Қаржы • 12 Ақпан, 2021

«AsiaCredit Bank» АҚ-ның лицензиясынан айырылуы банк секторына қалай әсер етеді?

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

12 ақпан күні қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «AsiaCredit Bank» АҚ-ны лицензиясынан айыру туралы шешімін жария етті. Банк пруденциялық нормативтерді және лимиттерді жүйелі түрде бұзған. Агенттіктің бірнеше мәрте ескертуі және талап етуіне қарамастан банк клиенттер алдындағы міндеттемесін орындамаған.

«AsiaCredit Bank» АҚ-ның лицензиясынан айырылуы банк секторына қалай әсер етеді?

Лицензиядан айырған күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 45,4 млрд теңге, қарыз портфелі 45,0 млрд теңге болса, 90 күннен астам уақыт бойы төленбеген несие көлемі 31,6 млрд теңгеге жеткен. Яғни, бұл несие портфелінің 70 пайызы. 

Телеграмдағы Risk Takers каналы банк қызметінің тоқтауына себеп болған басты себепті атайды.   

– «АзияКредитБанктің» банкроттыққа бара жатқаны 2018 жылдың қазанында-ақ түсінікті болған. 2019 жылдың тамыз айында бұл банк «қоқыс» активтерді жинап, қаржылық қадағалаушының ескертуін алды. Тәуекел-менеджментінің әлсіз жүйесі және банк моделі 2014-2018 жылдар аралығында қарыз портфелінің агрессивті өсіміне әкеліп, бірнеше жылдан соң оның (банктің) толықтай жойылуына әсер етті, – дейді канал авторы Тимур Әбілқасымов. 

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің не істеп, не қойып жатқанын қадағалап, бақылап отыруы керек еді. Алайда ол өз міндетін орындай алмады. Нәтижесінде банк қайтарылмаған несиелер берумен айналысып, бұл оның жабылуына әкеліп соқты деді. Автордың сөзінше, осыған дейін «АзияКредитБанкті» мемлекеттік ұйымдардың қаржысы, оның ішінде БЖЗҚ-ның да қаржысы болғаны үшін лицензиясынан айыра алмай келген. 

– Банк акционерінде және қадағалаушыда квазимемлекеттік компаниялар алдындағы қарызын өтеу бойынша келісім бар болуы мүмкін. Ал депозиттерді кепілдендіру қоры азаматтар алдындағы міндеттемелерді жабуға мәжбүр болады. Біздің ақпаратымыз бойынша, «АзияКредитБанк» біртіндеп келісімді орындап, бірқатар мемлекеттік ұйымдарға қаржысын қайтарады. Акционерлердің бұл ниетін растайтын бірден бір жағдай – БЖЗҚ алдындағы міндеттерді ішінара өтеуі. Біздің болжамымыз расталды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің ақпаратынша, банк БЖЗҚ алдындағы қарызды өтеген. Ал ұзақ уақыт бойы өз ақшасын ала алмай келген жеке тұлғалар қаржысын депозиттерді кепілдендіру қорынан алады. Енді тек тағдыры шешілмеген Capital Bank қалды. Алайда ондағы жағдай әлдеқайда оңай. Ол жерде жеке тұлғалардың қаржысы жоқ. Тек акционер қайтарып беруі тиіс квазимемлекеттік компаниялар қаржысы қалған. Солардың алдындағы қарызын қайтарған соң, Capital Bank те лицензиясынан айырылады, – деп жазады канал авторы. 

Сарапшылардың айтуынша, банктің жойылуы банк секторы тұрақтылығына кері әсерін тигізбейді. «АзияКредитБанктің» үлесі де көп емес – 91,6 млрд доллар немесе 0,29 пайыз екен.

«Лицензиядан айырылуы қаржы секторына әсер етпейді деп айтуға келмес. Алайда дефолттың болуы бірнеше жыл бұрын байқалғандықтан, рейтинг агенттіктері мұны өз есебіне кіргізіп үлгерді» дейді эксперт.   

S&P Global Ratings бағалауы бойынша банктердің жиі дефолтқа ұшырауы және олардың лицензиясынан айырылуы қазақстандық банк секторын 10 тәуекел деңгейінің (ең жоғары тәуекел деңгейі) 9-санатына ауыстырды. Әлдеқайда төмен тәуекел категориясына оралу үшін бізге 5 жыл бойы банк дефолтына жол бермей және олардың капитализациясын арттыру қажет екен. 

Tengenomika каналы да бұл банктің лицензиядан айырылуын таңданарлық жағдай емес деп бағалайды. 

– 2020 жылы банк 71 ереже бұзушылық жасаған. Бұл 2018 және 2019 жылдармен салыстырғанда 1,5 есе көп. 2018 жылы Standard & Poor's рейтинг агенттігі банктің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді несие рейтингін «B- / B»-дан «CCC+ / C»-ға түсіріп тастаған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша банк 5,2 млрд теңге шығынға батты және теріс қаржы ағыны 9 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың екінші жартысында БАҚ-та банк клиенттері депозиттен өз қаржыларын шеше алмай жатқаны туралы ақпарат тарады, – деп жазады канал. 

Банк депозитінде қаржысы бар жеке тұлғалар өз ақшасын Қазақстанның депозитке кепілдік беру қорынан ала алады. Қор осыған дейін таратылған «Астана Банк», «Qazaq Banki», «Валют-Транзит Банк» салымшыларының депозиттегі қаржысын төлеп берді. Күні бүгінге дейін орындалған міндеттемелер көлемі 77 млрд теңгеге жеткен. 

«Қор өтем төлеуді бастау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды. Төлемдерді жүзеге асыру шарасы ресми хабарлама Қор сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде басталады» делінген хабарламада.

Қазір банкте 23 174 жеке тұлғаның депозиті бар. Онда 19 млрд теңге жиналған. 2019 жылдың шілде айынан бері банк бизнесмен Орифджон Шодиевтің иелігінде болған. Оған Capital Bank-те тиесілі. Екі қаржы институты бірнеше рет бірігетінін жариялады, бірақ бастама сол күйі жүзеге асқан жоқ.