Оның айтуынша, өткен жылы 56 нысанда жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша пайдалы қазбаларды анықтауға арналған перспективалы учаскелер анықталды. Аяқталған жұмыстардың нәтижелері бойынша болжамды ресурстардың өсуі бойынша жоспарлы көрсеткіштерге толық көлемде қол жеткізілді: алтын – 12,6 тонна, күміс – 96 тонна, мыс – 65 мың тонна, қорғасын – 968 мың тонна, мырыш – 1,1 млн. тонна.
Сонымен қатар, вице-министр 2020 жылы пайдалы қазбалар қорының өскенін хабарлады. Осылайша, 111,5 тонна алтын, 55,4 мың тонна уран, 13,8 млн.тонна темір кені және 31,7 млн. тонна мұнай өндірілді.
«Өткен жылы «Қазгеология» АҚ инвесторлармен бірлесіп жер қойнауын геологиялық зерттеу қорытындылары бойынша алтын өндіру бойынша «Шекара», түсті және асыл металдар - «Арго» перспективалы учаскелерін анықтады. Компанияда барлығы 47 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда», - деді Серікқали Брекешев.
Вице-министр жылдың маңызды қорытындыларының бірі ретінде 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеуді атады, ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлттық жоба болып қайта құрылатын болады.
«Ұлттық жоба минералдық-шикізат базасының бәсекеге қабілеттілігін тұрақты толықтыру, дамыту және қолдауға жағдай жасау үшін ел аумағының геологиялық зерттелуін арттыруға бағытталған. Ол мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады», - деді экология министрінің орынбасары.
Жыл қорытындыларының ішінде «Еуразия» жобасы бойынша жұмыстың қайта басталғанын айтуға болады.
«Жобаның негізгі мақсаты – тереңдігі орталық бөлігінде 18-20 км жететін Каспий маңы ойпатының тереңдік құрылысын зерттеу. 15 км дейінгі аса терең ұңғыманы бұрғылау геологиялық қиманы зерттеуге және көмірсутектерді іздестіруге қатысты бассейн әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады вице-министр.
Серікқали Брекешевтің ақпараты бойынша 2020 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Қазақстан Республикасының минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілді.
«Жүйенің жұмыс істеуі инвесторларға геологиялық ақпараттың электронды базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.
2021 жылға сала алдына жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу, 70 объектіде ресурстарды іздеу және бағалау, «ҚР минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін іске қосу және 2025 жылға дейін орталық және батыс өңірлерде 2 Керн сақтау қоймасын салу бойынша міндеттер қойылды.