Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, криминалдық полиция басқармасы мен балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізген екен.
«Іс-шара кезінде Атырау қаласына таяу орналасқан «Геолог» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрғын екі көліктің ішінен 364 дана киік мүйізі тәркіленді. «ВАЗ-21014» автокөліктің бірінен 200 дана киік мүйізі мен құқық қорғау органында тіркелмеген қос ұңғылы «ТОЗ-16» маркалы аңшылық мылтығы табылды. Ал, екінші көлікте 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжаттары жоқ 4,5 калибрлі «Байкал МР-512» маркалы қару бары анықталды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір күдік ретінде ұсталған Исатай ауданы мен Атырау қаласының 23 жастағы екі тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.