Қоғам • 09 Ақпан, 2021

Мұраға таластың тауқыметі

1907 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мұраны бөлу – өте күрделі іс. Сондықтан да қазақ дүние үшін талас-тартыс пен дау-дамайды ежелден қалыптасқан енші беру, әмеңгерлік пен рулық жүйе арқылы реттеп, тастай бекітіп қойған. Еншісін алған ұл мен жасауымен ұзатылған қыз әке мұрасына таласпайтын. Бірақ қазір заң басқа, заман бөлек...

Мұраға таластың тауқыметі

Қара шаңырақтың иесі кім?

Елімізде жылына 4 миллиондай сот ісі жүргізілсе, оның тек 10 пайызы қылмыстық істердің «еншісінде» екен. Ал қалғаны – дау-дамайы көп, ұрыс-керісі бітпейтін азаматтық істер. Қарызын қайтармай қан қақсатқан алаяқтар, туған баласына тиесілі алиментті төлемей жалтарған жауапсыз әкелер мен мұраға таласқан туыстар дауы – құқық қорғаушылар жиі бетпе-бет келетін келеңсіздіктердің «үздік үштігі» осылар.

Мұраға таласып, құқығы тапталып жүрген қарапайым жұрттың басты кемшілігі біреу, ол – заңдық сауатсыздығы. Өз құқын жете білмегендіктен, заңның қарапайым қағидаларынан бейхабар қаншама халық уақыты мен қаржысын сот ісіне сарп етіп, жүйкесін жұқартып жүр.

Жеке мүлік үшін жауласып, қырық пышақ болатын ет жақындардың ісімен айналысып жүрген бірнеше заңгермен арнайы сөйлескен едік. Сондағы түйгеніміз – дүние үшін соттасуға дейін баратындардың басым бөлігі кезінде қазақылыққа салынып, мұрасын заңдастырмаған, құжаттарын түгендемеген, мұра алудың қарапайым шарттарынан бейхабар.

Қара шаңырақ – қазақ үшін киелі ұғым. Ата-бабасы түтін түтеткен үй ұрпақтан-ұрпаққа мұрагерлік жолмен сақталатын. Сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша бір әкеден тараған ағайындар өз алдына отау тігіп, бөлек үй болғанда еншілерін алып кетеді. Ал қара шаңыраққа кенже ұл ие болып қалатын. Әкесі өлсе де бұл шаңырақтың қадірі түспейтін. Түптеп келгенде, қара шаңырақтың қадір-қасиеті үлкен үйден де жоғары еді.

Бір әулеттің түп-тамыры саналатын қара шаңыраққа қазір кім ие? Шаңырақтың қадірі неге төмендеп кетті? Кезінде бөліске түспейтін киелі отау үшін отбасында қырық пышақ болу неге азаймай тұр? Қазақы қаймағы бұзылмаған Шымкент қаласында болған төмендегі оқиға туралы естігенде осы сұрақтарға жауап таппай дал болдық.

«Үйге таласқан қыздары мен күйеу балалары кейуананы ұрып-соғып, қолын екі жерден сындырған». Жұрттың жағасын ұстатқан бұл оқиға жөнінде заңгер Еркін Қахаров әлеуметтік желіге жариялағалы бері сан пікір айтылып, талай сын да жазылды. Бірі жасы жетпістен асқан қарияға жанашырлық білдірсе, енді бірі одан туған қыздардың қатыгездігіне қайран қалды, тағы бірі дүние үшін жауласқан отбасының берекетсіздігін беттеріне басты.

Қоғамда үлкен дау тудырып, қызу талқыға түскен осы оқиғаның мән-жайын толығырақ заңгердің өзінен сұрағанымызда Еркін Қахаров сөзін: «Қазіргі қоғам дәстүр дегенді ұмытты ғой. Әсіресе, қара шаңырақтың қадірі кетті», деген өкпе-назбен бастады. Қысқаша қайырсақ, Шымкенттегі даудың басы сол қара шаңыраққа таластан басталған...

Жасы жетпістен асқан Алтынгүл әже – жеті баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-жетілдірген ана. Тағдырдың жазуымен екі қызы мен бір ұлын жер қойнына берген. Қарты да ерте қайтқан. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейуана жалғыз ұлының қолында да тұрып көреді. Алайда бір шаңырақтың астында ене мен келіннің басы піспейді. Ақыр соңы жалғыз ұлы бөлек кетіп, қара кемпір шалы екеуі тұрғызған қара шаңырақта өзі жалғыз төрт жыл өмір сүреді. Жалғыздық жанына батқан соң кенже қызы Дариғаға қолқа салып, бірге тұруға ұсыныс білдіреді. Екі баласы бар қызы мен күйеу баласы келісіп, қара шаңыраққа көшіп келеді. Аурушаң қызы мен жанар-жағармай құю стансасында мардымсыз ақша үшін жүрген күйеу баласы үшін кейуанамен бірге тұру үлкен көмек еді. Басында барлығы тату-тәтті өмір кешіп жатады. Уақыт өте қызы мен күйеу баласы анасына: «Үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жасаймыз, іші-сыртын жаңартамыз. Бұл шаңырақты бізге қалдырыңыз, нотариуске барып, заңды түрде атымызға аударып беріңіз», деп ұсыныс жасайды. Анасы келіседі. Тіпті бұдан бұрын «өлсем, осы үй жалғыз ұлыма қалады» деген өсиетінің күшін жойып, баспананы қызының атына аударып береді.

Алтынгүл әжейдің адвокатының айтуынша, анасы қызына үйді сыйға бергенмен, нотариусте сату-сатып алу келісімшарты жасалған. Екі жақтың келісімімен келісімшартта үйдің құнын шартты түрде 10 миллион теңге деп көрсеткен.

Тағдырдың тәлкегін көрмейсіз бе? Шарт жасалғаннан дәл он күннен кейін ауру қызы қайтыс болады. Қызының қырқы өтер-өтпестен күйеу баласы енесіне «Үйді босат не ақшамды қайтар!» деп қоқан-лоқы көрсете бастайды. Ал бір айдан кейін қарияны сотқа береді. «Шалым да осы үйден кеткен, менің де сүйегім осы шаңырақтан шығады» деп шырылдаған әже шарасыздықтан не істерін білмей, өзіне адвокат іздейді.

Әжейдің бірінші адвокаты «сотта жеңіп беремін» деп, қызметі үшін бір миллион 700 мың теңге сұраған. Қария сол үшін банктен несие алып, сұраған ақшасын қолына ұстатқанымен, соттың екі инстанциясында да жеңіледі. Ал екінші адвокаттың араны тіпті ашылып кеткен екен. Қызметін 3 миллионға бағалаған ол «Жоғары сотта істі сіздің пайдаңызға шештіріп беремін» деп құрғақ уәдені үйіп-төгіп, бір миллион теңгені қалтасына басқан. «Шындап келгенде бұл іс 50 мың теңге де тұрмайды, себебі келісімшарт заңды түрде жасалғандықтан, соттың қандай шешім шығаратыны айдан анық еді», деген заңгер Еркін Қахаров қазіргі таңда бұл істі толығымен тегін жүргізіп жатқанын айтып қалды.

«Осы істің басы-қасында жүріп түсінгенім, екі қыз бен қайтыс болған қызының күйеуі бәрі бірігіп үйді сатып, түскен қаржыны теңдей бөліп алмақшы болған. Қарт анасы қарсылық білдірген соң екі қызы күйеулерімен келіп ұрыс шығарып, даудың соңы төбелеске ұласқан. Жанжал кезінде кемпірдің қолы сынған. Қазір бұл жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша бөлек іс қозғалды», деді адвокат. «Жалғыз ұлы бар емес пе?» деген сұрағымызға заңгер: «Жалғыз ұлы «маған үйдің керегі жоқ» деп өзімен-өзі отыр», деді. Соған қарағанда, жалғыз ұлға жалғыз шеше де керек емес сияқты.

Сонда бұл перзентін тар құрсағына сыйдырса да кең құшағына сыйдыра алмаған ананың қасіреті ме? Әлде ана мейірімі мен махаббатын қу дүниемен таптай салған ұл-қыздың қасиетсіздігі ме? Мүмкін аманатқа адалдық таныта алмаған бүгінгі ұрпақтың ұятсыздығы болар...

 

Құжатқа салақтық сабақ болмай жүр

«Мұраға таластың көбеюіне заңның қатысы жоқ», деп санайды белгілі адвокат Абзал Құспан. «Себебі, Азаматтық кодекстің мұрагерлікке қатысты нормасына соңғы рет 2007 жылы өзгертулер енгізілді. Онда да ол күрделі өзгертулер емес», деген құқық қорғаушы мұрагерлік даудың жиілеп кетуінің ең басты екі себебіне ерекше тоқталды.

Біріншісі – халықтың ауылдан қалаға жаппай көше бастауы. Яғни урбанизация процесінің әсері. Ауылдық жерлердегі үйлер анау айтқандай құнды болған жоқ. Ал қалада баспананың бағасы шарықтай түспесе, арзандаған емес. Егер мұраға үй емес, бизнес қалса, іс одан сайын күрделене түседі. Өйткені қазіргі таңда бизнес ортада қазақтілділердің де үлес салмағы орасан зор.

Баспана мен жерге, бизнес пен жылжымайтын мүлікке таластың «көрігін қыздырып» тұрған екінші мәселе – ажырасу. Түптеп келгенде, мұраға таласу ажырасумен тікелей байланысты. Ал ел ішінде заңды некесін бұзып жатқандар өте көп. Екеуі екі жаққа кетсе де ортаға баланы салып, әке мен атадан қалған дүниеден қармап қалуға тырысатындар, өкінішке қарай, аз емес.

«Өсиет жазып қалдыру мұраға таласты шеше ала ма?» деген сұрағымызға кәсіби заңгер: «Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, өсиет – бір жапырақ қағаз ғана. Алайда сол бір жапырақ қағаз ертең бүкіл бір әулеттің дүние дауын реттеп бере алады. Яғни өсиет – мұраға қатысты дау-дамайды шешудің төте жолы. Алайда қазақ ырымшыл халық қой. Көзі тірісінде артында қалар ұрпағына дүниесін аманаттап қалдырып, бөліп беруді жаманат шақырумен тең көреді. Бірақ бүгінгі қоғамның талабы басқа, заманның ағымы өзгергендіктен, бұл мәселені екі жақ – үлкені мен кішісі ортақ келісімге келе отырып шешуге әбден болады», деп жауап берді.

Мұрагерлікке қатысты істердегі ең басты кедергі – құжатқа салақтық. Мұны тіс қаққан заңгерлердің бәрі мойындайды. «Мәселен, өсиет те құжат. Біз сол құжатты да уақытылы толтырып, алдын ала заңдастырып қоюға жүрдім-бардым қараймыз. Кей адамдар жеке мүліктерінің кімнің атына заңдастырылғанынан да бейхабар жүре береді. Сосын уақытша болса да кез келген танысының атына жазып бере салатын салғырттықтың соңы ертең бітпес дауға айналуы әбден мүмкін. Адвокаттық қызметте құжатқа салақтықтың салдарынан сотта сабылып жүргендердің талайына куә болып жүрміз», деді Абзал Құспан.

Ең бастысы – жеке мүлікке қатысты құжаттың барлығы дұрыс, толық болуы шарт. Және де құжаттардың барлығы өз атыңызда болғаны абзал. Заңгердің мына сөзімен келіспеске амал жоқ. «Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ажалдың қашан келетінін ешкім де дөп басып болжай алмайды. Өмірден жастай кететінінен не қарттық жеңіп көз жұмарынан ешкім хабарсыз. Сондықтан қазірден бастап құжаттарыңызға мұқият қараңыз. Қажет деп тапсаңыз, тіпті бар дүние-мүлкіңізді ұл-қызыңызға теңдей бөліп, мұраға қалдырып, өсиет жазып қойыңыз. Болмаса, ұрпағыңызды қазақы қалпымен, тату-тәтті ғұмыр кешетіндей тәрбиелей біліңіз», деді ол. Рас, ырыс-берекенің құнын білетін бала дау қумайды, ал «дау баққан ырыс бақпайды».

 

Мұра алудың қарапайым шарттары қандай?

Мұра алудың қарапайым екі-ақ шарты бар. Азаматтық кодекстің ерекше бөлімінде көрсетілгендей біріншісі – заң бойынша, екіншісі – өсиет бойынша. Заң бойынша осы кодекстiң 1061-1064-баптарында көзделген кезек тәртiбiмен мұрагер бола алады.

Жалпы мұрагер болудың басты үш кезегі бар. Бірінші кезекте мұра қалдырушының ұл-қыздары, заңды жұбайы мен ата-анасы тікелей мұрагері болып саналады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары, сiңлiлерi, сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi ала алады. Ал үшінші кезекте 1063-бапқа сәйкес, мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Бұл бап бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығы осылайша жетінші кезектегі мұрагерлерге дейін жалғаса береді.

Рас, мұрагерлікке қатысты сан ғасырлық тарихпен үндесіп жатқан салтымыз бен дәстүріміз бар. Уақыт пен халықтың сынынан іріктеліп, рухани қазынамызға айналған жазылмаған заңдарымыз да жетерлік. Қалай десек те, қазір заң басқа, заман бөлек. Сол себепті ертең мұраға таластың тауқыметін тартпас үшін қазірден қамданғанның еш сөкеттігі жоқ.