Қоғам • 10 Ақпан, 2021

Ыстық су, шатқал және соғды ерені туристік хабқа айнала ма?

586 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдетте, Алматы облысындағы туризмнің дамуы туралы айтқанда алдымен тіл ұшына Алакөл жағалауы оралады ғой. Әрине, бұл заңдылық. Өйткені көл жағалауындағы демалыс маусымының қызған шағында бұл өлкенің аты әлемге таралады. Алайда туристер қатары сиремейтін табиғаты ерекше аумақтар өңірдің басқа аудандарында да жеткілікті.

Ыстық су, шатқал және соғды ерені туристік хабқа айнала ма?

Мәселен, Ұйғыр ауданындағы дем­алыс орындарына келушілердің саны ­жыл­дан-жылға өсіп, нағыз дема­лыс айма­ғы­на айналып келеді. Былтыр Қарадала жазығындағы табиғи ескерт­кіш­тер мен ыстық су көздеріне келген сая­хат­шы­лар саны 62 500 адамға жетті. Нәти­же­сінде, қызмет көрсетуден түскен табыс көлемі 310 млн 500 мың теңгені құрады. Ала­қандай аудан үшін бұл аз олжа емес. Ал аумақтың туризмді дамтытып, табысты арттыруға мүмкіндігі бар. Соның бірі ре­­тінде аудан аумағындағы геотермал су көздерінің тартымдылығын айтуға болады. Жер астынан шығатын ыстық судың емдік қасиеті жоғары екені ғылыми негізде дәлелденген. Оның шипасы су құрамының минералдарды қоспаларға бай болуында болса керек. Ал аудан үшін осы жер асты суы жыл он екі ай бойына жұмыс орнын ашып, өңірлік туризмді дамытудың да жаңа мүмкіндігі екені анық. Өйткені бұл жердегі жұмыс, яғни демалыс маусымы қоңыр күзден басталып, күн қатты ыситын жаз айларына дейін қызады екен. Сондықтан шығар, мұн­да келушілер легі жыл сайын артып отыр.

– Табиғаттың бұл сыйы – ауданы­мыз­дың бағына біткен ырыс қой. Оның үстіне медицинада геотермалды судың ағзаға да, бұлшық ет пен сіңірді қыздыруға да пайдасы зор екені дәлелденген. Демек, дертке дәру, жанға шипа деген сөз. Екінші жағынан, табыс көзі. Осы өңірге келіп тыныққандар шетел асып, ақшаны сыртқа шашқанша елімізде демалып, экономиканы нығайтқан әлдеқайда артық екенін айтады. Мұндағы демалыс орындары жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Жақында аудан әкімінің есебінде өңірде тағы да бірнеше ірі қонақүй мен демалыс орындары қолданысқа беріледі деп айтылды. Яғни елдің жағдайы бұдан әрі жақсара түсетініне сенімдіміз, – дейді Ұйғыр ауданы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ноғайбек Дәуренбеков.

Айтса айтқандай, ауданда осы табиғи су көздерінің айналасында ғана үлкенді-кішілі ісін дамытып, келушілерге қызмет көрсетіп отырған демалыс орындары­ның саны 53 нысанға жетіпті. Бәсекеге қа­бі­­летті болуы талабы күшейген қазіргі ке­зеңде бизнестің мұндай түріне қойы­ла­тын талаптың қатал екені түсінікті. Де­мек, күн тәртібінде өңірдің негізгі ту­рис­­тік тартымдылығына айналған ыс­тық су көздерін пайдалану арқылы табыс тауып, жұмыс орнын көбейтіп қана қой­­май, заманауи туристік мәдениет пен қыз­­мет көрсету ортасын қалыптастыру мін­­деті тұр. Бұған қоршаған ортаны қор­­ғау мен инфрақұрылымды дамыту сияқ­­ты негізгі талап қосылады. Діттеп кел­­ген­де Ұйғыр ауданы аумағындағы гео­­тер­­малды су қорының маңызы әлі де ар­­тып, әлем деңгейіндегі демалыс орын­да­ры­­ның қатарына қосылатын кезең келе жат­қан­дай. Әрине, оған мемлекеттің де мүд­делі болып, нақты қолдау көрсетуі қажет-ақ.

Жалпы, ауданда туризмді дамытудың ыстық су көздерінен де басқа мүмкіндігі жеткілікті. Мәселен, Қарадалаға табаны тиген адамның жол бойындағы Ша­рын шатқалы мен Ерен тоғайға соқ­пай кетуі сирек. Әрі бұл екі табиғи орын да қалыптасқан туристік нысан қата­рына жатады. Бұл іспен қазір Шарын мем­ле­кеттік ұлттық табиғи паркі айналысуда. Ұлттық парк құрамына Шарын шатқалы, Қамалдар мен аңғарлар, Үлкен Бұғыты тауы және Сарытоғай, Ерен тоғайы сияқты табиғи демалыс аумағы кіреді екен. Әрине, мекеменің негізгі міндетіне табиғи кешендерді қор­ғау, сақтау, зерттеу және қалпына кел­тіру, ғылыми жұмыстарды жүргізу, соны­мен қатар экологиялық ағарту жұмы­сын ұйымдастыру мен қоршаған орта туризмін дамыту да кіреді. Бүгінде парк аумағына арнайы келетін адамдар үшін 4 туристік бағыт жасалған. Жал­пы ұзындығы 49 шақырымға созылатын бұл маршрут бойынша Шарын шатқалын, сол маңдағы ескі бейіттер мен қорғандарды, әлемде сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі сақталған Ерен тоғай­ды көріп, аралап шығуға болады. Қазір бұл туристік маршрут бойында 3 қонақ­үй, балалар лагері және арасан кешені жұмыс істейді. Жаз маусымында жолау­шы түнеп, демалатын 52 киіз үй тігіледі. Ұйымдастырушылар автотұрақ, кө­рі­ністі тамашалау алаңы сияқты қажетті дүниелерді салып, ыңғайлы қызмет көр­сетуге бейімделуде.

Дүние жүзі бойынша дәл осы Шарын тектес шатқал Солтүстік Америкада ғана бар. Сол себептен алып даладағы терең құзды көріп, тамашалауға ел ішінен бөлек, шетелден де адамдар легі жиі келеді. Ал Ерен тоғайы туралы әңгіме тіптен бөлек. Деректер бұл Ерен тоғайы сонау неоген кезеңінен сақталып қалған табиғат сыйы екенін айтады. Таңғажайып тоғайды картадан іздегендер Іле өзенінің сол жақ саласы мен Шарын өзенінің ортаңғы ағысының тұсынан, Сарытоғай ауылының маңынан тауып, көре алады. Тек, бұл кереметті көзбен көру керек. Ерен тоғай Қазақстандағы өсімдіктер дүниесінде өте сирек кездесетін, реликті ағаш түрлерінің шоғырланумен ерекшеленеді. Мұнда ондай ағаштың үш түрі: Іле жидесі, Іле бөрі қарақаты және шаған ерені өседі екен. «Шаған ерені – зәйтүн тұқымдасы­ның шаған туысына жататын, өте ылғал сүйгіш ағаш. Бұл ағаштар өзен арнасына жақын өседі, аумағы 5 014 гектар жерді алып жатыр. Ал соғды ерені немесе шағаны Қазақстаннан басқа тек Америка құрлығында, Невада штатындағы Гранд шатқалында өсетін, жойылып бара жат­қан, аса ыждағаттылықпен қорғауды қажет ететін ағаш түрі» дейді бұл жайын­да ғаламтордағы танымдық деректер.

 

Алматы облысы