Медицина • 11 Ақпан, 2021

Пандемия Жетісу өңіріндегі медицинаның дамуына оң ықпал етті ме?

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған жұқпалы індетпен күрес отандық медицинаға үлкен сынақ болғаны белгілі. Пандемия кезеңінде туындаған қиындық пен күрделі ахуал денсаулық сақтау саласының жұмысын түбегейлі өзгертуге мәжбүр етті. Оның ішінде дәрігер мәртебесі мен біліктілігі және емхана, ауруханалардың талапқа сай жабдықталуы өткір мәселеге айналды. Қазір бұл бағыттағы бастама жанданып, орасан іс атқарылуда.

Пандемия Жетісу өңіріндегі медицинаның дамуына оң ықпал етті ме?

Әсіресе аймақтардағы денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Яғни ел ішіндегі емдеу жұмысына талап күшейіп әрі бұрын-соңды болмаған қамқорлық пен қолдау жасалып жатыр. Осындай игі іс Алматы облысында да атқарылып отыр. Оны өткен мерзімде өңірдегі медицина саласына бөлінген қаржы көлемінен аңғаруға болады.

Мәселен 2020 жылы облыстың медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 8,7 млр теңге бөлінген екен. Нәтижесінде ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 89 пайызға жетіп, санитарлық автокөлікпен жабдықтау деңгейі 90 пайызды құраған.

Ал облыстық, аудандық және қалалық ауруханаларды  интернет желісіне қосу 100 пайызға орындалса, шалғайдағы елді мекендердің ғаламторға қолжетімділігі 96 пайызды құрапты. Демек емдеу мекемелері арасындағы байланыс толықтай орталықтанып, компьютерлік жүйеге көшкені анық. Бұл өз кезегінде дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқарып отыр. Дерек бойынша қағазсыз құжат айналымы 53 медициналық ұйымға енгізіліпті. Емханаларға тіркелген 1993,2 мың адамға электронды денсаулық паспорты берілген. Яғни облыс тұрғындарының 96 пайызында осындай денсаулық құжаты бар деген сөз.  

Жалпы, пандемия жағдайы облыстың денсаулық сақтау саласына деген көзқарасты түбегейлі өзгертті деуге болады. Індетпен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінсе, оның бір бөлігі – 8,8 млрд коронавирустың екінші толқынына дайындыққа бағытталған. Бұл қаржы облыстағы медицина мекемелерін тиісті жабдықпен қамтуға мүмкіндік берді. Осы кезеңде 3 томограф, 18 рентген аппараты, 219 өкпені жасанды желдету аппараты, 180 жедел жәрдем машинасы, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, аудандарға берілген екен. Ал облыс бойынша инфекциялық төсек-орындар саны 1300 орыннан 5280 орынға дейін көбейген. Аумақтағы көп бейінді ауруханалар базасында 4 ахуалдық орталық құрылып, қазір ол жерде білікті мамандар ауыр науқастар мен балаларға жедел көмек көрсетуде.

Осы жерде жетісулық ақ желеңді абзал жандарға көрсетілген көмек пен қолдау туралы айтқан орынды болар. Індетпен күресте іркілмей қызмет еткен 6971 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 6,6 млрд теңге  болатын үстемеақы төленіпті. Бұған қосымша жергілікті бюджеттен 137 млн теңге тағы бөлініп, 1123 дәрігерге сыйақы берілген. Оның ішінде қауіпі жоғары емдеу орындарында жұмыс істеген 501 медицина қызметкері 2 млн теңге көлемінде төлем алды. Ал коронавирустен қайтыс болған тоғыз медицина қызметкерінің отбасы мүшелеріне 90 млн теңге көлемінде өтемақы төленген екен. Былтыр дәрігерлердің әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешу де назардан тыс қалмапты.

- Өткен жылы медицина қызметкерлеріне 127 пәтер берілді. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, тағы 47 маманды тұрғын үймен қамтамасыз етпекпіз. Бүгінде облыста 804 денсаулық сақтау ұйымы бар. Оның ішінде  641 мекеме мемлекеттік және 163 мекеме жекеменшік нысанда қызмет көрсетеді. Бұған дейін білікті мамандардың жетіспеушілігі болған, қазір бұл мәселе шешілді деуге болады. Әсіресе, жоғары оқу оырынын бітірген жас мамандардың өңірдегі емдеу мекемелеріне келуі көбейді. Бұған мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау мен көмек оң ықпал етті, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Айтпақшы, жақында облыста алғаш рет созылмалы ЛОР патологиясы бар науқастар үшін жағымды жаңалық болды. Бұған дейін құлақ, көмей-жұтқыншақ және мұрын қуысында кінәраты бар адамдарды облыс көлемінде емдеу мүмкін болмай келген екен. Дәрігерлер мұндай диагнозы бар ауруларға қажетті күрделі ем-шара мен операция жасау үшін Алматы қаласындағы клинкаларға жіберіп отырған-ды.  Енді Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханасында арнайы диагностикалық орталық ашылды. Қазір бұл орталықта  жоғарғы санатты оториноларинголог-дәрігер Мақсат Ерубай бастаған дәрігерлер қабылдау жүргізуге кіріскен. Мұнда олар созылмалы ЛОР патологиясы бар ересектерге емдеу жүргізіп, құлақ, көмей-жұтқыншақ және мұрын қуысының ауруларының диагностикасын жүзеге асырады. Яғни, бұған дейін басқа қаладағы емханаларға портал арқылы тіркеліп, кезек күтіп келген науқастар енді тұрғылықты жерінен жолдама алып, лор хирургиясы мен амбулаториялық ем-домды тегін алатын болды.

 

Алматы облысы