Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Баспасөз жиынында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова AI-Sana бағдарламасын AI-экономиканың жаһандық сын-қатерлеріне негізгі жауаптардың бірі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағдарлама жасанды интеллект технологияларын пайдаланып қана қоймай, ел экономикасына арналған қолданбалы шешімдерін жасай алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруды көздейді.
«AI-Sana бағдарламасы AI-кадрларын даярлаудың, студенттік технологиялық кәсіпкерлікті дамытудың толыққанды экожүйесі ретінде құрылған. Бірінші кезеңде базалық AI-құзыреттер бойынша жаппай оқыту, жетекші халықаралық білім платформаларына қолжетімділік аясында студенттер 673 мыңнан көп сертификат алды. 2026 жылғы 15 сәуірден бастап «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі басталды. ЖИ дамыту кеңесінің мүшесі Пол Ким әзірлеген бағдарлама шеңберінде 100 мың студент AI-кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз шешімдерін жасап жатыр. Екінші кезең шеңберінде 209 мың өтінім түсті. Оқуға іріктеу 100 мың студентті қарастырады, тәулігіне орта есеппен 1 500 жаңа қатысушы қосылып отыр. Бұдан әрі бағдарлама жоба командаларын қалыптастыруға, AI-жобаларды құрылымдауды және шешімдерді өнімдік форматқа жеткізуге бағытталмақ. Қорытынды кезеңде жобаларды «Astana Hub», «QazInnovations» ұйымдарымен бірлесіп инкубациялау, акселерациялау, сондай-ақ шешімдерді одан әрі ауқымдау міндеттері күтіп тұр», деді вице-министр.
Спикердің сөзіне сүйенсек, бағдарламаның 2-кезеңі жасанды интеллектіні базалық деңгейде меңгеруден технологияларды тәжірибеде қолдануға, жеке жобаларды әзірлеуге өтудегі негізгі кезең саналады. Іске асыруға Стэнфорд университеті мен Массачусетс технологиялық институтының, Кремний алқабының венчурлық қорлары мен халықаралық бизнес-мектептердің өкілдерін қоса алғанда жетекші халықаралық сарапшылар тартылған. 2-кезең материалдарын дайындауға Пол Ким басшылығымен «Zemex Inc.» (АҚШ) компаниясы қатысады. Бұған қоса бағдарламаға «Stanford University», «Carnegie Mellon University», «UC Berkeley», «Johns Hopkins SAIS», «Georgetown University», «Boston University», басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері атсалысады. Бағдарлама шеңберінде 116 сағаттан аса білім бейнеконтенті әзірленді, халықаралық мамандарды, «Stanford» пен «CMU» профессорларын қоса алғанда 63 сарапшы, сондай-ақ 29 инвестор мен венчурлық қор тартылды. Бұдан басқа оқыту қолданбалы салалық кейстерге негізделген – бүгінде бағдарламаға экономиканың 8 негізгі бағыты бойынша 46 кейс интеграцияланған.
«Бағдарлама қорытындысында қатысушылар машиналық оқыту модельдерін әзірлеп оқыта алумен қатар, «Python» тілінде жұмыс істеуді, «Google Colab» және «Jupyter» платформаларын пайдалануды, үлкен тілдік модельдер мен API-ларды қолдануды меңгереді. Сондай-ақ олар MVP-прототиптер жасап, стартап-идеяларды валидациялауды, инвестициялық және салалық трендтерді талдауды, технологиялық стартап тұжырымдамасын қалыптастыруды үйренеді. Бағдарлама студенттердің жұмысын еліміздің экономикалық болашағы үшін маңызды салаларға бағыттайтындай құрылған: бұл жобалардың 75%-ы ауыл шаруашылығы (27%), білім (26%), тау-кен өнеркәсібі мен ақылды суды пайдалану технологиялары (12%), сондай-ақ денсаулық сақтау (10%) салаларында шоғырланды. AI-Sana бағдарламасының алғашқы нәтижелерінің бірі студенттердің экономиканың түрлі секторы үшін 300-ден астам ЖИ-агент және цифрлық шешім жасауы болды. Ең көп жоба – 188 шешім білім саласында іске асырылды. Бұдан басқа AI-әзірлемелер денсаулық сақтау, ғылыми зерттеулер, ауыл шаруашылығы, қаржы, логистика, ақпараттық қауіпсіздік, энергетика және басқа да бағыттарда жасалды», деді Д.Щеглова.
Бұдан әрі вице-министр жоғары оқу орындарында AI-шешімдерді қолданудың іске асырылып жатқан кейстеріне жеке-жеке тоқталды. Ол келтірген мысалдардың бірі – Ұлттық тестілеу орталығының «AI-Talapker» чат-боты. Бұл ҰБТ мен оқуға түсу мәселелері бойынша кеңес береді. Бүгінде жүйе 69 мыңнан асатын сұранысты өңдеді. Тағы бір мысал – онлайн-тестілеудің ашықтығы мен академиялық адалдығын бақылауды қамтамасыз ететін «Satbayev University»-дің AI-прокторинг жүйесі. Мұндай шешім шетелге экспортталып жатыр және 180 мыңнан астам пайдаланушыны қамтиды. Сондай-ақ «AlmaU»-да тапсырмаларды тексеруге, студенттер жұмысын бақылауға арналған «OquLabs» платформасы іске асырылуда, ол бірқатар мектепте енгізілген. Мұндай жобалар еліміздегі университеттердің AI-құзыреттерді меңгертуден қолданбалы цифрлық шешімдерін жасауға өте бастағанын көрсетеді.
«Бүгінде бірқатар университет жаңа деңгейге – әртүрлі AI-агенттер өзара әрекеттесіп, университеттің жекелеген үдерістерін автоматтандыратын мультиагентті AI-платформаларды қалыптастыру кезеңіне өтіп жатыр. Мысалы, Қарағанды индустриялық университетінде студенттерді, талапкерлерді, академиялық және әкімшілік үдерістерді сүйемелдеуге арналған AI-агенттерді қамтитын «Smart Bots» платформасы іске асырылып жатыр. Қостанай өңірлік университетінде AI-аналитика, контент генерациясы және жекелендірілген оқыту құралдары бар AI-Mektep платформасын дамытты. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті AI-боттарды, құжаттарды цифрландыруды және студенттерді тану сервистерін біріктіретін «Auezov AI First» платформасын енгізіп жатыр», деді вице-министр.
Оның айтуынша, университеттер жасайтын AI-шешімдер өнеркәсіпке және экономиканың нақты секторына енгізіле бастағанын атап өткен жөн. Мысалы, «Astana IT University» дрондар көмегімен күн панельдеріндегі ақауларды автоматты түрде анықтайтын «EnergyDronesAI» жүйесін жасады. Жоба «Shell» халықаралық грантын жеңіп алды әрі Қытайда марапатқа ие болды. Қазақстан – Британ техникалық университеті «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, мұнай-газ саласында деректерді талдайтын AI-ассистент – «KMG.AIAN» жобасын іске асырып жатыр. Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қозғалысты басқару мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Smart Safety Monitor» жүйесін жасады. Жоба Дүниежүзілік банктің грант қолдауына қол жеткізді.
«Денсаулық сақтау мен инклюзия саласында да AI-шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, »Astana Medical University« телемедицинаға арналған «ZhanCare.AI» платформасын жүзеге асырды. Қазір бұл бірқатар медициналық клиникамен бірлесіп қолданылып келеді. «Astana IT University» трансплантология саласында клиникалық шешімдерді қолдауға арналған «CortexAI» жүйесін жасап жатыр. Жоба Сауд Арабиясының халықаралық грантын алды. Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиа контентті автоматты сурдоаударуға арналған AI-шешім – «SignBridge» жүйесін енгізді, жоба «Jibek Joly» телеарнасында өндіріске енгізілді. Университеттердің AI-шешімдері туризм, қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларына да белсенді енгізіле бастайды. Атап айтқанда, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті туристік қызметтерді автоматтандыруға арналған «TrustTravel» платформасын іске асырды. Бүгінде жобаға 8 компания қосылған», деді министрдің орынбасары.
Д.Щеглованың айтуынша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «SeoulTech» филиалымен бірлесіп пайдаланушылар мен қаржылық жүйелерді фишинг пен цифрлық қауіптерден қорғауға арналған «PhishGuard AI» платформасын дамытты. Қазір прокуратура органдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа «Narxoz University Queen’s University»-мен бірлесіп шекарааралық еркін есеп айырысуларға арналған «ITEQ» платформасын іске асырып келеді. Жоба бойынша БЦК-мен сынақтан өткізуге келісім жасалды. Сондай-ақ университеттік AI-әзірлемелер бизнес-процестерді автоматтандыру мен цифрлық сервистер саласына белсенді енгізіліп келеді. Мысалы, Қазақстан – Британ техникалық университеті CRM, ERP, маркетинг және BI-жүйелерге ЖИ интеграциясымен компанияларды кешенді автоматтандыруға арналған «KOZ AI» платформасын іске асырып жатыр. Жобаның 30-дан астам клиенті бар, экспорттық әлеуетін көрсетіп отыр.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Astana Hub»-пен бірлесіп стартаптарды онлайн инкубациялауға арналған «AI Startify Incubator» платформасын дамытуда. Бұдан басқа, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті өтінімдерді өңдеу мен бөлуді автоматтандыратын бірыңғай өтініштер орталығының AI-платформасы – «Ushqyn AI» жүйесін енгізді. Жоба бойынша Қазақтелеком және телеком-операторлармен ынтымақтастық жүргізді. Сондықтан бүгінде жүзеге асырылып жатқан барлық бастама – білім бағдарламаларын жаңғырту мен AI-инфрақұрылымды дамытудан бастап, кадр даярлау мен AI-Sana бағдарламасын іске қосуға дейін – болашақтың экономикасын қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді ұлттық стратегияның бір бөлігі», деп түйіндеді ол.