Таиландтың сайлау комиссиясы елде мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысатын партияларды тіркеуді полиция бөлімінде жүзеге асыруға мәжбүр болды.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, алғашында партиялық тізімдерді тіркеуді жақын маңдағы стадионда өткізу жоспарланған екен. Бірақ, оған баратын жолды оппозиция қоршап алғандықтан, стадион аумағына тек тоғыз партияның өкілдері ғана кіруге жол тауыпты. Қалған партиялардың өкілдері ғимаратқа кіре алмаған. Бұл елде парламенттік сайлау 2014 жылдың 2 ақпанына белгіленген. Өтініштер 23-27 желтоқсан аралығында қабылдануы тиіс. Ал «Пхыа Тхан» билік партиясының тізімінде премьер-министрдің міндетін атқарушы Иинглак Чинават бірінші болып тұр.
Шарайна
Таиландтың сайлау комиссиясы елде мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысатын партияларды тіркеуді полиция бөлімінде жүзеге асыруға мәжбүр болды.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, алғашында партиялық тізімдерді тіркеуді жақын маңдағы стадионда өткізу жоспарланған екен. Бірақ, оған баратын жолды оппозиция қоршап алғандықтан, стадион аумағына тек тоғыз партияның өкілдері ғана кіруге жол тауыпты. Қалған партиялардың өкілдері ғимаратқа кіре алмаған. Бұл елде парламенттік сайлау 2014 жылдың 2 ақпанына белгіленген. Өтініштер 23-27 желтоқсан аралығында қабылдануы тиіс. Ал «Пхыа Тхан» билік партиясының тізімінде премьер-министрдің міндетін атқарушы Иинглак Чинават бірінші болып тұр.
Себеп-салдарын тексеретін комиссия құрылды
Египетте елдің бұрынғы президенті Мохаммед Мурсиді биліктен тайдыруға қатысты мәселелерді тексерумен айналысатын арнайы комиссия құрылды.
«Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, комиссия құру туралы жарлыққа Египет президентінің міндетін атқарушы Адли Мансур қол қойған. Мансурдың мәлімдеуінше, бұл тәуелсіз комиссия Мысырда 30 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін болған жағдайларды тексеруден өткізеді. Комиссияның құрамында бес адам бар. Оған судья Фуад Рияд басшылық етеді. Комиссия жұмысының алғашқы нәтижесі алты айдан соң шығарылмақ.
Дауыл мен жауын электр жарығынсыз қалдырды
Канадада қатты соққан дауыл мен мұз аралас жауын салдарынан 400 мыңға жуық адам электр жарығынсыз қалды. Кейбір ақпараттарға қарағанда, табиғат апатынан елдің Онтарио және Торонто провинциялары едәуір зардап шеккен.
Қазір осы провинцияларда электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Оған кем дегенде 72 сағаттай уақыт керек. Ауа райының қолайсыздығынан ел аумағында жүздеген апат болған. Соның салдарынан бес адам мерт болған көрінеді. Бұлардан бөлек бірнеше қаланың әуежайларында көптеген авиарейс кейінге қалдырылып отыр.
Қысқа қайырып айтқанда:
● Түрмеден босатылған Михаил Ходорковский Берлинде өткізген баспасөз мәслихатында Украина президенті Виктор Януковичті ресейлік әріптесі Владимир Путиннен үлгі алуға шақырды. Бұл Юлия Тимошенкоға қатысты болды.
● Токионың орталығындағы мектеп ауласында ер адам өзіне және ойнап жүрген бір балаға өрт қойды. Екеуі де қатты күйгендіктен, ауруханаға жатқызылды. Оқиға кеше таңертең болған.
● Бортында 182 жолаушысы бар Ұлыбритания авиакомпаниясының Боинг 747 ұшағы Йоханнесбург әуежайында бір қанатымен ғимарат қабырғасына соғылды. Зардап шеккендер жоқ.
● Швецияның Транос аталатын қаласында аты-жөні аталмаған бір жас жігіт ішінде төрт жастағы бала отырған автомашинаны «қуып» кетіпті. Машинада бала бар екенін білген ол 100 метрдей жүргеннен соң оны түсіріп тастаған. Ал өзі үш сағаттан кейін қолға түскен.
Сайлау өткізу мүмкін еместігін мойындады
Украина ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы, қазіргі «Еуромайдан» жетекшілерінің бірі Юрий Луценко Украинада мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу мүмкін еместігін мойындады. Мұны ол Киев орталығындағы акцияға қатысушылармен бейресми жағдайда болған әңгіме кезінде мәлімдеген.
Саясаткердің атап өтуінше, оппозицияның басты мақсаты 2015 жылы өтетін президент сайлауына дайындық болып табылады. «Бізге бір ғана көсем керек, он көшбасшымен соғысқа бару мүмкін емес, – деп айтыпты Луценко. – Сайлауда оппозициялық кандидаттың 80 пайыздық есеппен жеңуіне қол жеткізу қажет». «Еуромайданға» қатысушылар талабының бірі – елде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу болатын.
Ауғандық босқындар талаптарын осылай білдірді
Ауғандық 200-ден астам босқын Бельгияның батысындағы Монс қаласында қарсылық лагерін ұйымдастырды. «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, олар осы арқылы елдің премьер-министрі Элио де Руподан өздеріне осы елде тұрақты тұруға көмектесуді сұрамақ көрінеді.
Босқындар Брюссельден Монс қаласына дейінгі 70 шақырымдық жолды жаяу жүріп келіпті. Ауғандық босқындар қазіргі кезде ел астанасындағы шіркеуде тұрып жатыр екен. Үкімет өкілдері бұл босқындардың талабы стандарттық тәртіппен қаралатындығын мәлімдеген. Бельгия үкіметінің басшысы Рупо, сондай-ақ, Монс қаласының мэрі де болып табылады. Қазір ол іссапарда жүр екен.
Сот қала басшысының өкілеттігін тоқтатты
Тбилисидің қалалық соты Грузия астанасының мэрі Гиги Угулаваның өкілеттігін тоқтатты. Қала басшысы осының алдында бюджет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталған болатын.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Г.Угулава 2012 жылы Тбилисиді дамыту қорына тиесілі 30 миллион долларға жуық қаражатты «Біртұтас ұлттық қозғалысының» сайлауалды кампаниясына пайдаланған сияқты. Сондай-ақ, оның бес орынбасарына да айып тағылып отыр. Айта кетейік, қала басшысы Грузияның экс-президенті М.Саакашвилидің жақтасы болып саналады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.