Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

«Жасыл» – жақсылықтың жаршысы ма?

1464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысы бірнеше апта бойы «қызыл аймақта», одан соң «сарыда» тұрақтаған еді. Енді 9 ақпандағы мәліметке сәйкес, «жасыл аймаққа» өтті. Алайда сол тәулікте 49 адамның қауіпті вирусты жұқтырғаны белгілі болып отыр.

«Жасыл» – жақсылықтың жаршысы ма?

 

– Науқастардың арасында Теңіз кенішінің 32 жұмысшысы, Атырау қаласының 10 тұрғыны бар. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында – 6, Махамбет ауданында 1 адамнан Сovid-19 анықталды. Оның ішінде 10 адамда инфекцияның симптомды түрі бар. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан сауығып шыққандар 95 адамды құрады. Ал үй жағдайында ем­делуді жалғастырған науқас­тар­дың саны – 276 адам. Облыс­тық инфекциялық стационар­да – 72, аудандардағы стационар­ларда – 25, Теңіз кенішіндегі ста­ционарда 377 науқас емде­ліп жатыр, – деп мәлімдеді облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының баспасөз қызметі.

Әрине, коронавирус инфекциясына байланысты бұл деректер өңірдегі эпидемиялық ахуалдың бұрынғыдан жақсара түскенін байқатып отыр. Ал оны тежеудің жолы – вакци­на. Елімізде бастау алған вак­ци­налауға орай тоғыз күнде «Спутник V» вакцинасын 873 адам салдырып отыр. Солар­дың қатарында №7 қалалық емхананың директоры Гүлнафис Таңбаева да бар. Онымен бірге №7 емханада бірге жұмыс істейтін 260-қа жуық ақ желеңді әріптесінің 10%-дан астамы вакцина алып үлгерді.

– Медицина саласында жұ­мыс істегеніме 25 жылға жуық­тады. Осы кезеңде халық­тың денсаулығын сақтау, түр­лі аурудың алдын алу үшін де, медицина ісін ұйым­дас­ты­ру­шы ретінде де тұрғын­дар­­мен тығыз байланыс орна­тып келемін. Өйткені өзге сала­ларға қарағанда медицина қызметкерлері адамдармен көбірек араласады. Дәрігерлерге созылмалы ауруы бар жандар, жалпы тұрғындар жиі жүгінеді, – дейді Г.Таңбаева.

Оның айтуына қарағанда, пандемия тіркелген күннен бері халықтың дәрігерлерге деген сенімі бұрынғыдан да арта түсті. Коронавирустың бірін­ші толқынында науқастардың өмірін арашалау үшін алдымен дәрігерлер күні-түні тынымсыз еңбек етті.

– Қауіпті вируспен бетпе-бет күрес­кен дәрігерлер де, орта буын қыз­меткерлері де инфек­ция жұқ­тырды. Бірақ медицина қыз­мет­керлерінің міндеті – науқас­тың өмірін сақ­тап қалу. Дәрі­гер­лер сол мін­­детін адал ат­қар­ды. Әлі де кәсі­­біне адалдық таны­туды парызы санайды. Әрине, бірінші тол­қыны кезінде ін­деттен қор­ғайтын вакцина бол­ма­ды. Соған қарамастан осы сала­ның барлық қызметкері ін­дет­ке шалдыққан жандардың өмірі үшін күресті. Десек те кез келген инфекцияны тоқтатудың да, оның алдын алудың да бір жолы – вакцина салдыру. Вак­цина алдымен адамды инфекция­дан қорғайды. Сол себептен вак­цинаны алғаш­қы­лардың қатарын­да алдым. Мақсатым – өзім­ді, отбасым мен ай­на­лам­дағы әріп­тестерімді, емха­наға ке­летін адамдарды қауіпті вирус­тан қорғау. Сондықтан жақы­ны­ңа, жаныңда жүрген жан­дар­ға жанашыр болу үшін вак­цина алудан қорқудың қажеті жоқ, – деген ойымен бөлісті Атырау қаласындағы №7 емхана­ның директоры.

Дәрігердің пікірінше, осы орайда әр адам қоғам алдындағы жауапкершілікті жете сезінуі керек. Бұл – қауіпті вирусты тара­ту­шы болмау. Рас, әлеуметтік желі­де коронавирусқа қарсы салынатын вакцина туралы түрлі қауе­сет желдей есті. Бірақ ресми дә­л­ел­ден­беген ақпаратқа сенбеген жөн.

Ал кәсіпкерлер мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақытын өзгертуді қалап отыр. Өйткені өңірде 700-ге жуық қоғамдық тамақтану орны бар. Оның 400-ден астамы – Атырау қаласында, 300-ге жуығы аудандарда тіркеліпті. Қазір мейрамханалар мен дәмханалар сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл – облыстың бас санитар дәрігерінің талабы.

Осы мәселе Атырау облысы­ның кәсіпкерлер мен жұмыс беру­шілер одағында өткен дөң­ге­лек үстелде кеңінен талқыға түсті. Оған мейрамханалар мен дәмханалардың иелері, сондай-ақ Атырау қаласы мен облыстың бас санитарлық дәрігерлері қа­тысты. Кәсіпкерлердің сұрай­тыны – жұмыс уақытын сағат 00.00-ге дейін ұзарту.

– Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысына сағат 20.00-ге дейін ғана рұқсат етіліп отыр. Алайда клиенттер сағат 20.00-ден 22.00-ге дейінгі аралықта көп келеді. Бұл – біздің қызметкерлер штатын ұстау, коммуналдық төлемдер мен несиелерді төлеу, басқа да операциялық шығыстарды жабу үшін ақша таба алатын уақытымыз, – дейді кәсіпкер Нұрлан Мұқышев.

Кәсіпкерлер жұмыс уақытын шектеу шығынға ұшыратқанын алға тартады. Өйткені мейрамхана бизнесіндегі табыстың 90%-ға жуығы жұма күні кеште және демалыс күндері түседі екен.

– Демалыс күндері мейрамханалар мен дәмханалар бір сағатта айлық кірістің 20%-ын табады. Сол себептен жеке тұр­ған мейрамханалар мен дәм­ха­на­ларға бір адамға 5 шаршы метрлік орын ұсынумен түн­гі сағат 00.00-ге дейін жұ­мыс іс­теуге рұқсат беруді сұрай­мыз, – деген ұсынысын айтты Қазақ­стан Республикасы қо­ғам­дық тамақтану қа­уым­дасты­ғы­ның кеңесшісі Веро­ника Нұрпейісова.

Осыған орай облыстың бас сани­тарлық дәрігері Мәде­ниет Танауов бұл мәселені қарас­тыруға уәде беріп отыр. Алайда бұл үшін бірнеше себепке назар аудару қажет екен.

– Бір аптада өңірдегі эпиде­мия­лық жағдай нашарламай, «сары аймақта» қалу жалғасуы керек. Сонда ғана мейрамхана­лар мен дәмханалардың жұ­мыс уақытын сағат 00.00-ге дейін ұзарту мүмкіндігін қарас­тырамыз, – дейді бас санитар дәрігер М.Танауов.

Мұнайлы өңірдің «сарыдан» аттап өтіп, «жасыл аймаққа» енуі эпидемиялық ахуалды жақсартар жақсылықтың жар­шысындай қабылданып отыр. Облыстың бас санитар дәрігері мейрамхана биз­несін­дегі кәсіпкерлерге берген уә­десін орындады. Оның кешегі қаулысымен бүгіннен бас­тап қоғамдық тамақтану орын­дары­ның жұмыс уақыты сағат 00.00-ге дейін созылатын болды.

 

Атырау облысы