
Елбасы ескертсе де кәсіпкерлер елді мекендер маңындағы
жайылым мен шабындық жерлерді қайтармай отыр
Елбасы ескертсе де кәсіпкерлер елді мекендер маңындағы
жайылым мен шабындық жерлерді қайтармай отыр

Көркі мен күйігі бірдей жаз
Алтындала ауылының аты қасиетті Тәуелсіздігіміз келген соң осылай өзгерді. Жұрт «Япыр-ай, әйтеуір ауылдың аты дұрысталды, кім қойса да, жақсы ойлап тапқан екен» десті. Бұрын ұлы жолдың бойындағы осы ауылға бұрылар жерге «екі тілде» «Красный октябрь – Қрасный октябрь» деген маңдайша ілулі тұратын. Ол кезде көрнекі құралда не жазылса, сол заң секілді көрінетін. Өзге жұрт «Красный октябрьді» қазақша атау үшін «К» әрпін «Қ» деп өзгертсе жетіп» жатыр екен ғой деп ойлаған шығар. Ал, ел арасында бұл ауылдың «Долгий ауыл» деген де аты болды. Оның себебі, ауыл Тобыл өзенінің бойын бойлап, ұзыннан-ұзақ орналасыпты. Өзен жағасы болғандықтан құдықтары да тұщы, ауызсуы мол. Ауыл тұрғыны Әділхан Оташев 6-7 шақырым жердегі қырат басындағы ескі қорымды көрсетті. «Осы жерге аштық жылдары шұбырып келе жатқан адамдарды ауылға жібермей, тоқтатып, тамақ берген деседі. Олардың сүйегі қырдың басында қалыпты, бұрын шалдар айтып отыратын», дейді. Ауылдың сыртында бірнеше көл жатыр. Жазымен аққу қонып, қаз-үйрек ұшады. Енді кім де болса бұл жердің әсемдігіне тамсанбай қалмайды. Әр қазақтың ұғымындағы «көк түтінін шұбатып, жібек созған» нағыз ауыл, міне, осы дерсің... Көрген жан көшіп келгісі келіп тұрады.
Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын осы ауыл «Қостанай» мал бордақылау кеңшарына қараған екен. Кенжебай Әміралин – осы ауылдың байырғы тұрғыны. Ауылдағы өзгерістің барлығы оның көз алдынан өтіп келе жатыр. Ол жас кезінде мінбеген велосипедтен қазір түспейтін болған. Жазымен қорадағы бес бұзауына шөпті осы қиқаңдаған көлікпен тасиды.
– Ауылдың маңайында шөп жоқ, сенсеңіз әр түп шөпті қолмен санағандай жұламын. Бір мен емес, ауылдастардың барлығының тірлігі осы, – дейді Кенжебай. Оның қорасындағы бес бұзау күн шығысымен мөңірейді, жолдың арғы бетіндегі көгі жайқалған егісті көзімен теседі де тұрады. Кешке өрістен енесі келгенде қарны бір тоятындай тайраңдағаны да әдіре қалады. Кенжебайдың әйелі Бағила екі сиырды қақшып сауып алады, сонда екеуінен екі литр ғана сүт шығады. Әйтпесе, желіні жер сызатын сиырлар емес пе. Екі бүйірі солқылдап, ішіне кіріп, сүйегі арса-арса болып, жануарлар өрістен аш келеді. Сонша мал ұстағандағы алған сүті балалардың тақ-тұқ ішуінен артылмайды. Көсіп жейтін қаймақ ағызуға, құрт-ірімшік жасауға келмейді. Өйткені, сиырдың тұяғы жетер жерде шөп жоқ. Ауылдың айналасы – жағалай егін. Тіпті, егіндік ауылдың ішіне кіріп жатыр. Таңертең бақташы малды ауылдың шетіне айдайды да, бір шақырымдай жерге апарып, иіріп тұрады. Санасыз мал емес пе, көктің иісі мұрнын жарып, бүгін бір тоятындай сезінеді. Бақташы айдағанда шаңы шыққан жайылымды өкіріп иіскеп барады да, тіке егінге қашады. Бақташы құрықтың, қамшының күшімен қайырып, өзеннің жағасына иіреді. Өзен жағасынан оны-мұны жұлып жеген сиырлардың күн ысыған соң, судың самалына келіп, ыңырсып жатқаннан басқа амалы қалмайды. Бақташы малды кешкі 6-дан қалдырмай шаңдатып ауылға айдап келеді. Ал жаз айында кешкі сағат 18.00 дегеніңіз – тал түс емес пе? Күн батқанша қай уақыт? Нағыз кешкі салқынмен жайылатын кезде мал қорада тұрады.
– Малдың жазымен кешке егінге қашқанын көрсеңіз. Онымен егіннің қарауылы арпалысып жатады. Біз де малды қамап жібермеуге тырысамыз, себебі, олар егінге түскен малды аямайды, – дейді Кенжебай.
Малды да, жанды да ашықтырмасын. Ауылдың сиырлары екінің бірінде өзеннің арғы бетіне жүзіп өтіп кетеді. Ол жақта жайылым болса бір жөн, түгелдей шаруа қожалықтарының бақшасы мен картобы жайқалып тұрады. Ауылдастар сиырын бергі бетке өткізе алмай, өздері салқындаған суға түсе алмай, жағада айқайлап тұрғаны. Судан бір өтіп алған соң, көкке ұрынған сиырдың қандай айқайыңды да тыңдауға мұршасы келмейді.
– Жайылымы болса, бар береке малда ғой, – дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Миран Көдесов ақсақал. – Біз осында кешегі 90-жылдары көшіп келдік. Оған дейін Науырзымның Қайғысында тұрдық. Шіркін, жер де, жайылым да жетеді. Малды түлік-түлігімен ұстадық. Кемпірім қазір «осы малды құртшы, пайдасы жоқ құтсыз немені» дейді. Ау, ауылда отырған соң мал ұстамай бола ма? Ыстық сүт ішкіміз, қаймақ, жас ет жегіміз келеді. Сатып алған сүттің де, еттің де берекесі бола ма?
Күздің қорлығы-ай!
Алтындала ауылындағы күзге қарай шөп дайындаудың қорлығын да, қиындығын да айтпаңыз. Ауылдың айналасында шөп шабатын шабындық жоқ. Айнала егін болғандықтан оның қожайындары ауылдастарға орақтан кейінгі сабанның қанын шығарып сатады. Сабанның бір тоннасының бағасы алты мың теңге тұрады. Жаңбырсыз, егіннің шығымы аз болған жылдары оның бағасы да көтеріле түседі. Ал арпадай емес, бидай сабанының малға жұғымдылығы шамалы екенін шаруа адамы біледі. Жақын жерде шабындық болмаған соң, шөпті 200-250 шақырым жердегі аудандардан тасып әкеліп сатады. Оның бір теңі 400 теңгедей тұрады. Шөп сатушылар да әбден саудагер болып алған.
– Бір көлік сабанды екі тоннаға есептейді, ал шындығында оны ветродуймен қауқитып әкелген соң, ол бір тонна да болмайды, – дейді тілі орысшаға бұралып кете беретін ауыл тұрғындары. Өзге аудандардан тасылатын буылған шөптің әр теңі баяғы кеңшар кезіндегідей емес, жеп-жеңіл. Бір теңді ересек кісі былай тұрсын, бала қолтығына қысып кетердей. Әлгі ауылды айнала бидай сепкен кәсіпкерге сабанның қымбаттығын айтып көр, «алмасаң әрі жүр» деп қолын бір-ақ сілтейді. Ақыры атызда қалатын сабан ғой, ауылдастар жинап алсын демейді, сатқанынан артылғанын өртеп жібереді.
– Жемнің бір қабын қуаңшылық жылдары 600-700 теңгеден аламыз. Былтыр дәл осы бағамен алдық. Жыл сайын биылғыдай жаңбыр жауа бермейді ғой. Дәл қазір жемнің 25 килограмдық қабы уақытша 300 теңгеге арзандап тұр. Көктемге қарай баға қайтадан қалпына келеді, 500-600 теңгеге барады. Бірақ оның ішіндегі кебектің салмағы ешқашан 25 килограмға жеткен емес, ең көп болғанда 22-23 килограмм шығады. Оның жемдік күші жоқ, әйтеуір шөпке сеп болсын деп аламыз, – дейді тағы бір алтындалалық Сайран Темірғалиев ақсақал. Кебектің бұрынғыдай жемдік маңызы жоқ екенін ауылдағы мал ұстап отырғандардың барлығы да айтады. Себебі, Қостанай қаласындағы ұқсату кәсіпорындарының ешқайсысында қазір баяғы диірмендер жоқ. Германиядан, Түркиядан, Қытайдан әкелген жабдықтар сыртқа бір грамм ұн жібермейді, бидайдың судыратып қауызын ғана шығарады. Бұл ұн өндіретіндер үшін жақсы болғанымен, жемнің сапасын төмендетті.
Мал сатып, пайда көрген ешкім жоқ
Ал енді ауылдағы мал ұстап отырған ағайынның қысқы жағдайы қалай? Қысқа салым жұрт мал сатып, пайдасын көретін уақыт. Балалардың оқуына, киім-кешегіне қаражат қажет. Биыл жаз ортасынан қыркүйек айына дейін мол жаңбыр жауып, қолайлы жыл болды, малдың қоңы жоқ емес. Алайда, сол семіз малдың пайдасы болмай тұр. Еттің бағасы арзан. Сиыр етінің бір килограмын алып-сатарлар 650-ден жоғары көтермейді, ал базар сөресінде сол ет 1100-1200 теңгеден кем түспейді.
– Пышағын жалаңдатып, ет алатындар ауылға келеді. Малымызды көрсетсек алмайды, тек тайынша керек дейді. Ойбай-ау, тайыншаны қайдан тауып береміз? Сиырды алмайды. Мына көрші ауылда бір кісі жақында ақша керек болған соң, қысылғаннан сауып отырған сиырын 110 мың теңгеге беріпті. Жылап кеткен мал ғой. Жұрт ақшаға қызығып, жас малды етке өткізеді, қазір ауылда мал қартайып бара жатыр, – дейді Сайран ақсақал. Ауылдастар жиын болған сайын ауыл әкіміне осы мәселені айтады, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Қазір ауылда жем-шөбін тауып бере алмағандықтан екі қолын көтеріп, мал ұстамайтындар қатары көбейіп келе жатыр. Тек Алтындала ғана емес, аудандағы барлық елді мекеннің көрген күні осы.
Алтындала ауылы Жамбыл селолық округіне қарайды, мұнан басқа Жамбыл және Самир деген екі елді мекен бар. Осы үш ауыл үшін округте 15376 гектар жер бар. Сол жердің 12430 гектарына «Иволга-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бидай мен бақша салған. Біз әңгімелеп отырған Алтындала ауылына барлығы 3288 гектар жер тиесілі болса, соның 338 гектары ғана жайылым. Қалғанына шаруа қожалықтары егін егеді.
– Округтегі жеке секторда барлығы 787 ірі қара, 616 қой, 107 жылқы бар. Бірақ бұл нақ мәлімет емес, мал мұнан көп, – дейді Жамбыл селолық округінің әкімі Мейрам Құсқадамов.
– Әр бас малға неше гектар жайылым болуы керек?
– Әр бас малға 7 гектар жер бөлінуі тиіс қой, – дейді әкім. Округтегі әлгі 800-ге тарта малдың тең жартысы Алтындалаға тиесілі екен. Жайылым мен шабындықты қосқанда 338 гектар жер әр бас малға бір гектардан да келмейді.
Көптен айтылып жүрген жайылым мен шабындық мәселесі Президенттің құлағына да жетсе керек. Нұрсұлтан Әбішұлы Қостанайға тамыз айында келген сапарында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне және облыс басшылығына осы жайды ескерткен еді: «Ауыл адамдары қолдағы малы үшін неге шабындық пен жайылымнан жұтап отыр? Ауылдар маңындағы жерлер ешкімнің де меншігі емес, ол халықтың жері. Өзіне қайтарыңдар» деген болатын. Осыдан кейін сең жүріп, облыстық жер қатынастары жөніндегі басқарма басшысы Мереке Дихаев облыс басшылығының тапсырмасымен елді мекендер маңындағы ауыл шаруашылығы өндірісіне пайдаланып отырған жерлерді қайтару жөнінде іске кірісіпті.
– Бүкіл аудандарды аралап, кәсіпкерлер мен аудан әкімдерін жинап, бірнеше түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Барлық аудандарда жерді ептеп ғана қайтарып жатыр. Қарабалық, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарында бұл орайда жақсы жұмыс жүрді деп айта аламын. Қайтарылған жердің барлығы мемлекет меншігіне өтеді, – дейді Мереке Қасымұлы. Осы кезге дейін облыстың 16 ауданындағы барлығы 53308 гектар жердің тең жартысына жетер-жетпесі, яғни 23 953 гектары қайтарылған. Соның ішінде Қостанай ауданы елді мекендері айналасындағы егін егілген 629 гектар жердің бір гектары да кері қайтарылмаған, сең қозғалмай, құлаққа ілінбей сол күйінше тұр.
– Ол жерлерді кәсіпкерлер 49 жылға жалға алған. Оны қайтармауға олардың толық құқы бар. Мен оларға не істей аламын? – дейді Жамбыл селолық округінің әкімі Мейрам Құсқадамов. Сонда Президенттің сөзі де олардың құлағына жетпеген бе?
Ауыл әкімі осы жылы Алтындаланың айналасында 2387 гектар жері бар шаруа қожалығының жетекшісі Сағындық Есментаевпен меморандумға отырып, 100 гектар жерді ауылдастарға жайылымға алатын болыпты. Итке сүйек лақтырғандай болса да, ауыл әкімі осыған мәз. Кейде бұл мәселе қағазбастылықтың көлеңкесінде қалатын тәрізді. Алтындала ауылына тиесілі жайылымдық жерлер бірыңғай емес, бидай мен картоп және бақша егілген алқаптардың арасында жатыр. Оған барып жайылу үшін сиыр мен қойға ерекше ақыл кірмесе, мүмкін емес. Есі кеткен адам болмаса, жайылымға жету үшін егіннің арасымен мал айдаудың қиындығын кім білмейді?
Қазір мал қора да қолға қарады. Көктемді ойласа кәрі сиырдың мүйізі, ауылдағылардың сай сүйегі сырқырайды. Өйткені, өткен жылы қысымен сабан мен судыраған кебек жеп шыққан ауылдың малы көктемге көтерем болып зорға ілінген. Таңертең алдына бір қысым сабан салып жатып, Сайран ақсақал сиырына қарады. Шаруаның кісісі емес пе, етке өткізе алмаған малдың қолға қарағалы қоңы да түсіп қалғанын байқады. Қызыл сиыр жылда қорада қалып қартаятын болды, өзі буаз секілді. Ақырға өзеурей ұмтылған сиырға «сүйкімсіз» деді ішінен. Басқа сөз де, амал да таппады, білем!
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Қостанай ауданы,
Алтындала ауылы.