Театр • 10 Ақпан, 2021

Тәлімі көп туынды

578 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аттай бір жыл үзілістен соң «Astana Musical» мемлекеттік театрының жаңа маусымы «ЕНТ тапсырмаймын!» атты премьерамен ашылды. Драма жанрындағы жаңа туынды белгілі драматург Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» атты шығармасына негізделген.

Тәлімі көп туынды

Режиссер, театрдың көркем­дік жетекшісі Есләм Нұртазин­нің айтуынша жаңа туынды өске­лең ұрпаққа адамгершілік құн­­дылықтарды насихаттауға ба­ғыт­талған.

– Қазіргі жастардың түсі­ні­гіне сай болуы үшін Л.Разумов­скаяның «Қымбатты Елена Сер­геевна» атты атақты пьесасын бүгінгі күнге лайықтап, өзгертіп сах­наладық. Өткен ғасырдың 80-жылдары жазылған пьеса­ның мазмұнын жастардың қазір­гі өзекті мәселелерімен байланыстыра отырып, қойылымның атауын «ЕНТ тапсырмаймын» деп қойдық. Жаңа форматта өр­біген драма жасөспірімдерді ҰБТ тапсырмауға үгіттемейді. Қо­йы­лымның мақсаты – жас­тар­ды ессіз әрекеттерден туындай­тын күрделі мәселелерден абай бо­луға, оларға дер кезінде тө­теп беруге шақыру және адамгер­ші­лік құндылықтарды дәріптеу, – деп жеткізді Есләм Нұртазин.

Қойылымның қалың көпші­ліктің көңілінен шыққанын кө­рермен ықыласы аңғартты. Се­нат депутаты, белгілі журналист Да­на Нұржігіт өткен дәуір мен бүгін­гі шақ өткелдерін салыстыра оты­рып, биік ұстанымдағы адам болудың қай заманда да ма­ңызды дүние екендігін атап өтті.

– Жалпы, бұл шығарма маған таныс. 1988 жылы шыққан Э.Ря­зановтың «Дорогая Елена Сер­геевна» деген фильмін бәріміз көрдік. Мен ол кезде сол Л.Разу­мов­скаяның пьесасындағы ке­йіп­керлермен жасты ұрпақтың бір өкілі болдым. Сол уақытта да фильм адамдарға біраз ой сал­ған. Келешегіміз қандай болады, болашақ ұрпақтың мәңгілік құндылықтарға деген көзқарасы мен ұстанымы қандай болады деген сұраққа жауап іздеудің бір жолы осы пьеса арқылы жүр­ген деп айтқым келеді. Мінеки, 32-33 жылдың ішінде мәңгілік құн­дылықтар өзгерген жоқ. Мұ­ғалім – ізгіліктің, мейірімді­лік пен адами құндылықтардың шы­рақшысы, соның ең биік үлгісі болып қала беру керектігін бүгін­гі қойылым тағы бір дәлелдей түс­ті. Бұл пьеса цифрлы технологиялар келген дәуірде жаңа бір реңк қосқан сияқты. Заман одан сайын қатыгез, талапшыл болып бара жатыр. Сондықтан осы күрделі заманда адам бо­лып қалуды парыз тұтатын, осын­дай биік ұстанымы бар жас­тарды тәрбиелеу маңызды. Па­ра­саттың майданында ізгілік үшін күресуге дайын сарбаздар көп болса екен деп тілегім келеді, – деді Дана Нұржігіт. Ал «Хабар» Агенттігі» АҚ Бас­қар­ма төрағасының бірінші орын­басары Ринат Кертаев қойы­­лым­­­­да бүгінгі қазақ қоғамында бо­­­лып жатқан кертартпа дүниелер, кө­кейкесті мәселелер ерекше кө­рі­ніс тапқанын, авторлар өзек­ті дүниелерді үлкен сахнаға сәт­ті алып шыққандығын жеткізсе, пре­мьераны тамашалауға кел­­­ген халықаралық журналист, бел­­гі­­лі тележүргізуші Бақыт Шойым­бек те туынды мазмұнынан ­бү­гінгі замандастар бейнесіне куә бол­ғандығын атап өтті.

Кәсіби шеберлігімен тәнті ет­кен белгілі актриса Айнұр Бермұ­хамбетова басты рөлді сомдаса, оқушылардың образдарын Әділет Абдукадиров, Саят Мақұлбаев Медет Ра­хым­бергенов, Айна Әбдікәрі­мова, Ардақ Смағұл, Арнат Жамаш, Еркебұлан Серік­бай сынды жас ак­терлер ұсын­ды. Пьесаны аударған – Есім Сегізбаев, қою­шы-суретші – Ер­лан Тұяқов. Пан­демия өнерге кедергі емес екендігін тағы бір дәлел­дей түс­кен «Astana Musical» теат­ры әртістері өнерлерін шың­­­дап, алдағы уақытта кө­рер­­­менге тағы да көптеген жа­ңа туын­дыларды ұсынбақ. Ұйым­дас­ты­ру­­шылардың айтуын­­ша, ақпан айы қызықты премье­ра­ларға то­лы болмақ!