Негізінен өңірде егістік жерлерді игеру басты мәселенің бірі. Егістік жерлердің көбі бұл күнде жеке адамдардың қолында болғандықтан, оны толығымен игеру де түрлі мәселе туындатады. Бұл орайда, ауданда қазіргі кезде егістік жерлерді игеру қолға алынған. Нәтижесінде, жалпы 146 мың 148 гектар егістік жер толық игерілген. Оның ішінде 53 664 гектар жерге күздік бидай, 58 133 гектарына жаздық арпа себілген. Сонымен қатар бірқатар алқапқа жүгері, мақсары, көкөніс, қант қызылшасы, картоп және өзге де өнім түрлері егілген. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 143 техника сатып алынып, машина-тракторлар паркі 14 пайызға жаңартылған.
«Облысқа бөлінген 33 жаңбырлатып суару қондырғысының 15-іне өтінім беріліп, бүгінде 7 қондырғы алынды. Ал мал қыстату науқанына жоспарланған азық көлемі 100-ден 167 пайызға дейін артығымен орындалды. Барлық түрінен мал басы 104,3 пайыздан 122,4 пайызға дейін артты. Мал өнімдерін өндіруде 102,8 пайыздан 107,7 пайызға дейін өсім болды», дейді аудан әкімі Ерболат Садырқұлов.
Бүгінде ауданда негізінен мал шаруашылығы өркендеп келеді. Жыл сайын мал басы артуда. Мәселен, аудан көлемінде қазіргі кезде 2 650 бас мүйізді ірі-қараға арналған – 12, 780 бас жылқы малына арналған – 5, ал 3 600 бас қой малына арналған 4 бордақылау алаңы бар. Бұл ретте шаруалар да ауылдардағы мал шаруашылығын ілгерілетуге өз үлесін қосып отыр екен. «Дәулетбай» шаруа қожалығының төрағасы Үмбет Жанаділов өз қожалығында 1 мың бас мүйізді ірі-қара малын бордақылау, мал сою, оны сақтау, тоңазыту және мал терісін дайындау кешенінің құрылысын аяқтапты. Бұл өз кезегінде аудандағы өнім көлемін де арттыруға серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар аудандағы «Шалқар» шаруа қожалығы 1,5 мың басқа, «АлРай» шаруа қожалығы 1 мың басқа арналған мүйізді ірі қара мал бордақылау кешендерін де іске қосқалы отыр. Сол сияқты Құмарық ауылындағы «Жастар болашағы» шаруа қожалығы 100 басқа арналған сауын сиыр фермасын ағымдағы жылы іске қосатын болады.
Жамбыл облысында осыдан біраз уақыт бұрын «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы қолға алынғаны белгілі. Бұл орайда өңірдегі 10 ауданнан 10 ауылдық округ таңдалып, тиісті жұмыстар басталып та кеткен. Тіпті бірқатар ауылда жергілікті тұрғындар жобаның пайдасын да көріп үлгерді. Аталған жоба негізінде қанатқақты үлгіде Т.Рысқұлов ауданында 2019 жылы «Құмарық-Тау» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын аула иелері мен шаруалар, сондай-ақ кәсіпкерлер анықталып, қаржы көлемі нақтыланған болатын. Аталған кооператив бүгінде жалпы құны 90 млн теңгеге 17 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары мен түрлі қондырғыларды лизинг арқылы алып, кооператив еншісіне 17 гектар жер бөлініп берілген. Ал енді бұдан шыққан нәтиже қандай? Бұл ретте аудан әкімі Е.Садырқұлов Құмарық ауылдық округінің Құмарық, Қаракемер және Алғабас ауылдары қанатқақты жобаға қатысып, ауыл халқы 5 бағыт бойынша бүгінгі таңда жалпы құны 797,2 млн теңге қаржыны игергенін айтты.
«Жекелей бағыттар бойынша айтқанда, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану мақсатында 14,8 млн теңгеге 598 ауланы қамтитын жерге сарымсақ, картоп, қияр егуге тұқым, тыңайтқыш алынды. Қазіргі таңда үй іргесіндегі жерлердің 54 гектарына 100 пайыз толық дақыл егілді. Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалануға 676,8 млн теңгеге 229 аула 2,5 пайыздық несие алып, оған 7 558 бас мал сатып алынды. Оның ішінде
6 280 бас ұсақ мал, 356 мүйізді ірі қара және 592 бас жылқы малы бар», дейді ол.
Ауылды көркейтудің, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтерудің негізгі жолы – ауыл шаруашылығы саласын дамыту болмақ. Бұл ретте егін және мал шаруашылығына қолайлы аумақта орналасқан Т.Рысқұлов ауданы мемлекет беріп отырған мүмкіндікті мейлінше пайдалануда. Есесіне, оның игілігін ауылдықтар көріп отыр.
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы