Парламент • 10 Ақпан, 2021

Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобасын мақұлдады

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәжіліс бірқатар ратификациялық заң жобасын мақұлдады

Атап айтқанда, депутаттар Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманы ратификациялау одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарттың терминологиясын ЕАЭО туралы шарттың және ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шарттың ережелеріне сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Осы шартқа ратификациялық түзетулерді қарау барысында депутаттар 10 жұмыс тобының ішінен түрлі бағыттар бойынша біріккен әріптестік шеңберінде тек біреуін қазақстандық тарап, ал 9-ын Ресей өкілдері басқаратынына назар аударды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл мәселенің Қазақстанның мүддесін қорғау үшін маңыздылығын айтып, депутаттар барлық парламенттік интеграциялық бірлестіктердегі жұмыс тәсілдерін өзгерту үшін көптеген шараларды қолға алып келе жатқанын айтты.

Н.Нығматулиннің пікірінше, осындай қадамдарды жұмыс органдарында да жасау керек. Сонымен қатар, жалпы отырыста Палата ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.  

Бұл Конвенцияның мақсаты Уағдаласушы Тараптардың бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауға немесе жазаны орындаушы мемлекеттің азаматына қатысты жаза тағайындалған мемлекеттің соты тағайындаған қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды қолдану жөніндегі қатынастарын реттеу.

Бүгін депутаттар тарапынан мақұлданған ратификациялық құжаттардың қатарында «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бар. Осы Келісімді ратификациялау мемлекетаралық стандарттау жөніндегі қолданылатын құжаттардың анықтығы мен өзектілігін және мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату қағидаттарының тұтастығын қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері біршама жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу және сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары.  

Сондай-ақ, жұмысқа алынған құжаттардың қатарында Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелеріне қатысты және Қазақстан мен Ресей арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

Олардың қатарында Д.Назарбаева, А.Милютин, Ж.Ахметбеков, Е.Смайлов, Е.Жаңбыршин, Н.Дементьева, А.Жұмабаева, Д.Тұрганов, Ф.Қаратаев, А.Сембинов, Е.Өмірғали, А.Перуашев, А.Паяев, А.Рау бар.