Елорда • 10 Ақпан, 2021

Елорданың қай тұрғын алаптарына газ тартылған?

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданы газдандыру үш кезеңмен жүзеге асады. Биылғы жылыту маусымында газға көшу мүмкіндігіне Теміржол, Көктал-2 тұрғын алаптарының тұрғындары, Агроқалашықтың бір бөлігі ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорданың қай тұрғын алаптарына газ тартылған?

«Газ тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды  - 300 км газ тарату желісі салынды. Бірқатар тұрғын алап тұрғындары биылғы жылыту маусымында газға көшу мүмкіндігін алды. Бұған қоса, қазір Көктал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.

Көмірден газға көшудің артықшылығы көп: тұрғындарға көмір сатып алу, сақтау, оның сапасы, күніне бірнеше рет пеш жағу жайлы ойлаудың қажеті болмайды. Қала экологиясы жақсарады, бұл әрине, қалалықтарға оң әсер  етеді. Газдандыру зиянды қалдықтардың атмосфераға тарауын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ЖЭО-1 және ЖЭО-2  қазандықтарының бір бөлігі газға ауысты», деді Нұр-Сұлтан қаласының  әкімі Алтай Көлгінов.

Жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдік монтаж жұмыстарының құнын төмендету бойынша  жеке ұйымдармен келіссөздер жүргізді. Осылайша, үй ішіне газ тарту бағасы орташа алғанда 30%-ға арзандады (газ құрылғысы мен құрамдастарының құны кірмейді). Есептегіштерді мемлекет қалалықтарға тегін береді.

Еске салсақ, тұрғын алаптарына газ тарату желілерін салу, оның ішінде үй  маңындағы кварталішілік желілерді салумен Нұр-Сұлтан әкімдігі айналысады. Ал үйдің ішіне жүргізумен жеке ұйымдар айналысады. Тұрғындар кез келген мамандандырылған компанияны таңдауға құқылы.

Газбен қамтудың ішкі желілері тартылған тұрғын алаптарының тұрғындары газға қосылу үшін «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ-қа (Республика даңғылы, 24, «Парасат» БО) бара алады. Бұл ұйым газбен қамтудың ішкі желілерінің қауіпсіздігін тексерумен және қосумен айналысады, сондай-ақ оның одан арғы пайдаланылуына жауап береді.

Қаланы газдандыру - ел басшылығының бақылауындағы мәселе.