Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында кәсіпкерлікті қолдау бойынша мақұлданған шаралар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, жеңілдікті несие беру бағдарламаларының мониторинг нәтижелері және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша бизнеске жүргізілген сауалнаманың аралық қорытындылары, микроқаржы ұйымдарының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының мәселелері және өңірлердегі ШОБ-тың даму әлеуеті туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады.
Отырысқа Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, даму институттарының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және т. б.өкілдері қатысты.
Биыл 29 қаңтарда өткен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында бизнесті дамытуды одан әрі ынталандыру бойынша келесі шаралар қаралды:
- бірыңғай төлеммен бесеуінің орнына бірыңғай мөлшерлемені белгілей отырып, еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету;
- жаңа өндірістік компаниялар үшін 2 жыл ішінде ҚҚС-ты азайту;
- қайта инвестициялауға бағытталған табыстың бір бөлігін корпоративтік табыс салығынан босату;
- Үкімет инвестициялар туралы келісімдер жасасатын басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту (өңдеу өнеркәсібі, АӨК, машина жасау, азық-түлік және дайын өнім өндіретін, терең өңдеу бойынша басқа да салалар);
- жеке кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін тіркеуді және орындауды жеңілдету;
- сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету салаларындағы бизнеске қойылатын барлық талаптарды үштен бір бөлігіне қысқарту;
- «Бизнестің жол картасы-2025» субсидиялау бағдарламасына микроқаржы ұйымдарын қосу;
- қоғамдық тамақтану саласы үшін 6% мөлшерлеме бойынша бөлшек салық режимін енгізу.
Аталған шараларды биыл енгізу жоспарланып отыр, бұл 2025 жылға қарай 500 мың адамды жалдамалы қызметкерлерді ресми жұмыспен қамтуға тартуды, жыл сайын өңдеуші өнеркәсіпте 15 п.т. инвестицияларды ұлғайтуды, көлеңкелі экономиканы ІЖӨ 15% дейін төмендетуді, сондай-ақ микро және шағын бизнес субъектілерінің 75%-ы үшін еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл «Қарапайым заттар экономикасы», «БЖК-2025», «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары және Ұлттық банктің айналым қаражатын толықтыруға несие беру бағдарламасы аясында бизнесті қолдауға 703 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. БЖК-2025 бағдарламасын жүзеге асырудың оң қарқыны байқалуда. Осы жылдың қаңтар айында 60 млрд теңге сомасына 333 жоба несиелендіріліп, 326 жоба кепілдендірілді. «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы бойынша бүгінде 707,8 млрд теңге сомасына 2801 жоба мақұлданды, 527,7 млрд теңге сомасына 2243 жоба субсидияланды.
«Шағын және орта бизнесті экономикалық шынайылықтың жаңа жағдайында қолдау – Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі. Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаумен қамтуды барынша кеңейту қажет. Бұл экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Әкімдіктер бөлінетін қаражаттың жоғары тиімділігін қамтамасыз етуі тиіс», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП-ның 13 мыңнан астам кәсіпкерге жүргізген сауалнамасының қорытындыларын егжей-тегжейлі зерделеп, бір апта ішінде бизнесті одан әрі қолдау жөніндегі қосымша шараларды дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, Премьер-Министр реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды, өңірлердің экономикалық картасын уақытылы және сапалы толтыруды қамтамасыз етуді, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында өңірлердегі кәсіпорындарды паспорттауды жүргізуді және микроқаржы ұйымдарын құруды жеделдетуді тапсырды.