Қазақстан • 10 Ақпан, 2021

Президенттік кадр резервіндегі 171 маман жаңа жұмысқа орналасты

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Президенттік кадр резервшілерін жұмысқа орналастыру туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Президенттік кадр резервіндегі 171 маман жаңа жұмысқа орналасты

«2019 жылы 300 адамнан құралған Президенттік жастар кадр резерві құрылды. 2020 жылы олардың 57 % немесе 171 резервші мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор компанияларындағы түрлі позицияларға жұмысқа орналастырылды. Басқа резервшілерді жоғары басқарушылық лауазымдарға тағайындау үшін олардың мансаптық сатылардан өтуі арқылы жұмыс тәжірибесі мен құзыреттерін одан әрі жетілдіруі қажет. Осыған байланысты арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша тұрақты оқытуды көздейтін резервшілерді дамытудың жеке жоспарлары әзірленді және бекітілді», деді А.Жайылғанова Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алқа отырысында.

Биыл да Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервіне кезекті конкурстық іріктеу жүргізуді және оған жаңа көзқарастар мен бастамалары бар 50 кәсіби менеджерді қабылдауды тапсырды.

«Қазіргі уақытта Агенттік Президенттің тиісті Жарлығы жобасын дайындап, оны жария талқылауға және мүдделі мемлекеттік органдармен келісуге жолдады. Осылайша, алдыңғы іріктеу тәжірибесін ескере отырып, кандидаттардың құндылық бағдары бойынша талаптар тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды. Атап айтқанда, резерв қоғамдық мүдделерге басымдық беретін адамдар арасынан құралмақ. Рекрутинг өзгертулер де нақты тәжірибесі бар трансформациялық көшбасшыларды анықтауға бағытталған. Осыған байланысты резерв критерийлері қайта қаралды», деді А.Жайылғанова. Жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін әлеуетті жұмыс берушілер қатарынан сараптамалық комиссия құрылады.