Экономика • 10 Ақпан, 2021

Мал бақсаң, асылын бақ

389 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрын екі қолға бір күрек таба алмай қиналған ауыл тұрғындары қазір мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде туған жердің төскейін мыңғырған малға толтырып отыр. Оның ішінде асыл тұқымды қара малға аңсарлары ауды.

Мал бақсаң, асылын бақ

 

Жергілікті тұқымның өні­мі аз. Бұл дәлелдеуді қажет етпей­тін дүние. Қанша бақсаң да табыс табуың неғайбыл. Қиын­дықтан шығар жалғыз жол – ба­ғымындағы мал тұқымын асыл­дандыру. Бірер жыл бұрын ауылда бірді-екілі қарасымен күн көріп отырған тұрғындардың қолындағы малды асылдандыру бағытында тәп-тәуір жұмыс қолға алынып еді. Соңғы кезде сұйылып кеткен сыңайлы. Қалай болған күнде де өнімі мол, күй талғамайтын асыл тұқым қымбат болса да өзін өзі ақтап шығады. Ақтағаны былай тұрсын, шаруаға мұқият болсаңыз, төрт құбылаңыз теңеліп қалары сөзсіз. Осы жайды түйсінген ауылдағы малсақ қауым бағымындағы мал тұқымын бір­тіндеп асылдандыруға ұмтылуда. Бұрын қаражаттан қысылатын, қазір мемлекеттік бағдарламалар көп-көрім демеу болып тұр. Әсіресе «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламалары арқылы қорасын асыл тұқымды малға толтырып отырғандар аз емес. Сонау Еуропаны жайлаған, атағы алыс­қа кеткен ангус сиырларын да Көкшенің бір қиырына әкеліп, жерсіндіріп, төл малындай бағып отырғандар бүгінде «мал бақсаң, асылын бақ» деп мақалдайтын болып алды. Соның бірі Бурабай баурайындағы Златополье ауы­лын­дағы шаруа қожалығының жетекшісі Дастан Зейоллаұлы.

Әуел баста шаруа қожа­лы­ғын еңбекқор әке ашып, қалып­тастырған екен. Кейін тепкен тасы өрге домалай бастаған шаруасын баласына аманаттаған. Жұмыс десе ішер асын жерге қоятын Дастан да атакәсіптің қыр-сырын жетік меңгерген адам. Әкеден қалған шаруа қожалығының ісін алға жылжытуды өзіне парыз санаған. Бір арманы өнімі шаш етектен асыл тұқымды мал бағу еді. Енді мемлекеттік бағдар­ла­маның нәтижесінде оған да қолы жетіп отыр. «Сыбаға» бағ­дар­ла­ма­сы арқылы 30 млн теңге несие алып, 50 ангус сиырын сатып алды.

– «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе, бағымдағы мал төлдеп, өнімін өткізсек, қарызымыздан да құтылармыз. Негізі, төңіректегі мал баққан ағайынмен ақылдаса келе, ең ұтымдысы ангус деп түйсіндік. Себебі бұлар салмағын тез жинайды. Егер жақсылап күтіп бақса, тірідей салмағы 800-900 килоға дейін жетуі әбден мүмкін, – дейді шаруа қожалығының басшысы Дастан Құлақнанов, – жергілікті тұқымы азған малды қанша бақсаң да мұндай көр­сеткішке ешқашан жете алмай­сың. Мал төлінен өседі емес пе, алдағы уақытта бағымдағы малдың ішінен сұрыптап алып, басын көбейтеміз бе деп отырмыз.

Өңірде қара мал етіне деген сұраныс мол. Сондықтан мал бақ­қан малшы қауым өнім­де­рін қиналмай өткізері анық. Оның үстіне курортты өлке­де ет та­ғам­дары жылдың қай уақы­тында болсын қажет. Бурабай бау­райы тұнып тұрған қара от. Бұл жерде төрт түлікті тегіс өсіруге мүмкіндік әбден бар. Қара малмен бірге өзін­дік құны арзан жылқы өсіруге ниеттенген шаруашылық «Құлан» бағ­дарламасы арқылы 5 млн теңге несие алып, 30 бас жылқы сатып алыпты. Ондағы мақсат – төлін өсі­ріп сатумен бірге, қымыз өндіру. Был­тыр жа­ман тұмаудың уыты шарпып тұрғанда курортты өңірде қымыз жарықтық қасқалдақтың қанындай қат болып кетті. Тіпті саумал ішуге аңсары ауғандар қаншама. Осы бір қажеттілікті өтеу үшін жылқы құлындаған соң бие байлауға да әбден болады.

– Бұл істі 2016 жылы бастап едім. Бағдарлама арқылы қолыма қаражат тиген соң Көкшетау қала­сынан таңдап тұрып бірнеше жыл­қы сатып алдым. Жылқы малы қай­ратты мал ғой, қыс қан­ша қатал болса да өз тамағын өзі тауып жейді. Әйтсе де сақтық керек, курортты аймақта бейсауат жүр­гінші көп. Сондықтан күндіз жайылымда жайы­п, кешке жылы қораға қамаймын, – дейді шаруа қожалығының басшысы Дастан Зейноллаұлы.

Мал басы көбейген соң техникаларын да жаңартып, қора-қопсысын да сайлап алыпты. Ала жаздай жарғақ құлақтары жас­­тыққа тимей еңбек етіп, қа­жет­ті жемшөп қорын да молынан жи­ған. Енді алаңдамай мал басын көбей­туге әбден жағдай бар.

– Ауылға көңіл бөлінуі керек­тігі туралы талайдан бері айтылып жүр. Сол көмек осы бағдарламалар ғой, – дейді ел ақсақалы Серік Ал­пысбаев, – мына Үлкен Түктінің ба­уырындағы бірнеше ауылдар жабылып қалды. Себебін са­рап­тасаңыз, адамдардың ең­бекке қыр­сыз болып кетуі ғой деп ойлаймын. Әйтпесе қазір мем­лекеттің қамқорлығы ұшан-теңіз. Алғашқы демеу ретінде бір­неше бағдарлама арқылы несие беріліп жатыр. Тіпті техника алуға да, қора салуға да көмек көрсетіледі. Ал шөбі шүй­гін, оты мол жерді тастап, кір жу­ып, кіндік кескен топырақтан үдере көшіп жатқандарды түсіне алмай жүрмін. Барлық жағдай жасалған, келіп малыңды жайлап бергеннен басқаның бәрін істеп отыр ғой. Ендеше, неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа?!

Шынында да ел ішінде алға ұмтылғанның аузы аққа тиіп отырғандығын жолсапарға шық­қан сайын көріп жүрміз. Ел ағасы айтса айтқандай, береке белсенгенге бітеді емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы