БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 8 ақпаннан бері 7 оқушы мен 6 мұғалімнен коронавирус табылды.
Соған байланысты қалада 4, аудандарда 5 мектеп карантинге жабылды. Сондай-ақ Оралда балабақша тәрбиешісінің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Мұнда сол топқа карантин қойылды.
БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 8 ақпанда күшіне енген қаулысына сәйкес оқушылар немесе қызметкерлер арасынан бір адамнан коронавирус тіркелген кезде сол мектеп түгел инкубациялық кезең аяқталғанға дейін, яғни 14 күнге карантинге жабылады.
Оған дейін індет шыққан сынып қана карантинге жабылатын. Өңірде эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз болып отыр. 8 ақпан күні 51 адамнан індет анықталып, азайғанымен, 9-ында 84, 10-ында 87 жағдай тіркелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да карантин талабын бұзғандарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.