Қоғам • 12 Ақпан, 2021

Қатаң сөгіс алды: Елорда әкімінің орынбасары қызметінен кетпейтін болды

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі өзінің орынбасары Б.Мәкенді қол астындағы қызметкерінің жемқорлық әрекеті үшін жазалады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қатаң сөгіс алды: Елорда әкімінің орынбасары қызметінен кетпейтін болды

"ҚР мемлекеттік қызметі туралы" Заңға сәйкес Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына қатысты үкім шыққаннан кейін осы басқармаға жетекшілік ететін әкім орынбасары отставкаға өтініш берген. Б. Мәкен жетекшілік ететіндердің қатарында білім беру, дін, жастар саясаты, халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс секілді әлеуметтік маңызды салалар бар екенін атап өткен жөн.

Әкім орынбасары тағайындалғаннан бері үлкен жұмыс атқарылды және жетекшілік ететін салалардағы негізгі индикаторлар жақсартылды: үш ауысымды мектептер саны екі есеге – 8-ден 4-ке дейін, оқушы саны көп мектеп саны 22-ден 14-ке дейін қысқартылды. Пандемия кезінде қысқа мерзімде жедел штаб құрылып, 43 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек алды. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды қолдау үшін тиісті әлеуметтік орталықтар ашылды, онда олар "бір терезе" қағидаты бойынша көмек ала алады, сондай-ақ қосымша білім алып, кейіннен жұмысқа орналасуына мүмкіндік қарастырылды.

Бұдан басқа, ПТР-зертханалардың саны 1-ден 23-ке дейін ұлғайтылды, ал тест нәтижесінің уақыты 4-5 күннен 4 сағатқа дейін қысқартылды. Сондай-ақ, жұмыс орындарын құру және еріктілерді қолдау секілді өзге де үлкен іс жүргізілді.

Әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстардың жоғары тиімділігі мен нәтижелілігін, сондай-ақ қылмыстық іске еш қатысы жоқ екені ескеріле отырып, Б.Мәкеннің қызметінен кету туралы өтініші қабылданған жоқ. Алайда оған қатаң сөгіс жарияланды.