Қоғам • 12 Ақпан, 2021

М.Мақатевтың туғанына 90 жыл: Миллион кімге бұйырды?

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Алматы қалалық Мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Есіңе мені алғайсың»  атты республикалық онлайн байқауда Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Еркежан Төлеубек жеңімпаз деп танылып, бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені еншіледі.

М.Мақатевтың туғанына 90 жыл: Миллион кімге бұйырды?

Байқауда бақ сынаған қатысушылар ақынның бір өлеңін нақышына келтіре оқып әрі өлең мазмұнына сай бейнеролик түсіріп желіге жүктеді. Бір аптаға созылған жыр додасына екі мыңнан астам желі қолданушысы қатысқан. Олардың арасында елге танымал ақындар мен әртістер, сондай-ақ мектеп оқушылары да болды.  Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, Ринат Зайытов сынды қаламгерлер қазылық еткен сайыста Мұқағалидың «Сәби ана» өлеңін тебірене оқып, әсерлі бейнероликке ұластырған Еркежан Төлеубек бірауыздан жеңімпаз деп танылды.

«Мұқағали жыры тұнып тұрған музыка. Оны жүрекпен сезіп, жаныңмен қабылдау қажет. Жеңіске адал еңбекпен жеттім деп ойлаймын. Үш минуттық жобаны жасауға үш күнімізді жұмсадық. Өлеңді өзім оқығаныммен,  бейнебаянда  кәсіби шеберлердің, үлкен ұжымның еңбегі жатыр.  Бас жүлде алуыма осы шығармашылық топтың  еңбегі сіңді», дейді  Еркежан Төлеубек.

Қазылар алқасының ұйғарымымен бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленген жүлдегерлер де "ULY DALA" компаниясы ұсынған бағалы сыйлықтарға ие болды.

– Қанына өлең сіңген адамның рухы биік, жаны да таза. Үміткерлердің өнерін саралай келе, ақын өлеңін жай ғана оқып қана қоймай оның мазмұнымен қабысатын бейнеролик түсірген нағыз жүйрікті анықтадық. Мұқағали жыры ұрпақ бойына тазалықтың, адамгершіліктің асыл нәрін егетін құнды мұра. Биылғы мерейтой аясында мұндай рухани мәні терең шаралар көптеп ұйымдастырылса нұр үстіне нұр, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақыт Беделхан.