Қоғам • 12 Ақпан, 2021

Таза ауыз су ішкеннің денсаулығы мықты

742 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі Қазақстанның тәуелсіздік алған 30 жылының бойында күн тәртібінен еш түскен емес. Халықтың денсаулығын сақтауда ауадан кейінгі қажеттілік – ішетін судың таза болуы екені әлімсақтан белгілі. Обалы нешік, Үкімет бұл іске ақшаны аямай-ақ бөліп келеді. Бірақ бірізді және бір жүйеге қатаң түсірілген бақылаудың жоқтығынан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге ақсап тұр. Жасыратыны жоқ, кейбір шенеуніктер бұл істің толық аяқталмауын да қалайтын сияқты. Өйткені қаржы бөлінген жерден ебін тауып ақша ұрлауға болады. Ондайлардың ұсталып, сотталып жатқандары да белгілі. Бірақ ұсталмай жүргендері де аз емес екенін сеземіз.

Таза ауыз су ішкеннің денсаулығы мықты

Кеңес өкіметі жылдарында Сол­түс­тік Қазақстан облысының хал­қы ауыз суды Есіл өзені сияқты ашық су көзінен ішіп келді. Бұл үшін топ­тық су құбырлары тартылған. Солтүстіктің барлық ауылдарына осы құбырлармен су жеткізіліп, тазартылып ұсынылатын. Оны жеткізген негізінен «Союзцелинвод» атты одақтық трест болды. Қызылжар қаласында ашылған осы тресті Қаттай Кеншінбаев деген ағамыз 25 жыл бойы басқарып, жалғыз Қазақстан емес, Одақтың барлық бұрышына су тартқан. 16 мың шақырым құбыр тартқаны үшін бұл трестің аты Гиннестің рекордтар кітабына да кірген болатын. Әрбір ауылдың басында сорайып тұратын су тарататын мұнаралардың жұрнағы әлі де қалқайып тұрады. Біздің мемлекет дағдарыс жылдарында оның жұмысын жүргізуге дотация бөле алмай, көбі істен шықты, ал құбырларын қуаяқтар қазып алып, сыртқа сатты.

Тәуелсіздік жылдарынан халыққа таза ауыз су жеткізу үшін қабылданған алғашқы үлкен бағдарлама 2002 жылы қолға алынып, 2010 жылға дейін белгіленді. Ал 2011 жылдан 2020 жылға дейінгі екінші бағдарлама «Ақбұлақ» деген атпен қабылданғаны белгілі. Екеуі де халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етудің кешенді мәселелерін шешуге бағытталды. Бұл бағдарламалардың кеңестік кезеңдегі ауыз сумен қамтамасыз етуден түбе­гей­лі айырмашылығы бар. Мұнда топтық су құбырларын жаңалау немесе жаңадан салумен қатар, жерасты су көздерін пайдалану мақсаты алға қойылды. Шын мәнінде қазақ даласы ежелден жерасты суларын құдық қазу арқылы ғасырлар бойы пайдаланып келді ғой. Тіпті құдық сулары ашық су көздерінен таза деп бағаланатын. Алайда қазіргі жерасты сулары таза емес екендігі анықталған. Әсіресе еліміздің солтүстік өңірлерінің суы тұзды әрі кермек келеді.

Халықты таза ауыз сумен қамта­масыз ету нарығында 2005 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Nursu Plus ЖШС мамандары солтүстіктің жер­асты суларының норма бойынша бір литрдегі тұздылығы 1 грамның орнына 9-12; кермектілігі 0,7 мг-экв орнына 4-8; темірдің мөлшері 0,3 мг орнына 3,5-5,2 мг болғанын кез­дес­тірген.

Құрамындағы карбонатты кер­мектік (кальций және магний тұзда­ры) бүйрек, несеп жолдарына тас байлайды. Көп мөлшердегі темір өңештің, асқазанның, шектердің фун­к­цияларына зақым келтіріп, ақы­рын­да ағзаны улануға соқтырады. Әсіресе судың құрамындағы альфа ради­оа­ктивінің адам ағзасына зияны орасан зор. Бертінге дейін судың радиологиялық сараптамасы жүйелі түрде анықталмай келеді. Бұл заттар қатерлі ісіктің тууының бірден бір себебі. Қазір Солтүстік Қазақстандағы осындай дертке ұшырағандар саны 100 мың адамға шаққанда Семей өңірінен кейінгі екінші орында. Сонымен қатар судың құрамындағы нормадан жоғары минералды заттар жүрек-қан тамырлары, бүйрек пен өт жолдарының бұзылуына да әкелуі мүмкін. Сондықтан жерас­ты суларын тұтынушыға берерде арнайы су тазалағыш стансалар (суды тұщыландыру стансалары) арқылы өңдеуден өткізуді қажет етеді. Кеңес Одағы жылдарында суды тұщыландыру технологиясы дамымаған әрі мұның шығыны ашық көздерден құбырмен су тартудан қымбат деп саналып, тек соңғысы ғана қолданылған.

Nursu Plus ЖШС – жерасты суларын тазалау бойынша республикадағы озық кәсіпорындардың бірі. Аталған бағдарламалардың шеңберінде ол республика бойынша 108 шетелдік аса қымбат су тазалағыш стансалар орнатқан, соның 80-і Солтүстік Қазақстан облысының аумағында. Алайда мемлекеттің қаражатына тұрғызылған бұл су тазалағыш стансалар өзінің қуаты мен мүмкіндігін толық қолдана алмай отыр. Өйткені аталған бағдарламаларда ауылды ауыз сумен қамтудың ұтымды тетіктері қарастырылмаған. Соның кесірінен қымбат бағаға тұрғызылған стансалар толық тиімділікпен пайдаланылмайды. Атап айтқанда, сағатына 10 текше метр таза су шығару үшін станса тәулігіне 24 тонна су өңдеуі шарт. Ал оның тұтынушыға сатылатын бір литрінің бағасы АИ-92 бензинінің бағасынан кем болмауы керек. Әрине, мұндай суды ауыл тұрғындары сатып ала алмайды. Сондықтан су пайдалану шығындарына мемлекет арнайы дотация беруі керек. Бұл халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысына бизнестің де мүдделілігін оятып, инвесторларды да тартар еді. Ең бастысы, бастаған істі аяқсыз қалдырмай, тиімділігін арттырар еді.

Суды жеткізу бар да, су тазалайтын құрылғыларды талапқа сай дұрыс жұмыс істете алу, барлық тетіктерін қадағалап отыру сияқты міндеттер де бар. Бірақ соңғысына бізде жеткілікті дәрежеде көңіл бө­­лін­бейді. Соның кесірінен талай миллиондарға сатып алынып, орнатылған құрылғылар оңай істен шығады. Мәселен, Шал ақын ауда­нын­дағы Жаңасу, Кривощеково, Жалтыр, Балуан және Семиполка ауыл­да­рындағы құрылғылар орна­тыл­­­ғаннан бері ешқашан білікті тұр­ғы­дағы техникалық қызмет көрген емес. Бұл қондырғылар өте қымбат және пайдаланған кезде кешенді түрде күтуді қажет етеді. Тіпті істейді деген­дері де толық таза­лан­баған суды пайдалануда.

Nursu Plus кәсіпорнының мамандары оларды толық қалпына келтіру үшін 15 млн теңге қаражат қажет екендігін анықтаған. Ал аудан­ның қымбат құрылғылардың сырын білмейтін мамандары бар-жоғы 2,5 млн теңге ғана керек деп маңызды нәрсеге мән бермей, әсіребелсенділікпен үнемдеуге тырысқан. «Таза ауыз су» бағдарламасын толық орындадық деп әкімдегілер жоғарыға қағазбен әлдеқашан ақпар бергенімен, көптеген ауылда осылай құрылғылар істен шығып тұр. Бұл тұрғындар тарапынан ашу-ыза тудыруда.

Аудан әкімдіктері тапсырыс беруші ретінде су тазалау құрыл­ғы­ларының орнатылу мерзімі мен сапасын бақылауы керек қой. Бірақ кейбір әкімдіктерге мұндай керек емес сияқты. Мәселен, Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылы мен Сырымбет кенішіне, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Сарыбұлақ ауылына Nursu Plus 2017-2018 жылдары су тазалағыш станса орнатқан. Бірақ олар әлі күнге тапсырыс берушінің өз міндетін толық орындамағанының кесірінен іске қосылмай, қаңырап тұр. Стансаны тұрғызуға бөлінген үлкен көлемдегі бюджет қаражаты желге ұшуы мүмкін екенін әкімдіктегілер ойламайды.

ДДҰ-ның мәліметіне қарағанда ғалам­шардағы барлық ауру­дың 80 пайызы таза ауыз су тұтын­ба­ған­дық­тан болады екен. Жерасты суларында болатын альфа, бетта және гамма радиациялық заттарының қасіреті айрықша зиянды. Солтүстік Қазақстан жерасты суларында ондайлар уран, радий және торий атомдарының ыдырауынан пайда болған. Альфа бөлшектің өзі судың дәміне, түсіне әсер етпейді, бірақ адам ағзасына түскенде ішкі органдардың бүлінуіне соғып, қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары ауруының пайда болуына соқтырады. Мәселен, маңынан алтын өндіріліп жатқан Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында өндіріс басталғаннан кейін екі жылда әртүрлі жастағы 27 адам қайтыс бол­ды. Тұрғындардың сұрауымен жүргізілген екі құдықтың суына жа­сал­­ған сараптың барысында альфа ра­диоак­тивті сәулелерінің нормадан 3-5 есе артық екендігі анықталған. Бұған себеп алтын өндірісі болуы ықтимал. Алтын бар жерде уран бар. Жергілікті орындар осыған мән бермей отыр.

Қорыта келгенде, Солтүстік Қа­зақ­­стандағы жаман індеттен басқа сыр­қаттардың көбі таза ауыз суын пай­даланбағандықтан деп айтуға болады. «Таза ауыз су» бағдар­ла­масы бойынша іске қосылған көп­теген құрылғы қазір істен шы­ғып, қаңқалары ғана тұр. Міне, осы­ның бәріне қоғамдық мониторинг жасалуы керек деп ойлаймыз. Мониторингке халық өкілдері, БАҚ кеңінен тартылғаны жөн. Әйтпесе, әкімдіктегілер «бәрі дұрыс» деп есеп бере салады. Өкінішке қарай олардың көбіне деген сенім қазір жоғалды.

Істен шыққан құрылғыларды қай­тадан қалпына келтіру жағын қарас­ты­ру керек. Сонымен бірге таза сумен қамтамасыз ету нысандарының құ­рылыстарын тұрғызуда жоба­лық-сметалық құжаттың талабын мүл­тік­сіз орындауды қатаң бақы­лау­ға алу ке­рек. Әйтпесе, түрлі себеп­термен одан ауытқуларға жол бере­тін тапсы­рыс берушілер де бар. Ал ондайға жол беруге болмайды.

 

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»,

Шағырап ҚҰСАЙЫНОВ,

сумен қамсыздандыру маманы

 

Солтүстік Қазақстан облысы