін болғандықтан, жыл соңында өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы 6,7%-ға жоғарылап, осы саладағы өндірілген өнім көлемі 324,7 млрд теңгені құрады.

Биылғы көктемде ауыл шаруашылығын қолдау жұмыстары жалғасатын болады.