– Науқастардың арасында Теңіз кенішінің 32 жұмысшысы, Атырау қаласының 10 тұрғыны бар. Сондай-ақ Құрманғазы ауданында – 6, Махамбет ауданында 1 адамнан Сovid-19 анықталды. Оның ішінде 10 адамда инфекцияның симптомды түрі бар. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан сауығып шыққандар 95 адамды құрады. Ал үй жағдайында емделуді жалғастырған науқастардың саны – 276 адам. Облыстық инфекциялық стационарда – 72, аудандардағы стационарларда – 25, Теңіз кенішіндегі стационарда 377 науқас емделіп жатыр, – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Әрине, коронавирус инфекциясына байланысты бұл деректер өңірдегі эпидемиялық ахуалдың бұрынғыдан жақсара түскенін байқатып отыр. Ал оны тежеудің жолы – вакцина. Елімізде бастау алған вакциналауға орай тоғыз күнде «Спутник V» вакцинасын 873 адам салдырып отыр. Солардың қатарында №7 қалалық емхананың директоры Гүлнафис Таңбаева да бар. Онымен бірге №7 емханада бірге жұмыс істейтін 260-қа жуық ақ желеңді әріптесінің 10%-дан астамы вакцина алып үлгерді.
– Медицина саласында жұмыс істегеніме 25 жылға жуықтады. Осы кезеңде халықтың денсаулығын сақтау, түрлі аурудың алдын алу үшін де, медицина ісін ұйымдастырушы ретінде де тұрғындармен тығыз байланыс орнатып келемін. Өйткені өзге салаларға қарағанда медицина қызметкерлері адамдармен көбірек араласады. Дәрігерлерге созылмалы ауруы бар жандар, жалпы тұрғындар жиі жүгінеді, – дейді Г.Таңбаева.
Оның айтуына қарағанда, пандемия тіркелген күннен бері халықтың дәрігерлерге деген сенімі бұрынғыдан да арта түсті. Коронавирустың бірінші толқынында науқастардың өмірін арашалау үшін алдымен дәрігерлер күні-түні тынымсыз еңбек етті.
– Қауіпті вируспен бетпе-бет күрескен дәрігерлер де, орта буын қызметкерлері де инфекция жұқтырды. Бірақ медицина қызметкерлерінің міндеті – науқастың өмірін сақтап қалу. Дәрігерлер сол міндетін адал атқарды. Әлі де кәсібіне адалдық танытуды парызы санайды. Әрине, бірінші толқыны кезінде індеттен қорғайтын вакцина болмады. Соған қарамастан осы саланың барлық қызметкері індетке шалдыққан жандардың өмірі үшін күресті. Десек те кез келген инфекцияны тоқтатудың да, оның алдын алудың да бір жолы – вакцина салдыру. Вакцина алдымен адамды инфекциядан қорғайды. Сол себептен вакцинаны алғашқылардың қатарында алдым. Мақсатым – өзімді, отбасым мен айналамдағы әріптестерімді, емханаға келетін адамдарды қауіпті вирустан қорғау. Сондықтан жақыныңа, жаныңда жүрген жандарға жанашыр болу үшін вакцина алудан қорқудың қажеті жоқ, – деген ойымен бөлісті Атырау қаласындағы №7 емхананың директоры.
Дәрігердің пікірінше, осы орайда әр адам қоғам алдындағы жауапкершілікті жете сезінуі керек. Бұл – қауіпті вирусты таратушы болмау. Рас, әлеуметтік желіде коронавирусқа қарсы салынатын вакцина туралы түрлі қауесет желдей есті. Бірақ ресми дәлелденбеген ақпаратқа сенбеген жөн.
Ал кәсіпкерлер мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақытын өзгертуді қалап отыр. Өйткені өңірде 700-ге жуық қоғамдық тамақтану орны бар. Оның 400-ден астамы – Атырау қаласында, 300-ге жуығы аудандарда тіркеліпті. Қазір мейрамханалар мен дәмханалар сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл – облыстың бас санитар дәрігерінің талабы.
Осы мәселе Атырау облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында өткен дөңгелек үстелде кеңінен талқыға түсті. Оған мейрамханалар мен дәмханалардың иелері, сондай-ақ Атырау қаласы мен облыстың бас санитарлық дәрігерлері қатысты. Кәсіпкерлердің сұрайтыны – жұмыс уақытын сағат 00.00-ге дейін ұзарту.
– Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысына сағат 20.00-ге дейін ғана рұқсат етіліп отыр. Алайда клиенттер сағат 20.00-ден 22.00-ге дейінгі аралықта көп келеді. Бұл – біздің қызметкерлер штатын ұстау, коммуналдық төлемдер мен несиелерді төлеу, басқа да операциялық шығыстарды жабу үшін ақша таба алатын уақытымыз, – дейді кәсіпкер Нұрлан Мұқышев.
Кәсіпкерлер жұмыс уақытын шектеу шығынға ұшыратқанын алға тартады. Өйткені мейрамхана бизнесіндегі табыстың 90%-ға жуығы жұма күні кеште және демалыс күндері түседі екен.
– Демалыс күндері мейрамханалар мен дәмханалар бір сағатта айлық кірістің 20%-ын табады. Сол себептен жеке тұрған мейрамханалар мен дәмханаларға бір адамға 5 шаршы метрлік орын ұсынумен түнгі сағат 00.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраймыз, – деген ұсынысын айтты Қазақстан Республикасы қоғамдық тамақтану қауымдастығының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.
Осыған орай облыстың бас санитарлық дәрігері Мәдениет Танауов бұл мәселені қарастыруға уәде беріп отыр. Алайда бұл үшін бірнеше себепке назар аудару қажет екен.
– Бір аптада өңірдегі эпидемиялық жағдай нашарламай, «сары аймақта» қалу жалғасуы керек. Сонда ғана мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақытын сағат 00.00-ге дейін ұзарту мүмкіндігін қарастырамыз, – дейді бас санитар дәрігер М.Танауов.
Мұнайлы өңірдің «сарыдан» аттап өтіп, «жасыл аймаққа» енуі эпидемиялық ахуалды жақсартар жақсылықтың жаршысындай қабылданып отыр. Облыстың бас санитар дәрігері мейрамхана бизнесіндегі кәсіпкерлерге берген уәдесін орындады. Оның кешегі қаулысымен бүгіннен бастап қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты сағат 00.00-ге дейін созылатын болды.
Атырау облысы