Оқиға • 09 Ақпан, 2021

«Police 102» жедел жетеді

486 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы 1 ақпанынан бастап Ішкі істер министрлігі «Police 102» мобильдік қосымшасын іске қосты. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынған бұл жүйе арқылы енді өңір тұрғындары әрбір құқық бұзушылық туралы осы қосымшаға жолдай алады. Сонымен қатар оператормен аудио және бейнеқоңырау арқылы байланысқа шығады.

«Police 102» жедел жетеді

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қазір «Police 102» мобильді қосымшасы Павлодар, Екі­бастұз, Ақсу қалаларында жұмыс істейді. Жыл соңына дейін барлық аудан орталықтарында іске қосылады. Цифрлы қосымшаның міндеті – полицияны халыққа етене және қолжетімді ету.

Мысалы, ұсақ құқық бұзушылықтар: көршілер шу шығарса, подъезде шылым шексе, түнгі тыныштықты бұзса, жол апаты, қарақшылық сынды басқа да қылмыстар орын алса, куәгер оқиға орнында тұрып, полицеймен байланысқа шығады. Қоңырау түскен бойда аталған орынға құқық қорғау қызметкерлері жіберіледі. Қосымшадағы «SOS» дабыл  нүктесін басып, қоғамдық орындарда, жолда, көшеде тіркелген қылмыс жөнінде полицейге хабар беріп, көмек сұрауға болады. Мобильді қосымша ұялы телефондағы «AppStore», «PlayMarket» дүкендері арқылы тегін жүк­­теледі. Ал «Police 102» арқылы түс­кен өтінішті, аудио және бейне қоңы­рауды жедел басқару орталығының мамандары қабылдайды. Қызметкерлер оқиға орнының мекенжайын сұрап, мамандарды жібереді. Егер қылмыс фактілері тіркелсе, жедел-тергеу қыз­метінің мамандары барады. Тұр­ғындар құқық бұзушылықтың куәгері болған жағдайда ғана байланысқа шығады. Мұндағы мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтауда тұрғындар мен құ­қық қорғау қызметкерлерінің ортақ мүд­де орайында жұмыла әрекет етуін қамта­масыз ету.

Мәселен, «Police 102» қосылған  алғашқы  күні-ақ, 3 ақпанда сағат 10.45-те полицияға қосымша арқылы бей­не қо­ңырау келіп түскен. Облыс орталы­ғында Қ.Сәтбаев көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің жанында көлік дұрыс тұраққа қойылмағанына шағымданған. Ұсақ құқық бұзушылықты хабарлаған адам бұл жайды операторға көрсетті. Оқиға орнына келген патрульдік полиция автокөлік иесіне қатысты ӘҚБК-нің 597-бабы бо­йын­ша әкімшілік іс қозғаған.

Сондай-ақ «Ертіс-4» ПИК төрағасы Сер­гей Астапущенко қаладағы көп қа­­батты үйлердің бірінің тұрғыны кіре­­берістің жанында қоқыс пен картон қорап­тарды жинап жатқанын ха­барлаған. Телефон арқылы көрсетілген мекенжайға  учаскелік полиция инспекторы жіберіліп,  ӘҚБК 505-бабының 1-бөлігі бойынша қоғамдық тәртіпті бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырады. Тағы бір бейне қоңырау Ә.Бек­тұров көшесінде орналасқан №111 үй­дің тұрғыны жалға берілетін көрші пәтер­де түнгі уақытта шу шығатынына шағым­дан­ған. Тыныштықты бұзғаны үшін жал­ға алушы әкімшілік жауап­кершілікке тар­тылды.

Еліміздегі полиция саласын цифрландыру – құқықтық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігі мен ты­ныштығын қамтамасыз етуде жұмысты сапалы жаңа деңгейге жеткізеді деген сөз.

 

Павлодар облысы