Қазақстан • 13 Ақпан, 2021

Тергеу ісі басталды: Qazaq Air ұшағының шассиі қайта-қайта жарылған

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әуежайында Qazaq Air ұшағының шассиі жарылып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz

Тергеу ісі басталды: Qazaq Air ұшағының шассиі қайта-қайта жарылған

Алдын ала мәліметтер бойынша IQ-353 борты 6:30-да Нұр-Сұлтаннан ұшып, Алматыға тек 8:12-де қонған.

Осы орайда ұшақ бортында болған жолаушылардың бірі мән-жайды айтып берді.

«Біз отырдық. Ұшақ Алматыға келіп, жолақпен қозғалып бара жатқанда жылдамдықты әдеттегідей төмендете бастады. Бірақ бір сәтте ол қайта жылдамдық алды, содан кейін қатты жарылыс болды. Оң жағындағы дөңгелек жарылды. Ұшақ темірмен жүрді. Біз қазір тірегіш сынып, бәріміз осында өлеміз деп ойладық», дейді жолаушы.

Оның айтуынша, балалар мен әйелдер жылай бастаған. Ұшақ тоқтағаннан кейін олар ұшақта 30 минут отырған. Бірақ іле-шала артынан түтін шыққан.

Сондай-ақ ол оқиға орнына дереу өрт сөндіру көлігі келгенін және барлық жолаушыны автобусқа отырғызып алып кеткенін айтты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Дәл осыған ұқсас жағдай Qazaq Air компаниясының ұшағымен де болған.  Ұшақ 12 ақпанда Нұр-Сұлтаннан Шымкентке ұшуы тиіс еді. Алайда әуе кемесі ұша бастағанда шассиі жарылған.

«Qazaq Air компаниясының ұшағымен де солай болды. Ол ұша бастағанда дөңгелегі жарылған. Бұл туралы сол күні Шымкентке ұша алмай қалғандар айтты. Борт бұрылып, шұғыл қонған. Қалай қонғанын білмеймін. Жолаушылардың барлығы шошып жүрді. Оларға тамақ пен су да, тұратын үй де берілмеді. Айқай-шу болды, біреудің қысымы көтеріліп, жедел жәрдем келді. Түні бойы әуежайда отырған», дейді ер адам.

Бүгін, 13 ақпанда Qazaq Air ұшақтарының шассиі жарылғаны туралы екі оқиға хабарланған. Осыған байланысты ҚР ИИДМ Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру басқармасы тексеру жүргізетін болды.

Qazaq Air әуе компаниясының ұшақтарымен болған екі оқиға бойынша ақпарат расталды. Біріншісі 12 ақпанда, екіншісі 13 ақпанда болған.

«12 ақпанда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:20-да Qazaq Air әуекомпаниясының Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы QAZ427 рейс ұшағымен авиациялық оқиға болды. Алдыңғы шасси қақпағының жарылуына байланысты әуе кемесі 700 метр жүріп, әрі қарай ұшып кетпеді. Ұшақ тұраққа сүйреп апарылды. 13 ақпанда сағат 08:12-де Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы QAZ353 тұрақты рейсін орындаған Qazaq Air әуекомпаниясының басқа әуе кемесінің қонуынан кейін шассидің оң тіреуінің екі пневматикасының бұзылуы анықталды. Ұшақтағы барлық жолаушылар эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ», делінген ААК хабарламасында.