25 Желтоқсан, 2013

«Даму» қоры қолдауға дайын

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникация­лар қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова брифинг өткізді. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты баяндама жасады.

Орталық коммуникация­лар қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова брифинг өткізді. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты баяндама жасады.

Төрайымның айтуына қарағанда, аталған бағдарлама отандық биз­нестің өсіп-өнуіне келтіріп отырған кед­ергілерді жойып, оларға кезіккен түйт­кілді мәселелерді шешуде қа­зақ­стандық кәсіпкерлерге қол ұшын созу мақсатында іске қосылған. Не­гі­зінен, өз ісін жаңадан бастаған кә­сіп­керлерге алғашқы капиталдың бол­мауы, банк несиелері мөлшерлемелерінің жоғарылығы, кепілзатқа қойылатын талаптардың жоғарылығы, сондай-ақ, жұмысшылар санының шектеулілігі мен кәсіпкердің бизнесті жүргізудегі білімінің жеткіліксіздігі қолбайлау болып келген.

Үш жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске қосылған. Соның аясында кәсіпкерлерге гранттар беру, сыйақының бір бөлігін субсидиялау, несиелерді кепілдендіру мен талапкерлерді бизнеске оқыту, бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсету шаралары жолға қойылған.

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2010 жылы енді ғана күшіне еніп, еңсе көтере бастаса, 2011 жылы кәсіпкерлердің назарын аударған және олар үшін ең тартымды тетік субсидиялау шарасы болды. Ал 2012 жылы бағдарлама кепілдендіру ісімен толықты. Ағымдағы жылы барлық өңірлерде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылды. «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін ол орталықтар кәсіпкерлерге бизнеске қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың барлық түрі бойынша тегін кеңес береді. Бұйыртса, алдағы жылы кәсіпкерлікті қолдау қызметтері еліміздің барлық аудан орталықтарында көрсетіле бастайды, – деді Л.Ибрагимова.

Қор жетекшісі кәсіпкерлерді мем­лекеттік қолдаудың түрлі құралдарын пайдалану деңгейі арта түскенін айтты. Егер үш жыл бұрын 135 жоба бойынша кәсіпкерлермен субсидия туралы шарт жасалса, биыл 1271 жоба субсидияланып, арадағы 2 жылда 9 есеге өсіпті. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 1500-ге жеткізіледі екен. Сондай-ақ, кепілдендіру шарасы бойынша да қолдау көрсетіліп, келер жылы оның санын 500-ге жеткізу көзделіпті.

Брифингте «Даму-Көмек» әлеуметтік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы да айтылды. Ол «Көмек www.damu-komek.kz» сайты арқылы көрсетіледі. Яғни, осы сайт арқылы ірі бизнес-құрылымдар саналатын әлеуетті демеушілер мүгедек-кәсіпкерлерге көмек қолын созады. Ал мемлекет екеуінің арасындағы «алтын көпір» болып табылады. Осы жылдың желтоқсан айының басында сайтқа мүгедек кәсіпкерлерден 1254 тапсырыс түсіп, олардың 863-і қолдауға ие болды. Атап айтқанда, көмектің осындай түрін алып кәсібін кеңейте білгендердің қатарында Қызылорда, Алматы облыстарының тұрғындары жиі кездеседі», деді қор төрайымы.

Ағымдағы жылы атқарылған тағы бір маңызды жұмыс, кәсіпкерлерге арналған «Бизнес аумағы» атты бірыңғай мемлекеттік бизнес-порталдың жасалуы болыпты. Оның көмегімен кәсіпкерлер өз ісін ашумен және оны жүргізуге байланысты пайдалы ақпараттар алады. Тек «Даму» қоры ғана емес, осындай қызметпен айналысатын барлық қаржы институттары және басқа ұйымдар тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы ақпараттар алуға болады.

Жалпы алғанда, шағын және орта кәсіпкерлік секторында соңғы 4 жылда ауқымды жұмыстар атқарылған. Оның нәтижесін бағдарламаға қаты­сушылардың жемісті жұмысынан көруге болады. Мәселен, осы кезге дейін бағ­дар­лама қатысушылары 720 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, жылына 42 млрд. теңге көлемінде мемлекет қазынасына салық төлеп отыр екен.

«Қазіргі уақытта бағдарлама то­лық­қанды қалыптасты әрі өзінің тиім­ді­лігін дәлелдеді деуімізге болады. Ал алдағы жұмыстарымызды бұдан да қар­қынды әрі жемісті жүргізуіміз үшін бізге сіздердің яғни, журналистердің де көмегі аса қажет», – деп түйіндеді сөзін Л.Ибрагимова.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар