Баланың жасы кішкентай болған сайын отаға дайындық, одан кейінгі күтім де аса мұқияттылықты қажет етпек. Мәселен, медицинада науқас пен дәрігерді байланыстыратын деонтология қағидасы бар. Жаңа туған нәресте, заңдық тұрғыда, ақыл-есі әлі дамымағандықтан тағдыршешті делдалдықты ата-ана атқаруға мәжбүр болса, баланың өмірі үшін жауапкершілікті дәрігер мойнына алады. Ал жаңа ғана дүниеге келген сәбилерде хирургтардың шұғыл әрекет етуін қажет ететін туабітті кеселдер табылып жатады. Мәселен, бұлар – өңеш атрезиясы, туабітті ішек өтімсіздігінің түрлері, анус атрезиясы, кіндік бауының эмбрионалдық жарықтары сынды сан түрлі дерттер.
Осыған орай, Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында «Жаңа туған нәрестелер, балалар мен жасөспірімдер эндохирургиясы» тақырыбында халықаралық семинар-шеберлік дәрістері өтті. Бір жағынан Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығындағы бұл шара профессор Алмас Камалұлы Ормантаевты еске алуға арналып, «Оның ойлары мен тілектерін орындау» тақырыбын алға шығарды. «Жаңа туған нәрестелер, балалар мен жасөспірімдер эндохирургиясы. Индоцианинді жасыл ICG және RUBINA 4K/3D бейне жүйесінің асқазан-ішек жолдары мен анастомоздар хирургиясының мүмкіндіктері» мәселелеріне құрылған семинарға Иркутск мемлекеттік медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Юрий Козлов, Қазақстан эндоскопиялық хирургтар қауымдастығының президенті, профессор Владимир Котлобовский де қатысты.
Халықаралық іс-шарада Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігері, «С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті» КеАҚ балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Абай Құсайынов сөз алып, еліміздегі балалар хирургиясының мәселелерін қозғады.
Халықаралық мастер-класс шеңберінде асқазан-ішек рефлюкс ауруы, гидронефроз, туа біткен мегауретр сияқты асқазан-ішек жолдарының, несепағар-жыныс жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған ақаулары бар балаларға лапароскопиялық операциялар жасалды. Хирургтер KarlStorz/компаниясының соңғы эндовидеохирургиялық жабдықтарын қолдана отырып, 4 хирургиялық операцияны сәтімен жүзеге асырды.
Жұмыс күнінің соңында дөңгелек үстел өткізіліп, күрделі операциялар мен клиникалық жағдайлар талқыланды. Конференция модераторлары әріптестерінің кәсіби сұрақтарына жауап берді. Семинар соңына қарай профессор Ю.А.Козлов «Сібірден сүйіспеншілікпен: жаңа туылған нәрестелер мен сәбилерге зақымы аз хирургия» атты бейне-дәрістерін ұсынды.
АЛМАТЫ