Кино • 13 Ақпан, 2021

Қостанайда кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етілді

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов короновируске қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында  полиция департаменті бастығы, Әулиекөл мен Меңдіқара аудандарының әкімдері өңірдің эпидемиялық жағдайы туралы есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етілді

Жиын соңында жедел штаб 15-ақпаннан бастап облыста бірқатар жеңілдіктер енгізу туралы ұйғарымға келді.

Бұл туралы аймақ басшысы әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасында: «Бүгінгі отырыста мониторингтік топтардың жұмысын қарастырдық. Сондай-ақ,  келіп түскен ұсыныстарды қарап шығып, штаб 2021 жылғы 15 ақпаннан бастап келесі жеңілдіктерді енгізу туралы шешім қабылдады:

  1. Аптаның барлық күндерінде шаштараздар, сұлулық салондары, маникюр, педикюр, косметологтың жұмысына рұқсат ету;
  2. Жексенбіден басқа күндері СОО, супермаркеттер, гипермаркеттер, ауданы 2000 шаршы метрден асатын азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын дүкендерге сағат 10-нан 23-ке дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді;
  3. Қоғамдық тамақтану нысандары қызмет көрсету мүмкіндігінің 50%-ын пайдаланып аптаның барлық күндері сағат 7-ден 24-ке дейін жұмыс істей алады. Бірақ орындықтар саны 30-дан аспауы керек;
  4. Қалалық қоғамдық көліктер аптаның барлық күндері жұмыс істейді;
  5. Аптаның барлық күндері сағат 7-ден 22-ге дейін жабық спорттық-сауықтыру және фитнес орталықтарына қызмет көрсету мүмкіндігінің 30%-ын пайдалана отырып жұмыс істеуіне рұқсат етіледі;
  6. Мәдениет нысандарында 30 адамға дейінгі ұжымдардың дайындық жұмыстарын жүргізуіне рұқсат етіледі;
  7. Театрлардың, кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Бірақ бұл нысандар көремен қабылдау мүмкіндігінің 20%-ын ғана пайдалана алады. Яғни, бір қойылымға 100 адам қабылдай алатын театрларға 20 адам ғана кіре алады;
  8. Фудкордтар үшін тағамды беріп жіберуге немесе жеткізіп беруге ғана рұқсат етіледі», деп жазды.